"Ер Қармыс" жыры алғаш рет жеке кітап болып басылды

"Ер Қармыс" жыры алғаш рет жеке кітап болып басылды

Алматы қаласындағы С. Демирел атындағы колледж-лицейінде Қалнияз жыраудың "Ер Қармыс" дастаны 10 мың данамен жарық көрді. Аталмыш кітаптың тұсаукесеріне жергілікті әкімдік өкілдері, оқушылар, белгілі ақын-жазушылар мен құрметті қонақтар қатысты.

"SABU Productions" орталығының бастамасымен алғаш рет жеке кітап болып жарыққа шыққан туындыда Ер Қармыстың батырлық ерлігі, қазақ халқының тарихи сәттері суреттелген. Кітап жас буының ой-қиялын дамыту үшін суреттермен безендірілген. 

"SABU Productions" жетекшісі Сандуғаш Тағабергенова бұл кітап жас оқырманға лайықтап шығарылғаннын тілге тиек етті.

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында бұрынғы тарихиымыздан сыр шертетін дастанды қазіргі жастарға лайықты етіп шығаруды ұйғардық. Ер Қармыс батыр тарихта болған адам, ол жайында көптеген жыр жазылған және оның сүйегі Маңғыстау жерінде. Эпостар бізге ауызша жеткендіктен, бұл дастанның бірнеше түрі бар. Алайда біз оның түпнұсқасын таба білдік. Кітапты шығармас бұрын оны екі жылдай зерттедік", - дейді  "SABU Productions" жетекшісі.

Ол шараны ұйымдастырып, кітапты жарыққа шығару оңайға түспегенін айтады.

"Дастан болғандықтан ондағы батырлардың тұлғасын аша білу керек болды. Олар қандай киім кигені, тіптен қандай қару ұстағанына дейін білікті мамандармен ақылдаса отырып суреттерін салдық. Суреттер 3D форматта, балаларды тартатындай қанық түспен салынды. Қазір біз осы дастан желісі бойынша қысқа метражды мультфильмді де түсіре бастадық. Яғни кітаппен қоса дискіде оның мультфильмі қатар жүретін болады. Мұның барлығы жас өрендерімізге өз тарихиымызды, өз құндылықтарымызды кеңінен насихаттап, сіңіру үшін қажет", - дейді Сандуғаш Тағабергенова.

Кітаптың тұсаукесерінде сөз алған белгілі ақын Светқали Нұржан жырдың тарихын, оның мәнін ашып жиналған қауым мен оқырмандарға жан-жақты мәлімет берді.

 "Ер Қармыс Бекболатұлы менің есебімде 1720 жылдары өмірге келген. Ол кісі ер жеткенде біздің ел Жем бойынан Маңғыстауға еңкейген кезі екен. Сол кезде Ресей империясы тамырын кеңге жайып, оңтүстікке қарай өтпек болып әрекет жасап жатқан. Мына жақта Хиуаға қараған түрікпендер бар. Міне, осының арасында қиян-кескі шайқастар болды. Сондай шайқастың бірі осы жырда Ыстыбай Сары деп аталады. Дастанда оның 75 жасында жаумен айқасқаны айтылады. Батыр қартайып үйде жатқанда шайқаста өлсем деп тілеген. Кейін жау шапты дегенде қолына найзасын алып жауға ұмтылған.Ер Қармыс алмағайып заманда өмір сүрген батыр", - деп сөзін түйіндеді.

Туындының кітап болып шығуына демеушілік жасаған  "БанкЦентрКредит" АҚ. Банктің басқарма төрағасының орынбасары Руслан Владимиров: "Ер Қармыс" – батырлық пен адалдық туралы дастан. Оны оқыған балалардың патриоттық сезімі артып, намысты болып өседі деген үміттемін. Алдағы уақытта балалардың қаржылық сауаттылығын арттыратын дүниелерді көптеп шығарсақ деген ойымыз бар", - деп атап өтті.

Кітаптағы суреттер шебер, балаларға қызықты етіп салынған. Бұл суреттердің авторы суретші Қуаныш Рахимов. Ол Алдымен суреттерді салмас бұрын дастанды мұқият зерттегенін айтады.

"Кітапты бірнеше рет оқып шықтым. Суреттердің кейбір тұсын жазушы, тарихшылармен ақылдаса отырып салдым. Бастысы батырдың келбетін, тұлғасын бере білуім керек болды. Кітапты оқу барысында ата-әжелеріміз айтып отыратын батырлар жайындағы аңыз, әңгімелер еске түсті. Суреттерді салуға 5-6 айдай уақыт кетті", - дейді суретші.

Жырдың тұсаукесер рәсімінде жиналған қонақтар мен жас оқырмандарға арнайы сыйлықтар мен "Ер Қармыс" кітабы тарту етілді.

Айта кетейік, Қалнияз Шопықұлы қазіргі Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы Сам мекені аймағында дүниеге келген. Жыршының "Ер Қармыс" жырынан бөлек "Жаскелеңмен айтысы", "Көтібар бөтен кісім бе?" деген толғаулары Қазақтаннан басқа Қарақалпақстан, Түрікменстан жеріндегі қазақтар арасына кеңінен тараған. Оның есімі "Қырық батыр" аталатын батырлық жырды айтушылардың бірі ретінде де белгілі.

Т. Раушанұлы