Аппақ әлем - аппақ өлең... #2

Аппақ әлем - аппақ өлең... #2

Өткен жолы қар туралы өлеңдер топтамасын назарларыңызға ұсынған едік. Аталған жазбаның жалғасы ретінде төменде тағы бір топтаманы ұсынып отырмыз. Қабыл алыңыздар!

Жапалақтап бірінен соң бірі ара қашықтығы есептеулі қарлар қыстың негізгі – көркі. Алты бұрышты қарларды кім өрнектейді екен? Табиғаттың осындай сыйлығына бөленген біз неткен бақыттымыз!


Менің сырқат санамды сауықтырған, 
Қарға қарап, қуандым жауып тұрған. 
Қар астында қамалып қалса дедім, 
Қу тірлігім жанымды жалықтырған.

Аспанымнан ағылған ақ қар мынау, 
Ағыл-тегіл сырыңды ақтардың-ау. 
Жауған қарға көз алмай қарап тұрдым, 
Тереземнен телміріп, қатқан қырау.

Көзіме көрінгенмен алыс мүлде, 
Қиялым қанат қақты таныс күнге. 
Ақ адал балалығым асыр салып, 
Алаңсыз ойнап жатты қар үстінде.

Айнала ажарланған ақ күміс күн, 
Сол кезде баянсыз бір бақты құштым. 
Арманым ақ сағымға сіңіп кетті, 
Қалмады. Құшағыма қатты қыстым.

Бұл өзі елес екен, жан жұбатпақ, 
Ғұмыры қысқа болды қардың әппақ. 
Жер бетінде мәңгілік қалмас ешкім, 
Қысты да көктем келіп зар жылатпақ.

...Бүгін тағы толассыз жауды аппақ қар, 
Көңілсіз құлазиды жаурап бақтар. 
Жер бетіне жеткізіп ғайып сырын, 
Түсіп жатыр аспаннан саулап хаттар. (Қалқаман Сарин)

Далада әппақ ұлпа қар жайымен ғана жауып тұр. Бұл дүниенің ғажайыптығын ғаламға паш еткісі келгендей бетіңді аймалап ақырын өбеді.


Аппақ қар ақ төсек қой дақ түспеген,
Аппақ қар ақ көйлек қой киілмеген.
Аппақ қар қап-қара шаш ақ түспеген,
Аппақ қар ақ орамал түйілмеген.

Аппақ қар менің анам ақ ниетті,
Аппақ қар менің әкем адал кісі.
Аппақ қар киелі жер, қасиетті,
Аппақ қар жаңа шыққан бала тісі.

Аппақ қар жалғыз аққу айдындағы,
Аппақ қар жаңа көрген ғашығыңыз.
Аппақ қар ақ сөз Алла алдындағы.
Аппақ қар алшы түскен асығыңыз. (Жандос Бәйділда)

Кіршіксіз ақша қарға қарап, адамның ақ пейілін көргендей боламын. «Ақша қардың ақтығын тілеймін!» деген тілекті де енді-енді жүрекпен ұғынып келе жатырмыз. Қардай көңілің кіршіксіз таза болсын, - дегені ғой бұл.


Танысалық, мен аппақ қар боламын.
Ақ пен қара өмірдің қос жолағын
Аппақ түске боямақшы боламын.
Ішімдегі сыймаған соң зор ағын
Қарға айналып қара жерге қонамын.

Танысалық, мен аппақ қар боламын.
Ренжітпеңдер ертегі елі қонағын.
Рас, талай жүректерді тонадым…
Ызғарымнан кейде өзім де тоңамын.

Елестеткен сіріңкенің қорабын
Тар кеңседе тереземнен қарадым.
Тыңдайсың ба, айтып берем қар әнін
Қалауымды тапсаң мен де жанамын.

Менен таза бола алады ар ғана,
Қардан асып туар, бәлкім, қар ғана.
Жанарыңды көлегейлеп қорғама
Кірпігіңде кідірте гөр сәл ғана.

