Бағашар Тұрсынбайұлы: Кешір мені, ұятым!

Бағашар Тұрсынбайұлы: Кешір мені, ұятым!

Шығармашылыққа шаңның тозаңындай қатысым бар деп есептейтін адамның өлең жазбайтыны жоқ шығар, сірә. Біреу жасырып-жабар, біреу ашық айтар. Төрт жолды ұйқастырып, жүрек түбінен толқып шыққан сезімді сөз күйіне түсіргеніміз болмаса, өзімізді ақын деп айтқан емеспіз. Айтпаймыз да. Оған себеп көп. Ең бастысы өлеңнің бағасы, ақын деген атақтың өзі бәленбай сыйлықтың лауреаты деуден де биіктігі. Ой түбінен шер толқытып шығарған сөзімізді ара-тұра назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім, мәртебелі оқырман.

Бағашар Тұрсынбайұлы

Кешір мені, Ұятым

Көмейімде булығады бір өксік,

Таңдайымда тақ ете алмай сөз қалып.

Алматының жауын шашын күндерін

Сол өксікпен кешіп жүрмін мен ғаріп.

 

Кімге алдандым?..

Кімді, неге алдадым?

Уақытты-күнді неге алдадым?

Жазығым ба өле ғашық болғаным?

Жазығым ба көзсіздікке барғаным?

 

Ана еді ғой асылы әйел ғазиз жан

Жүрегіне күллі ғалам сыятын.

Сол деп сендім,

Және сені сендірдім

Соным үшін кешір мені, Ұятым.

 

***

Өлең бар әр бұтақта жүз жапырақ,

Өмір бар жүз драма бір бас сайын.

Жұмекен

Көктөбеге қараймын

Жаутаң-жаутаң жанарым.

Бұлт көшеді басынан

Бір ашпайды қабағын.

 

Сыр ашпайды маған да

Сұмдығы бар жасырған.

Ақиқатты айтардай

Бір қиямет ғасырдан.

 

Ыңырсиды тростар

Қыдыртуға еті өлген.

О да тағдыр секілді

Адам жүгін көтерген.

 

Қанша уақыт шыдайды,

Қай араға жетеді.

О да өмір секілді

Шорт үзіліп кетеді.

 

Махаббат пен ғадауат,

Сезім,өмір... түк емес...

Көз алдымнан көлденең

Көшіп өтті мың елес.

 

Жиіркенішті көбі оның,

Өмірде жоқ салмағы.

Өкінішті соның да...

Елес болып қалғаны.

 

Жәудірейді жанарым

Адасқан бір баладай.

Абыздығы  ­­бабадай,

Аңыздығы даладай.

 

Көктөбеге қараймын,

Ғашықтардың мекені.

Сол төбеде сөз байлап,

Кейін бұзып кетеді.

 

Куә болған көп сертке,

Куә болған... Көктөбе.

Тағдырына сол қыздың

Жылап алған Көктөбе.

 

Көктөбеге қараймын...

***

Түндерге сіңген нарт арманымның
Соңында кетті бір елес.
Ашылмай қалды қауызы бақтың
...соңында тұрған біз емес.
Өлеңге сыймай көңіл де қалды,
Өмірге сыймай өлеңім.
Шашылып қалған махаббатымды
Табан астыңнан теремін.
Сыңсиды бір үн, жасын төгеді,
Сырын айтатын маған көп.
Кешір сен, сол үн, өзім де мұңлы
Сырыңды тыңдар шама жоқ.
Төгіліп қалған сезімді мөлдір,
Жинаймын қалай, көмек бер.
Көрмесін мұны кәрі әжем менің,
Көргенде жылап, өбектер.
Өңешке келіп тіреліп қалған
Жүрегім менің қан құса.
Тыныштық табар дейді ғой досым,
Ғашық жүрегі қаңғыса.
Ернімде қалған шербеттің дәмі,
Жұтынған сайын мас қылып.
Кезіп кетейін даласын елдің,
Тауына шығып, тас үгіп...
Кім білді дейсің, опасыз адам,
Опасыз, жалған махаббат.
Күле қарайтын жыршым отыр ғой
Өзгеден бөлек мақам ап.
Сатқындар толған жердің жүзіне
Әжімдер түскен қайғыдан.
Білсең сен айтшы тарихта кімнің
Сертінен сөзі тайғыған...
Жылайды маған қосылып ағаш,
Аспан да мұңлы, бағып тұр.
Көктемнің күні көңілсіз неге
Жасым мен жасы ағып тұр.

