Қанат Мырзаханұлы: "Сендей сұлу жоқ шығар бұл өмірде"

Қанат Мырзаханұлы: "Сендей сұлу жоқ шығар бұл өмірде"

Қанат Мырзаханұлы 1993 жылы Жамбыл облысы, Жуалы ауданында дүниеге келген. 2014 жылы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетін тәмамдап, қазір Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің магистратурасында білім алып жатыр. Айтыскерлік пен жазба ақындықты қатар алып жүрген Қанаттың өлеңдерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Тас-жүрек
 

Сүйетінін мойындап сыртымнан кеп,
Сырласқысы келетін сылқымдар көп.
Бірақ менің жүрегім бұлқынған жоқ,
Сол сылқымның біріне ұмтылғам жоқ.

Маңғазданып жүретін мына маған,
Менмін деген қыздар да ұнамаған.
Талғамыма сай келер сұлу таппай,
"Тасжүрек" деп өзімді кінәлағам.

Кенет сезім жанымды баурап күшті,
"Тас-жүрегім" лып етіп аунап түсті.
Сені ойлаумен төзімге салмақ түсті,
Сені іздеумен қиялым самғап та ұшты.

Қауыз жарып қапыда сезім гүлдей,
Өз сырымды қалдым-ау өзім білмей.
Жағаласып оянған сезіміммен
Мен де ояу жатырмын көзімді ілмей.

Аңыздағы арбадың перілердей,
Тұра алмайтын боп қалдым сені көрмей.
"Тас-жүрегім" жібиді сен дегенде
Самарқанның көк тасы ерігендей.

Пырағына қиялдың мінерімде,
"Тас-жүрек" деп өзіме күлемін де,
Арманым да сен деймін тілегім де,
Есіміңді қайталап жүремін де.

Сендей сұлу жоқ шығар бұл өмірде,
Мендей ғашық жоқ шығар бұл өңірде.
Тасқа жазған "Күлтегін" жазуындай
Сенің атың жазылды жүрегімде.

 

Жабығып жүр ме екенсің,
Сен мені ұнатқалы?
Сағынып жүр ме екенсің,
Жаным-ау жырақтағы?!

Сені іздеп қашықтардан,
Келуге ерінбеспін.
Бір көріп ғашық болғам,
Мың көріп жерінбеспін.

Өзіңді мүсіндеймін,
Сөзіммен сұрыптаған.
Сені еске түсірмеймін,
Себебі, ұмытпағам.

Жүрмей-ак қол ұстаса,
Етемін атынды әйгі.
Ғашықтар алыстаса,
Жүректер жақындайды..

Жабығу мен жұбану

Дөңгелетіп қаңбақтай өмір-құйын,
Көтеріле қоймайды көніл-күйің.
Шытырлаған қолыңда ақшаң болмай,
Сылдырлайды қалтаңда темір тиын.

Кисем дейсің жұрт құсап небір киім,
Бірақ бола қоюы оның қиын.
Тапқаныңды тықпыштап жан бағасың
Жаңғақ жиған секілді қоңыр тиін.

Таяғыңды жүргенде тіреу көріп,
Аяғыңды шалады біреу келіп.
Бетің содан кетеді ұрмай-соқпай
Балтырындай барыстың білеуленіп.

Жасап ем деп жақсылық сол қасқаға,
Өкпелейсің досқа да, жолдасқа да.
Әр кеудеде бір қиял ұя салған,
Сен біреуге ғашықсың, ол басқаға...

Сауытың жоқ үстіңде оқ дарымайтын,
Шайқасудан шаршаған жаның айқын.
Кетіп қалғың келеді алыс жаққа
Ешкім сені білмейтін, танымайтын.

Арманыңмен ғарышқа ұшқан ұлы,
Жетелейді алысқа құстар үні.
...Қайта жерге түсесің содан кейін,
Еске түсіп қолыңның қысқалығы.

Өрге жүрмей қойды деп сірә тасым,
Жаудай болып жаныңды жылатасың.
Қасқыр құсап жарасын жалап жазған
Өз-өзіңді қайтадан жұбатасың.

Бүгілмей жүр бұл күнде кімнің белі?!
Кетер түбі көңілдің кірбіңдері.
Ең бастысы болсыншы басың аман
Бөрік тауып киерсің бір күндері. 

Осылайша өзіңе айбат қылып,
Жігеріңді жанисың қайрап тұрып.
Ертеңіне ештеңе болмағандай
Ел қатарлы кетесің ойнап-күліп.

Дайындаған:Жасұлан Исакаев

Суреттер:vk.com

Ж. Исакаев