Бақытгүл Зарқұмар: Деміме жазылған іңкәрлік өлеңі

Бақытгүл Зарқұмар: Деміме жазылған іңкәрлік өлеңі
Фото: vk.com

Бақытгүл Зарқұмар – 1974-жылы 15-қыркүйекте Моңғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен «Алтын жебе» жыр мүшәйрасының (1992 ж.), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж.) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері. 2012 жылы «Жалын» баспасынан «Жүректегі жүзік» атты кітабы жарық көрді. 

«Егерде мына дүниеге қандай да бір қайғы-қасірет келе қалса, ол ең әуелі ақын жүрегінен өтеді» деген екен немістің әйгілі ақыны Гете. Неміс ақынының сөзінен асырып ақындық жайлы, ақын жүрегі жайлы ешкім айта алмасы анық. Ендеше, «Жүректегі жүзік» жыр жинағының авторы, ақын Бақытгүл Зарқұмардың сезімге толы жырларын оқи отырыңыздар! 

*** 
Биіктікті өлшейтұғын тірлікпен,
Биіктерден жалықтым!
Өз-өзіне илікпейтін іріліктен
Мен жалқымын, анықпын...

Көзімдегі өшпейтұғын оттардың,
Көздер мұңы көкте еді...
Келер әлі іздеп мені, жоқтар күн,
Махаббаттың көктемі!

Шеңберінен шығып кеттім пенделік,
Шегініс жоқ қайтуға...
Пасық қоғам жоқ екен-ау, менде ерік,
Саған талақ айтуға!

Бояуы көп болып кеткен жалғанның,
Болмысы да жасанды...
Алдында сен тәкәппарлау талғамның,
Пәс боласың қашанғы?!

Тобыр дүние саған айтар датым бұл,
Тосыларың анық қой?!
Адалдығын арқалаған ақын жүр,
Танымасаң, танып қой! 

*** 
Менің неден түңілгенім-
Маңызды!
Сенің неден үгілгенің-
Аңыз-ды...
Екеуімізді,
Өр еткен сол Өр Алтай,
Екеуімізді,
Өкпелеткен тәрізді...
Менің неден жылағаным-
Шын еді!
Сенің неден құлағаның-
Сын еді...
Кең кеудесі,
Бейіш болған Алтайдың,
Керек болса,
Біз деп соғар жүрегі...
Менің неден қамыққаным-
Анық-ты!
Сенің неден жалыққаның-
Қалыпты...
Ешкім ұқпас,
Жалғыз ғана шындық бар-
Екеуімізді,
Аңсады Алтай, зарықты... 

* * *
Махаббатсыз тірліктің сынақтары,
Маған мүлдем керексіз жылатқаны.
Құшағында тағдырдың құсаланып,
Құшар мұңға кезіктім құлап тағы.
Махаббатсыз өмірдің өлшемдері,
Мазардағы секілді көр шеңбері.
Ғазал жазар ғарышта ай тұрғанда,
Ғашықтықтан өлді де өлсем мені!
Қанша жанды келді екем үмітті ғып,
Қанша жанды алды екем құнықтырып?!
Аласармай қойғаны-ай,асқақтығым,
Алатаудан асырған күліп тұрып...
Сен де мені іздедің іңірде шын,
Сергелдеңге салды екен ғұмыр несін?!
Мазасыздау жалғаннан түңілсем де,
Махаббаттан анық қой түңілмесім!
Биігінде жылаған шынар сынды,
Биіктегі жаныма мұнар тұнды.
Кірсең екен түсіме жаурап жатқан,
Кірпігіммен қағайын сыңар түнді...

* * *
Жүрегінен жаралған өр өлеңнің,
Жүрелетіп қойғаны-ай,бөлеген мұң...
Кісікиік күндердің сыбағасын,
Кірпігімнен үздім мен сұрағасын.
Ай секілді нұрлы еді армандарым,
Арзанына арманның алданбадым.
Құшағымды аша алмай жалындарға,
Құламасын деп келдім арым дарға.
Ешбір әйел жанымды ұға алмады,
Еркек менің тауымды жыға алмады.
Күліп келген көздердің қиығынан,
Күн тұтылар көрінді күйі күмән.
Алтайымның асқарын салыстырар,
Алатаумен бар ойы алыстырар.
Мен ешкімнің алдында илікпеймін,
Менмендерден мейірім, сый күтпеймін... 

* * *
Тағдырдың өтінде сезімдер ұшады,
Тәкәппар биікті ес-түссіз құшады.
Зар-мұңы сөгіле төменге төгіліп,
Запыран құсадан өлең боп өріліп.
Ай нұры зерленген ақсаумал түндерде,
Алыстан жетеді тылсым бір үндер де.
Жарыққа ұмтылған көбелек-сезімнің,
Жанпида күйін мен сан мәрте сезіндім.
Махаббат ұрлаған ойларым, сырларым,
Мазасыз жүректе айтпадың мұң барын...
Құшамын дегеннің құшағы тар болды,
Құсаның ғұмырлық азабы бар болды.
Дегенмен үміттер үзілмей келеді,
Деміме жазылған іңкәрлік өлеңі.
Кез-келген кесе алмас күрмеуін күдіктің,
Кесуге ұмтылдың, тағдырды ұмыттың...
Шаштары жайылған іңірдің десімен,
Шарасыз жүрегім, мен сені кешірем!
Түйсіксіз соқпақта адаспа демедің,
Түңілгім келсе де, мен саған сенемін.
Өтірік өбе алмай өтетін шақтарда,
Өмірлік мағына, ғұмырлық бақ бар да...
Шынайы махаббат бар жерде бар үміт,
Шын жылап, шын күліп, сағынып, зарығып... 

* * *
Асқақ болар ма бұлай арманым?!
Аспаннан төмен құлай алмадым.
Жанарым жасқа тұншыға берді,
Жылайын деп ем,жылай алмадым.
Айға да аян жанымның сыры,
Арзанға түспес,барымның құны.
Болсам да ханша қанша жүрекке,
Боламын тағы арымның құлы.
Аспандап кеткен арман қадірлі,
Аласартпайтын талғам -тағыңды.
Шалқалап жатқан айдың да бар-ау,
Шарадай толған жалғанда мұңы?! 

* * *
Маған бүгін керек боп тұр бір өлең,
Махаббатпен көк пен жерді тіреген.
Сәулесімен жылытатын жанымды,
Сәл де болса,таба алатын бабымды.
Мынау дүрмек дүниеден аулаққа,
Мына ақынды алып кетер тау жаққа.
Аспан жаққа апаратын сонан соң,
(Адамдар жат ,болып кетті қоғам тоң.)
Күздің мұңы жапырақша жауғанмен,
Күй естідім сабырлы анау таудан мен.
Маған бүгін керек боп тұр бір өлең,
Махаббатпен көк пен жерді тіреген... 

Ж. Жұмағұлов