***

Саған қайта жолықтым,

Одан бетер жерідім.

Түсінбедім, білмедім –

Желбуаз ба көңілім?

Гүлбадағам тұлпармен

Кетпен тауға жортқан ем,

Бір нәзік сөз үлп етті

Сол сен бе едің, қоңыр үн?

Жүрегімнің қоздаған

Дертін қалай жазамын

Бал дәмінен айрылып

Кермек тартты ғазалым.

Дей алмайын пәкпін мен,

Айта алмаймын таза деп

Зор тақтада өмірім

Бәлкім маған жаза көп.

Армандармен адасып

Адамдармен жол таптым.

Сұлу сөзге батырмын

Сұлуларға шорқақпын.

Алмапсадай ұл едім,

Алпамыстай рухты.

Сонда менің жанымды

Сен ұқпадың.

Кім ұқты?

Лайладың ба тұнықты?

Сүйредің бе тұлыпты?

Шәлкез ғана көңілді

Сен ұқпадың.

Жыр ұқты.

 

Өмір

Көліктей кептелген бүгін,
Күпті ғой біздегі көңіл.
Мен саған келіп ем сезбедің,
Сен мені көрмедің, өмір.
Кінә да артпаймын бұзық,
Тақпаймын мен айып бөтен.
Сен мені сезбе де, білме
Ал сені мен айтып өтем.
Тым нәзік, тым ұлы өмір,
Қайтейін... сен едің арман.
Мен жайлы бір сөзің болмас,
Сен жайлы... өлеңім қалған...
Өмір, сен сұлусың ғажап,
Ғажапсың, дастансың жазар.
Қоңыр жел айтады ертек,
Тарихын шертеді мазар.
Тауларда құпия жазу,
Қырларда сезімің - сағым.
Орманда, жолдарда кілтің,
Көлдерде,өзенде қаның.
Өмір, сен жұмбақсың сондай,
Шешуің - жүректе сенім.
Бастуың құрсағы алтын
Анамның, аяғың өлім.
Көңілім қобыздың күйі,
Таппаған нәркездей теңін.
Сен маған қарама, білме,
Сонда да сүйемін, ӨМІР!

Түнгі қала

Тынып тұрған нән шаһардың көшесі

Ауық ауық көліктермен күрсінер.

Бағанадан саулап тұрған сәулемен

Жүрегіме санамдағы жыр сіңер.

 

Айғай шудан зәулім үйлер тыншиды,

Төбесіне жұлдыздарды тізіп ап.

Бағдаршамдар сандырақтап санайды

Өкінішті.

Көре алмайсыз сіз бірақ.

 

Көктем келді. Қуанышты бар ғалам

Қыс та кеткен, өткен және жылап күз.

Даңғылдарда жылтылдайды жарықтар

Жылпылдаған пенделердей тұрақсыз.

 

Алматының кең көшесі тым тырыс

Көрсеткендей нәпсісінің тоқтығын.

Аңғал саңғал баһадүрдей наркескен

Алшаң басар ақындарым жоқ бүгін.

 

Ғасырымыз тұрсадағы сенсорлап,

Бір арманды айтайыншы дегенмен.

Шіркін, осы түнгі қала үстіне

Алты құлаш ақбоз мініп келер ме ем...

 

Кісінеген ақбозымның даусынан

Күллі тұрғын оянар ма ед дүрлігіп.

Сосын маған ұяң жүзді сұлулар

Тұрар ма еді ай астынан бір күліп.

 

Қас бабамдай

Ай жүзінен нұр тамған,

Бір арудың иіндігін аудырып.

Жыр сыйлар ем сол Шираздық шайырдай

Шатырыма кәнизак қып алдырып.

 

Ғазиз көркі тербеп басқа әуенмен

Жанарына жарығымды сыйдырып.

Өз төрімде жатар ме едім тек қана

Шырыны мен шәрбатынан құйдырып.

 

Адамдар ай, бауырларым құбылған

Ұлып, үріп жүрміз тағы мияулап.

Баба тұрқы оралмайды, назым ғой

Отырғаным сол күндерді қиялдап.

Дайындаған: Қайсар Қауымбек

Сурет: жеке мұрағаттан

Қ. Қауымбек