Хамит Есаман: "Жүрегіме жұлдыз түсті тамды өлең"

Хамит Есаман 1986 жылы 16 тамызда Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы, Тереңөзек ауылында дүниеге келген. Тараз педагогикалық институтының түлегі. 2008 жылы «Жалын» баспасынан «Ағаштың бүрі», 2013 жылы «Жазушы» баспасынан «Қараша хаттары» атты өлеңдер жинағы жарық көрген. XVII Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» (Поэзия) аталымы бойынша екінші орын иегері.

Назарларыңызға ақынның бір топ өлеңін ұсынамыз.

Айтылмаған сыр

Жазайын бір жаңбырлатып өлеңді,
Қай теңізге қайырлаттым кемемді.
Өзімді әлі түсінбеген жайым бар,
Түсіндірем деп жүргенде әлемді.

Күллі әлемді түсіндіргім келетін,
Көңілімде күмбірлейтін көне түн.
Мына менің жүрегімнің жұлдызы,
Қисыны жоқ қиялыма сенетін.

Тамыр басып тағдыр жайлы толғап ем,
Жүрегіме жұлдыз түсті тамды өлең.
Қай өлеңді оқымадым мен бейбақ,
Қай ақынмен ауырмадым сонда мен.

Гүлдерді аңсап қауыздары ашылған,
Талай дәурен ұшып кетті басымнан.
Жүрегімнен басталғаным не керек,
Жаратылмаған соң көркем жасыннан.

Дұшпан таба қылып...кейде дос күлген,
Мейлі оның бәрін кейін кештім мен.
Бірақ бүгін оқи алмай бір өлең,
Ауыра алмай жүрмін тағы ешкіммен.

Ақындардың жарлары

Өлең шіркін өле алмаудың жолы бұл,
Өмір десең ең алдымен соны біл;
Қыз сүйесің үлбіреген үмітпен,
Құшағыңда мөлдіреген толы гүл.

Ақын ғой деп бергеннен соң Тәңір ой,
Көз алдыңда көрсетеді бәрі бой;
Ғашық болып өлең жазсаң жетістік,
Қыз сүюден аман қалсаң абырой.

Құдай қолдап одан да аман қаларсың,
От боларсың, 
Өртенерсің, 
Жанарсың.
Содан кейін көңіліңді көркемдеп,
Бір сұлуды келіншек қып аларсың.

Өлеңменен өрге сүйреп даңқыңды,
Сезіміңмен сыйлатарсың халқыңды.
Кешке қарай қиналарсың бұза алмай,
Әйеліңе беріп кеткен антыңды.

Бұла түнде үгілесің бордай шын,
Күміс жалды күндеріңді қорғайсың.
Терезеге телміресің шарасыз,
Ережеге бағына алмай сорлайсың.

Өз өмірің күрсінсең де, күлсең де,
Бар әлемнің күллі мұңы бір сенде.
Ақын доспен отырасың жыр оқып,
Үйде жарың күтетінін білсең де.

Кейде оңаша сіміресің бал шарап,
Әлемдегі өзіңді ұлы жан санап.
Өлең буы өзегіңді шарпиды,
Келіседі өміріңде сән-санат.

Шалқисың кеп билей алмай еркіңді,
Жырмен емдеп жаныңдағы дертіңді.
Сосын жарың басады-ай кеп бетіңе,
Таңертеңгі беріп кеткен сертіңді.

Ашу қысып, жарылардай тамырың,
Дейсің сосын бойды кернеп тағы мұң;
«Бүкіл қазақ білген кезде бағамды,
Бір қатынға болмады-ау деп қадірім».

* * *
Құдай көру үшін көзді бергесін,
Сені көрдім...
Ал жүрегім шерлесін.
Көндірді ғой көңіл шіркін бәріне,
Сендірді ғой сенбей келген сенбесім.

Бізге біткен тағдыр қандай төзімді,
Көтеретін артық-ауыс сезімді.
Шаршайсың ба кейде ішкі шеріңнен,
Аңсайсың ба ақ бантикті кезіңді.

Қарашаның қызыл күрең кешінде,
Өзіңді алғаш көрген сәтім есімде.
Тұрған еді ерніңнен ән төгіліп,
Күй толғанып тұрды сонда төсіңде.

Ол кезде мен шайыр едім шайқалған,
Ол кезде сен қызғалдақ ең жайқалған.
Жүрегіңнің жарығын-ай сондағы,
Тілегіңнің тәттілігін айта алман.

Ал бүгін ше...
Бүгін бәрі басқаша,
Бізде амал жоқ өмір қиыс бастаса.
Күймейтін жан болмайды екен, соны ұқтым,
Сезім келіп ортаға от тастаса.

