Ұлықбек Есдәулет: " Жазушылар одағы – әдебиеттің жоғын жоқтаушы, мұңын мұңдаушы"

Ұлықбек Есдәулет: " Жазушылар одағы – әдебиеттің жоғын жоқтаушы, мұңын мұңдаушы"
Фото: .inform.kz

1934 жылы қазақ жазушыларының бірінші құрылтайында қазығын қағып, шаңырағын көтерген Жазушылар одағы бүгінде руханияттың орталығына айналған. Бір ғасырға жуық уақытта қазақ қаламгерлерінің мұң-мұқтажын жоқтап қана қоймай, үлкен қоғамдық ұйымға айналған одақ туралы ҚР жазушылар одағы басқармасының қазіргі төрағасы Ұлықбек Есдәулетұлы ой бөлісті. 

– Биыл Жазушылар одағы құрылғанына 85 жыл толып отыр. Тарих тұрғысынан қарағанда аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында Жазушылар одағы қазақ қаламгерлерінің рухани ордасы болып қана қоймай, пайдалы қоғамдық институт ретінде өзін дәлелдей алды ма? Әлбетте, қоғам айнасы – әдебиет десек, әдебиеттің жоқшысы болып отырған Жазушылар Одағының қоғамдық рөлі, миссиясы қандай?

– Бүгін Жазушылар одағының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Бүгінгі таңда жазушылар одағының қоғамдағы рөлі өте жоғары десем артық емес. Сол заманда көптеген қоғамдық шығармашылық ұйымдар болды, соның ішінде жазушылар одағына ұқсас ең алғаш «Алқа» деген ұйым болды. "Алқа" ұйымының негізін қалаушылар Алаштың арыстары: Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев болатын. Алаш арыстары бұл одақты құруда саяси күресті қойып, тікелей мәдениетке ағартушылыққа көңіл бөліп халықтың мүддесіне жұмыс атқаруымыз керек деген мақсат қойған. "Алқа" ұйымы құрылған жылдары көптеген балама ұйымдар құрылғаны да рас. Соның ішінде Мәскеуде құрылған ұйымдар "Лев", "Пролеткульт", "Раб" деген ұйымдарының негізі қаланған болатын. "Алқа" ұйымы осы ұйымдардың баламасы негізінде құрылған болатын. Жазушылар Одағының қоғамдағы рөлі туралы айтар болсақ, "біздің әдебиетіміз халыққа керек пе? әлде маңызы жоқ па?" деген сұраққа жауап іздеуден туады. Әдебиеттің қоғамдағы рөлі қандай? Жазушылар Одағының рөлі сонымен анықталады. Жазушылар одағы әдебиеттің жоғын жоқтаушы, мұңын мұңдаушы, жазушылардың мүддесін көздеуші, жазушылардың өзінің әлеуметтік мәселелерін реттеуші ұйым. Ғасырға жуық тарихы бар ұйымның ашылуының өзі қоғам қажеттілігінен туындады емес пе? Қоғамдық, шығармашылық ұйымдар кезінде керек болғандықтан, қажеттіліктен туындаған. 1934 жылы Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. 1932 жылдан бастап Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин одақтың басы-қасында жүріп екі жылдың ішінде қаланған. Жазушылар одағының бірінші төрағасы Алаштың арысы, біздің бәйтерегіміз - Ілияс Жансүгіров. Жазушылар одағына саясатта араласқан сәт те де болды. Дегенмен сол заманда Советтік партия билеп тұрғаннан кейін, халық осы партияның бағытын ұстанды. Сол зұлмат замандарда жазушылардың көбі кетті. Жазушылар қоғамның қай саласы болмасын белсенді араласты. 20-ғасырдың 20-30 жылдарында қаламгерлеріміздің көбі "энциклопедист" болды. Қандай оқулық, қандай құрал керек бәрін өз қолдарымен жасады. Бұл олардың терең білімін, пайым-парасатын көрсететін көрсеткіш деп ойлаймын. Ұлт үшін оқулықтар жазып, қызмет еткендері үшін сол заманның құрбаны болып кетті. Жазушылар Одағы одан бергі жылдарда да талай өткелден өтіп келеді. Қалай болғанда да көрнекті үлкен қаламгерлердің ішінде дуалы ауыз, ел сөзін сөйлей алатын қайраткер қайсар қаламгерлер қай кезде де болған. Жазушылар Одағының рөлі қандай дегенде басқа шығармашылық ұйымдармен салыстыруға болады. Басқа шығармашылық ұйымдар тек шығармашылықпен айналысып отырса, біздің жазушылар одағы қоғамдық мәселелерге араласып отыр. Тәуелсіздікке қол жеткізуге жазушылар одағы үлкен үлес қосты. Жариялылық кезеңі мен қайта құру кезеңінде де Жазушылар Одағы белсенділік көрсетті. Тәуелсіздіктен бергі кезеңде де тілдің мәртебесі, мемлекеттік тілге айналуы - барлығы жазушылардың жұмысы. Тіл мәселесін де ең алғаш болып жазушылар көтерді. 1924 жылы Сәкен Сейфуллин қазақ тілін "кеңсе" тіліне айналдырамыз деген мақала ұсынған болатын. Біз киргиз болып жүргенде қазақ деген атымызды алуымыз керек деген тағы да Сәкен Сейфуллин. Көптеген елдерде «Отан» деген ұғым болған жоқ, барлығы "Родина" деп атап жүрген болатын. 1920 жылдары Осы Отан сөзінің қалыптасуына тағы да Сәкен Сейфуллин үлесін қосқан. Осындай арыстарымыздың алдында ұлт ретінде барлығымыз қарыздармыз. Қазір біз Тәуелсіз мемлекетте өмір сүруіміздің бірден-бір арқасы осы қаламгерлердің еңбегі. Жазушы ықпалды, ел алдында сөзін айта білетін ұйыта білетін адамдар. Жазушы Олжас Сүлейменов полигонды жауып, "Семей Невада" қозғалысын құрды. Тағы да осындай ұлт қауіпсіздігі мен денсаулығына келгенде жазушылар үлкен қозғалыс тудыра білді. Полигон сол дүмпумен жабылды. Олжас көтермесе шығар ма еді? Жабулы қазан жабулы болатын. Арал теңізінің мүшкіл халін де жырға қосқан Мұхтар Шаханов. Қалай болғанда да біздің Жазушылар одағы - әдебиетіміздің жоқшысы, жазушылармыздың жоқшысы.