Қолшатырлар шықты міне шеруге.
Шықты, бәлкім, қыс келгенін көруге.
Рұқсат берші ерніңе кеп еруге,
Рұқсат берші шыққа айналып өлуге,
Ақ қармын мен деген… (Танакөз Толқынқызы)

Қалың жауған кезінде төңірек тұтасып, көрінбей кетеді екен. Әп-сәтте-ақ қарайған нәрсені ақ киізге орап тастайды. Дәл қазір жер бетінде қара түр жоқ, мұқымы — аппақ....

Қар боп ұшып келемін
Қар боп ұшып келемін,
Қалаған жер үрлейтін,
Қалаларда ғана өмір сүрмейтін.
Далаларды, балаларды,
Молаларды құшақтап…
Қыстың биін билейтін.
Қар боп ұшып келемін,
Ешкімді де сүймейтін.
Қырау боп кеп,
Терезеге гүл сыздым.
Бұл өрнектер…
Сезіміңіз кіл сіздің.
Ал менде жоқ сезім, жүрек,
Рахат-ай..
Соқырмын һәм тілсізбін.
Әдемімін, әппақ нұрдан келбетім,
Әппақ мұңмен…
Аралаймын жер бетін.
Менің дәмім – судың дәмі.
Тең келмейтін еш ащың,
Тең келмейтін шербетің.
Менің мәнім – тазалықты тербету.
Неге бұлай?
Біле алмадым себебін.
Мен ғайыптан жаратылдым,
Жоқ ешқандай дерегім,
Жоқ ешкімге керегім.
Мен суықтан қорықпаймын,
Себебі, өзім суықпын.
Аспан жақта туыппын,
Көктем шақта өлемін.
Ал, әзірше…
Шыр көбелек айналып,
Қар боп ұшып келемін. (Нәзира Бердалы)

Қар үсті-үстіне үдей түсті, сансыз ақ мамық қар ұшқындары жерге жетуге асыққандай қалбалақтап төмен құлайды. Олар да ілездік ғұмырының аяқталуына асығатын сияқты. Төңіректің бәрі ақ боз ұшқындар, ақ мамық жамылған ағаштар, ақ аязда сірескен ақ боз үйлер, ақ дүние…


Далада қапалақтап қар жауып тұр,
Өзінің ізін өзі жасырып.
Айнала ымырт құшағында мүлгіген.
Құлайды кіршіксіз ұшқындар жерге асығып…
Тұмса қиялдың тереңіне сүңгіген
әлдекім ескі әуенді есіне түсіре алмай әуре,
Алақанына қонған қар ериді баяу,
Өз салмағын көтере алмай адасқан ұлпадай зәуде,
Үзілген әуезді іздейді, көңілі қаяу…
Әйнек ішін дымқыл бу басқан, мұнар…
Жетім сәуле діріл қағады, ұмсынып.
Ана омырауынан уыз сорған сәбидей құмар,
Неткен риясыз тіршілік! (Тоқтарәлі Таңжарық)

Қыс айы. Далада қар жауып тұр. Бейнебір мыңдаған, миллиондаған аппақ көбелектер жерге қонып жатқан сияқты. Мен алақанымды тосып, осы көбелектерді "аулауға" кірістім. Олар заматта еріп кетеді. Мен енді басқасын ұстауға тырысамын...Уақыттың қалай өткенін байқамадым. Қыс айы не деген қызық еді!

Қандай бақыт – қалаға қар жауғаны,
Ақ ұлпалар – көңілімнің маржандары.
Қандай мұңды – қар жауған құтты күні
Жанымда жоқ жалғызым жалғандағы.
Қандай мұңды – қардың да еритіні,
Қандай мұңды – жардың да жеритіні…
Қандай бақыт – көктемнің келетіні,
Қандай бақыт – бақытқа сенетінім… (Назира Бердалы)

Жыбыр-жыбыр қалықтаған қар жапалақтар бетіне асықпай келіп қонып, жылбысқалана еріп, суға айналып бетін айғыздап аға жөнеледі. Ептеп қытықтай ма-ау...Қар жапалағы бойжеткеннің ұзын кірпігіне келіп қона қалып еді, еріген жоқ, кірпігі қимылдаған сайын, қоса шошаңдап көбелекше жабысып тұр.