Жазығы не босқа үзілген гүлдердің,
Кінәсі не арманы асқақ күндердің.
Үміт едің, үркіп ұштың кейіннен,
Ақын едім, пенде болып үлгердім.

Сен де бүгін биікте емес, жердесің,
Жерде бізді тағдыр әні тербесін.
Он сегізің періште еді баяғы,
Енді бүгін бар болғаны пендесің.

Шардараның шағаласы

Күнді алдадым,
Ақыры жылды алдадым,
Өзіңсіз сезім өшіп тұл қалғаным.
Мұңды арманым жұпар боп жүрегіме,
Үлбіреген үміттей гүл болмадың.

Данышпан да емеспін...
Басқа да емен,
Қас та менен бас тартқан дос та менен.
Көктемдей көңілі бос көгершінім,
Тағдырыма кетіпсің тастап өлең.

Сол өлеңнен аңқыған мұңды көрем,
Қоңыр мұңға сарғайған гүлді берем.
Ақ шағалам астында қанатыңның,
Аппақ арман бар еді үлбіреген.

Бұл көргенім есте жоқ елес пе еді,
Алты жыл Ай менен Күн теңескелі.
Алты жыл арманда өтті сені көрмей,
Суретің жанарымнан неге өшпеді?!.

Ақын болдым арманшыл, жырға ғашық,
Өлеңімен тастайтын сырдан ашып.
«Ғашық болдым ақсұңқар баласына»
Әндетемін мен де бір мұңға басып.

Күнді алдадым,
Ақыры жылды алдадым,
Өзіңсіз сезім өшіп тұл қалғаным.
Мұңды арманым жұпар боп жүрегіме,
Үлбіреген үміттей гүл болмадың.

Бұл өлең тамырыма түсіп көктен,
Көтере алмай бал шарап ішіп кеткем.
Қайдасың, Шардараның шағаласы,
Қапияда қайғы артып ұшып кеткен.

Ақ бұлақ

Еркең болып жағаңда шапқыладым,
Көңіліме дем берген ақ бұлағым!
Өзіңнен тағдырымның таптым әнін,
Өлең болып кеудемнен атқыладың.

Ғажап ең көңілімді көктем еткен,
Самалың сүйікті еді беттен өпкен.
Жағаңа үнсіз келіп, текке кетпен,
Жасымда бір сұлуды өкпелеткем.

Ол ару тұнығыңнан шөлін басқан,
Ізгілік, жылылықпен көңіл қосқан.
Мен оған оқып бергем тарынбастан,
Сезімдерім жайында қоңыр дастан.

Алқоңыр арманымның куәсі едің,
Мейіріңе қаныппын туа сенің.
Бұлқыныпты бойымда бұла сенім,
Көкейімде тұрыпты бір әсем үн.

Аяулым-ай, алыстап неге кеттім,
Неге мәнсіз тірлікті керек еттім.
Тұнығыңда қалыпты керемет күн,
Алтынды қанатындай көбелектің.

Өзіңнен тапқан екем ырысымды,
Сезімім бүгін маған гүл ұсынды.
Бәрі де өлеңімнің мұңы сынды,
Мен де ақын болып кетем осындайда,
Сезгенде інжу сүйген тынысыңды.

Оныншы мөлтекаудан. Бақыт жайлы баллада

Ұмыта алмас ешқашан көз көргенін,
Алдыңда ақын болып сөз бергенім.
Сыйлағаным ақ гүлді айыбыма...
Ал бірақ өмір бойы өзгермедім.

Қателігім артылып бір басымнан,
Маңдайыма сезімнен мұң басылған.
Оныншы мөлтекаудан мөлдірейтін,
Сенің үйің сонда еді сыр жасырған.

Өлең – мұңым болатын, өлең – мінім,
Қиялыммен даланың терем гүлін.
Ерте есейтіп жіберген екен мені,
«Сені бақытты етемін!» деген күнім.

Тарпаң едім тағдырын таңдамаған,
Арманшыл ем арманды аңдамаған.
Жанарыңда тұнық көл тербетіліп,
«Бақыт деген жоқ...» дедің сонда маған.

Құла түздей құлазып көңіл демде,
Жалғаннан бақыт іздеп жеңілген бе?
Еркелейтін енді өзің болмаған соң,
Қорықпайтын боп кеттім өмірден де.

Тамырымнан тәтті әуен төгіледі,
Өзегімнен кейде өлең өріледі.
Ал бірақ арман тұнған кең дүние,
Бізге енді бақытсыз боп көрінеді...

Сурет: жеке мұрағат, goodfon.su, flowersdelivered.com.au, goodfon.su.