– Жазушылар одағының миссиясы мен тарихын тілге тиек еттіңіз. Енді алдағы болашақта бұл ұйым қандай жоспарлар құрып отыр? Әлемдік әдебиетпен байланысты арттыруда қандай шаралар жүзеге асып жатыр?

– Қазақ әдебиеті 1973 жылы әлем әдебиетімен байланысын үзіп алды. 1973 жылы Еуропа елдерімен байланыс үзілсе де, Ресей, Қырғыстан, Өзбекстан, Якутия елдерімен байланысы тоқтаған емес. 1973 жылы Олжас Сүлейменов пен Әнуар Әлімжановтың ұйымдастыруымен Азия, Африка жазушылар 5 конференциясы өткен болатын. Әдебиетіміз өз қазанымызда қайнай бермей, әдемдік деңгейге ұмтылса деген ұсыныс бар. Қазақ әдебиетінің құдыретін, байлығын бүкіл әлем таныса деген мақсат бар. Елордамыз Астананың 20 жылдығына орай үлкен Халықаралық фестиваль өткіздік. 20-30 елден ақындар бас қосып біздің әдебиетіміз бен ұлтымызды жырлаған болатын. Биылғы ең үлкен шаруамыз - Азия жазушылары арасындағы үлкен форум ұйымдастырдық. Азия мемлекеттерінде 45-44 мемлекет болса, соның ішінде 38 елдің жазушылары келіп қатысты. Көршілес елдердің әдиебетшілері қазақ қандай ел екенін, әдебиетімізді танып кеткен болатын. Біздің жазушыларымыз басқа одақтармен етене араласып, дос, қаламдас, серіктес тапты. Бүгінгі жазушылар одағының 85 жылдығы - тек жазушыларымыздың ғана емес, әдебиетіміздің де мерей тойы. Сонымен қатар, "Қазақ әдебиеті" газетінің де мерейтойы. Одақты құрған үш бәйтерек - Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров арыстарымыздың 125 жылдық мерейтойы. Мерейтойға 9 елдің жазушылар одағы басшылары шақырылып отыр. Ел президенті үлкен көңіл бөліп отыр.

