Дидар Амантай. Борхес пен Әуезов

Дидар Амантай. Борхес пен Әуезов
Фото: facebook.com

Соңғы жылдары менің кітапқа деген көзқарасым ақырындап өзгере бастады. Бұрын мен кітапты құпия қалтарысы, жұмбағы мол дүниенің кілті тұрғысында түсінетін едім, бірақ кейінгі кездері кітаптың қорғансыздығына бірталай көзім жетті.

Кітап авторын қорғай алмайды екен. Өзі де бүгін, тегінде, қорғансыздың күнін кешіп отыр. Кітап ессіздіктің өтінде тұр.

Бірақ та, көпғасырлық адамзат мәдениетінің жиынтығы, – қай кезеңде болмасын, тарихтың рухани келбеті.
Кезінде Борхес әлем құрылымын көз алдына кітапхана бейнесінде елестетіп еді. Кітапты уағыздың үлкені деп таныды. Оның бүкіл ғұмыры алып кітапханалар ішінде алып кітаптармен өтті. Данышпан қаламгерге кітап кем-кетігі жоқ, толық, кемел өмір болды, күрделі тіршілік, аласапыран өмір – алапат кітапқа енді, сосын әфсана туды… "Әдебиет әфсанадан басталып, әфсанамен аяқталады", – деп жазды ол.

Ол Буэнос-Айрес қаласында туып-өсті. Борхес өз шығармаларына Буэнос-Айресті кейіпкер етіп алды, серік тұтты, дос қылды, кетсе – сағынып жүрді.
Буэнос-Айрес…
Борхес…
Сосын – иррационализмге бой ұрған Шығыс…

Ол Шығысты жақсы көрді. Жақсы білді. Сондықтан да талқыға салды, сараптады.
Бір сұқбатында Борхес “Мың бір түн” үнемі оның жадында жүретіні туралы әңгіме қозғайды. Сонда әңгімеге араласып отырған Бартеломью: “Менің ойымша, әлем қазынасына, жалпы, ислам мәдениетіне қосылған ең қомақты үлес – “Мың бір түн”, – деген тосын пікір айтады.

Борхестің өзі де бір сөзінде: “Мың бір түн” деп айту дегеніміз шексіздікке – тағы, бір мәрте – бірді қосумен тең. Шексіздік идеясы мен “Мың бір түн” кітабы – пара-пар, – деген ойды көлденең тартады.

Сол Борхес орта жасқа келгенде әлемге танылып, өз елінде үлкен құрмет, асқақ абыройға бөлене бас-тайды. "Атақ-даңқ маған зағиптық тәрізді біртіндеп, байқатпай келді", – деп қайталап айтып жүрді Борхес қартаң тартып, еңкейген шағында.

Дүние жүзі оны ғұлама деп танып, мойындап, түрлі әдеби сыйлықтармен марапаттауға көшкенде, Хорхе Луис Борхес Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласындағы Ұлттық кітапханаға директор болып орналасты.

Сөйтіп, әфсанашыл Борхес және мол қазыналы кітапхана – бір ұғымның аясында бірікті. Себебі, Борхестің өзі кітапхана тәрізді рухани байлыққа толы, шексіз болатын. Қалам тартқан тақырыбы әртүрлі, шығармаларының тынысы кең әрі мазмұны терең, содан соң… еріксіз мойындау қажет, сіз оны және ол туралы жазылған еңбектерді ешқашан оқып тауыса алмайсыз.

Бірде, бір кездесуде Алматыдағы Қазақстан Ұлттық кітапханасының директоры Мұрат Әуезовтің: "Кітапханаға келіп әңгімелесіңіздер. Сол кезде сіздер ескі кітаптардың сықырын, қолжазбалардың сыбдырын және көне лұғаттардың парақталып жатқанын естисіздер" дегені бар.

Борхес өмір бойы сүйенішін кітаптан тапқан. Мұрат Әуезов мемлекеттік қызмет, бәтуасыз саясат және қоғамдық жұмыстардан кейін, баянсыз тірліктен шаршап – аяулы кітапқа қуанып қайта оралды. Кітаптан бақыт пен жұбаныш іздеді. Жаңа тыныс тапты. Бала кезінде кітаппен көзін ашып, кітапты сүйіп өскен биік парасат иесі алпысты алқымдап қалғанда, қорғансыз асыл кітапты қайыра өз қамқорлығына алды. Кітап, Алматы, әфсана…

Ол талай мәрте жеке кітапханасын соңынан ерген іні-бауырларына сыйлап еді… Былтыр Мұрат Әуезов өз кітапханасынан тағы да бірнеше бума кітапты Монғолиядағы ағайындарымызға жөнелтті.