Қар дегенің бар болғаны сағыныш,
Көз жасымның мұздап қалған бейнесі.
Алып ұшқан көңілдегі сабылыс,
Қарға айналып кететіндей кейде осы.

Қар дегенің бар болғаны жұлдыздар,
Түнгі ызғардан тоңып қалған денесі.
Төбесіне тәж ғып киген тұл құздар,
Қар дегенің аппақ әлем елесі.

Қар дегенің үкісі ғой қиялдың,
Жерге қарай құлдилаған аспаннан.
Таптап соны жүргеніме ұялдым,
Есуастай махаббатқа мас болған.

Қар дегенің бар болғаны еркелік,
Алақанда ерісін деп жаратқан.
Қар да кейде кететіндей өртеніп,
Сезімдерден кірпік ілмей таң атқан.

Қар дегенің қырау шалған үміттің,
Күн түскенде шағылысқан сынығы.
Қар дегенің жүректегі бүліктің,
Қысылғанда айқай салған қылығы. (Т.Толқынқызы)

Ғалымдардың пайымдауынша, қар түсінің ақ болуы себебі ауаның көптігіне байланысты. Әрбір қардың 95 пайызы ауадан тұрады. Сондықтан да оның құлау жылдамдығы өте аз болып келеді (0,9 км\сағ). 1944 жылы Мәскеу қаласында алақандай үлпілдеген ұлпа қарлар жауған көрінеді. Әлемдегі ең алып қар 1987 жылы 28 қаңтар күні АҚШ-тан табылды. Оның диаметрі 38 см-ге жеткен.

Қапалақта ақ періште, әппақ қар,
Табиғатты ақ бояумен ақтап қал.
Адалдықтың ақ арына тұншықсын,
Кір қожалақ пасық кеуде батпақтар.

Қасіретті күнге күйген алқызба,
Тақия бол әжім жүзды жар -құзға.
Сырға тақсын ақ кимешек киінсін,
Тәні жалаң мүсеуреген тал қызда.

Егер рас пәктілікті айталсаң,
Мерселдесін мейрімсіздің қайтарсаң.
Қапалақта ақ періште тынбай бір,
Аспандағы жерге түссін сайтан шаң.

Міне, бұл заң әділетті қақтығыс,
Қара қылды қақ бөледі ақ қылыш .
Үш маусымның кірлеп қалған кеудесін,
Өз өлкең де тазалай бер ақ күміс. (Алтайдын ар жағынан Ораз Өсерұлы)

P.S. Мақалада Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» повесі, Қ.Жолдыбайұлы «Имани гүл» кітабы, сондай ақ жеке авторлар: Айжан Қасымова, А.Найманқызы, Ербақыт Нүсіпұлының сөз жолдары, пайдалынды. 

Топтастырған:  Ақиқат Арнамыс

Сурет: © Досжан Балабекұлы

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Коронавирус жұқтырғанда не істеу керек? – Профессорға сұрақ
Коронавирус жұқтырғанда не істеу керек? – Профессорға сұрақ
Chevrolet Malibu – әдемі дизайн мен қуатты қозғалтқыштың үйлесімі
Chevrolet Malibu – әдемі дизайн мен қуатты қозғалтқыштың үйлесімі
Коронапика, коронафейк – ковид кезіндегі жаңа сөздер
Коронапика, коронафейк – ковид кезіндегі жаңа сөздер
Коронавирусты "өлтіретін" тағамдар
Коронавирусты "өлтіретін" тағамдар
Асылан ТІЛЕГЕН. Жұмбақ қалалар
Асылан ТІЛЕГЕН. Жұмбақ қалалар
Өмірде жоқ жануардың суретімен өзіңізді таныңыз
Өмірде жоқ жануардың суретімен өзіңізді таныңыз