– Жазушылық – белгілібір кәсіптен гөрі жүрек қалауына жақын. Қазір тек қаламақыға шығармашылық адамдары күн көре алмайтыны айдан анық. Бір ғаламат шығармалар тудыру үшін де күй керек. Қазіргі жазушының жағдайы қалай?

– Қазақ жазушыларылар Одағының бүгініне тәуба дейміз. Түрікменстан және көптеген елдерде жазушылар одағы жабылып қалды. Ресей мемлекеттерінде жазушылар одағы екіге бөлініп кетті. Бұрынғы ғимараттарынан айрылып қалды, барлығы жекешеленіп кетті. Бағымызға орай, біз барлық құндылықтарымызды сақтап қалдық. Шашылып кеткен дүниелерімізді игілікке ұқсататын боламыз. Жазушылар одағының шығармашылық үйін санаторийге айналдырдық. Шипажайды жазушыларға төмен жеңілдікпен ұсынып отырмыз. Жазушылар одағының ғимараты биыл ғана күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жыл сайын жазушыларды қолдау мақсатында Президент гранты беріліп келеді. Одан тыс қалған жазушыларға облыс әкімдіктерімен байланыс орната отырып, грант бөлуге ат салысып жатырмыз. Алматы қаласының өзінде 150 жазушыға грант беріледі. Келесі жылы қаладағы барлық жазушыға грант тиіп қалуы мүмкін. Биыл Алматы қаласының әкімі көптеген кітаптары жарық көрмей қалған жазушылармызға көмек қолын созып жатыр. Біз барлық жазушылардың тізімін бердік. Биылдың өзінде Жазушылар одағы мүшелігіне 400-ге жуық өтініш түсті. Жалпы Қазақстан бойынша 800-ге жуық мүше бар. Олардың 600-ге жуығы зейнет жасындағы адамдар. Менің ойымша, қазір біз жас ұрпақты көтеріп, шығармашылығына қолдау беруіміз керек. Әдебиетіміздің күші жастарда, әдебиеттің келешегі де жастарда. Біз жастарды мүшелікке алып, қамқор болып, жағдай жасауымыз керек.

– Жазушылар одағына мүше болу үшін қандай талаптар бар?

– Жазушылар одағына мүше болудың өзіндік критерийлері бар. Одаққа мүше болу үшін жазушының таланты болу керек, кем дегенде үш кітабы жарық көру керек. Ол кітабы танымал болса, үш белгілі үлкен жазушы кепілдеме беру керек. Келіп түскен өтінішті біздің қабылдау комиссиясы қарайды. Комиссия құрамына 20-ға жуық тәжірибелі, қаламгер кіреді. Сол кісілірдің қарауымен одаққа мүше бола алады. Одақта талантты жас жазушыларымыз жетерлік. Жақында "Рух" деген конкурс өтті. Қаншама ақын-жазушылар осы конкурс арқылы танылды. Шабыт фестивалінде де талантты жастар жүлде алып жүр. Бас жүлде, 1-орын алғандарының арасында жерде қалған біреуі жоқ. Шығыс Қазақстанда 4 жыл қатарынан "Шығыс шынары" дейтін мүшайра өткіздік. "Алтын тобылғы" дейтін Президент қорының конкурсы және бар. Былтыр "Нұр Отан" партиясымен меморандумға қол қойып, жас ақын жазушыларды қолдау мақсатында "Ұлы дала" дейтін конкурс аштық. Биыл осы байқауды жалғастырайық деп жатырмыз. Бұл конкурста 15-ке жуық сыйлық тарту етілмек. Біз бір жылдың ішінде 135 мерейтой өткіздік. 1 жылға шаққанда қарбалас жұмыс істедік. Қазақстанның түкпір-түкпірінде Әбіш оқулары, Фариза апамыздың оқулары өтіп жатыр. Келесі жылы Абай атамыздың 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын орда мемлекетінің құрылуына 750 жыл толуына жазушылар одағы басы-қасында жүріп, ұйымдастыру шараларына кіріседі.

Әңгімеңізге рахмет!

Дереккөз: ҚазАқпарат

Т. Раушанұлы