Мұрат Әуезов те – данышпан Борхес тәрізді – бір өлшемге сыймайтын интеллектуал тұлға. Кейде оны бұл қасиеті үшін жаппай сынап та жатады. Синолог, әдебиеттанушы, саясаткер, мәдениеттанушы, тарихшы, киногер, Елші, шешен, өнертанушы…

Борхес те ешқашан қалыпты түсінік шеңберіне сыймай кеткен бүкіл халықтық, тіпті, жалпыадамзаттық ақын еді. Қаламгер. Дінтанушы. Қысқартып айтқанда, білгір. Хәкім.

Мұрат Мұқтарұлы 1978 жылғы күнделігіне былай деп жазып қойыпты: “Жөйіттер арнайы әдебиетті оқиды, орыстар бүгін сәнге айналған дүниелерді қарайды, ал қазақтар “Жұлдыз” бен “Жалынға” жарияланғандарды түк қалдырмай түгел оқып отырады…” Әрине, бұл сөзде, түсіне білген адамға, жанға бататын ащы мысқыл да жатқан еді.

Сол күнделігін Мұрат Әуезов келесі бір бетінде былай деп жалғастырады: "Идеал тұрғысынан алсақ, қазақтардың өзгеше ойлауы жаңа ұлттық дүние-болмысты қалыптастырудан шығып отыр, ал орыстардың ниеті қолда бар жүйені жақсарта түсуде жатыр. Орыстың басқаша ой жүйесі үшін күресі, бір жағынан, ішкі мәселелерді шешуге бағытталған, екінші тараптан, аталмыш күрес әлемдік өркениеттің мұрат тұтқан құндылық-қасиеттерімен үндес (демократиялық еркіндік, жеке тұлғаның құқы және т.б.) сондықтан, әрине, олар эмиграцияға қиналмай, оңай кете салады, қолдаушылары табылады, түрлі мұратты көздеген қозғалыстар ұйымдастыра алады… Бізде мұндай мүмкіндіктер жоқ. Батылсыздығымыздан не шетел асып кетуге шамамыздың жоқтығынан емес, бұл қиындық тудыратын мәселе деп айта алмаймын. Шетелге кетпес бұрын, біз өз жерімізден сыртқа шығып, кеңестік тоталитарлық бодандық жүйеге қарсы оппозициялық күштермен байланыс орнатуға оң жағдай жасау үшін, әуелі біраз жұмыстарды іште жүргізуіміз қажет. Сөз ағартушылық қызмет туралы болып отыр…"

"Мұрат Әуезов аз жазады" деген зиялы қауым арасында қалыптасқан бір жаңсақ пікір бар. "Шешен, алғыр екендігінде шек жоқ, бірақ кітабы жоқтың қасы…", – дейді кейбір әріптестері. Меніңше, егер Мұрат Мұқтарұлы жазған-сызғандарын жинап, кітап қылып бастыратын болса, онда кітап саны он шақты томға жетіп қалатынына менің сенімім мол.

Ол – өмір бойы күнделік жазып келе жатқан адам. Өте үлкен қасиет. Және де күнделіктері күнделікті тұрмыс-тіршілік жайында емес, терең сараптамалық, ойлы дүниелер. Бұл күнделіктерді оқу үшін әжептәуір интеллектуалдық дайындық қажет.

Сіз Борхесті білімсіз оқи алмайсыз. Борхес – күрделі тұлға. Борхес, әрине, жиырмасыншы ғасырдың ұлы перзенттерінің бірі. Тегінде, оны қарапайым оқырмандардың бәрі де – ұға бермеуі мүмкін, сондық-тан да – аргентиналық кемеңгерді елдің жаппай оқуы, түсінуі, қабылдауы міндет емес. Адамзат тарихында ондай шарт жоқ.

Бұл жазбада мен Борхестің де, Әуезовтің де өмір тарихы мен шығармашылығына тоқталған жоқпын. Ізденімпаз оқырман оны өздері-ақ тауып, оқып алады.

Зады, мен екеуінен бір ұқсастық тапқанымды ортаға салғым келді. Оқымысты қос тұлға, Жердің шалғай екі түкпірінде ғұмыр кешкен ғаламзат перзенттері. Бір-біріне іркес-тіркес жалғасқан замандары ғана қатар, қайғы-қасіреті мол дәуірі ғана – бір. Интеллектуалдар.

Десек те, екеуінде бір ұқсастық бар. Әрине, кез келген аналогия, салыстыру қашанда қауіпті әрі адастырып жіберуі де мүмкін, дегенмен де. Борхес және Әуезов… Әйтсе де, пікір туды, соны айттым.

Дидар Амантай
Алматы, 2007 жыл

Ж. Жұмағұлов