Шерхан Мұртаза. Бір кем дүние

Шерхан Мұртаза. Бір кем дүние
Фото: vk.com

Бүгін қазақтың үш бірдей марғасқасыМұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкейдің дүние есігін ашқан күні. Айтулы күн ешқашан елеусіз қалмақ емес. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» атты ой-толғаныс кітабы – оқырман қауым іздеп жүріп оқитын қажетті дүниеге айналды. Жазушының туған күніне орай кітаптағы үзік ойлардың бір парасын ұсынып отырмыз.

Құр алақан

Жарты әлемдi жаулаған тағы бiр жаһангер - Александр Македонский - Ескендiр Зұлқарнайын өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға берiптi.
Бiр данышпан алақанына бiр шөкiм топырақ салған соң ғана қолы сылқ етiп табытқа түсiптi.
Сөйтсе, Ескендiр тiрiлерге:
- Ей, жарандар, мен дүниенiң жартысын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Мiне, қараңдар, - деп алақан ашып көрсеткенi екен.
Қайран дүние, тiршiлiкте кiм тойған...
Адамның ашқарақ көзi топыраққа ғана тояды.
Бiр кем дүние...

Бір тамшы жас

О, Сүйiнбике! Алтын Орда хандарынан қалған тәбәрiктей асыл жан.
Сен жасыңда дәуiрледiң.
Қазан халқының ханы болдың. Қазанды билеген әйел затынан шыққан тұңғыш хан.
Сенiң сорыңа орыс патша Иван Грозный замандас болар ма?!
Қазанды сол қиратты.
Қазан қамалын зеңбiректен атқылап құлатып, сенi тұтқынға алды.
Сен Қазанмен қоштасарда көзiңде жалғыз тамшы жас тұрып қалды.
Кейiн тамаша суретшi Бақи Орманшы (Урманче) сенiң суретiңдi ағаштан ойып салғанда, кiрпiктерiңнiң астынан сол бiр тамшы жас ерекше көрiнiп тұрды. Сол тамшы жас болмаса, суретте жан болмас едi. Сол тамшы жас болмаса, бiр кем дүние - шын кем дүние болар едi.

Асату

Көне түрiк сұлтандарының салты:
Сарай ақынының өлеңдерi ұнаса, аузы толғанша алтын тiллә асатады.
Ұнамаса, аузы толғанша жылқының тезегiн асатады.
Қазiргi ақын-жазушыларға да осы әдiстi қолданса, әдебиет шыңға шығар едi.
Бiрақ "ералаш" қой.
Бiр кем дүние. 

Опасыз алтын

Жүз жасаған теректi арқалап, балталап жатып алып кеткен. Томары қалып қойған. Кедей кемпiр самаурынға деп, күнде барып, томарды шетiнен кемiре бередi.
Бiр күнi балтасы тасқа тигендей болды. Қазып қараса, шағын сандық екен. Ашып көрiп едi, iшiнен киiзге ораған алты кило алтын шығады. Милицияға хабарлайды. Өкiмет кемпiрге алтын құнының 25 процентiн бередi. Баласы ұрсады:
- Балам-ау, осыған да шүкiр де. О баста өз иесiне опа қылмаған алтын ғой. Осыған да қанағат. Қанағат қарын тойғызар. Қанағатсыз жалғыз атын сойғызар. Саған қатын алып беруге осы да жетедi, - дептi кемпiр.
Баласы дүрдигенiн қоймапты.
Бiр кем дүние.

Шошқа тікен

Жылт еткен жақсылық хабар бар ма? Үлкен қаланың түнгi аспанындағы сирек жұлдыздардай жыламсырап әрең-әрең көрiнедi.
Сонда бұл дүние, өзiң бес-ақ күн қонақ болсаң, несi қызық?
Қызық ету, сiрә, аса дарынды сирек адамдардың ғана қолынан келетiн болар.
Мысалы, мына Нұрғиса сияқты жарқылдап өтсең дүниеден.
Бiрақ ол қиыншылық көрмеп пе? Тағдыр қиыншылығының көкесiн көрген шығар. Оған мойымаған, қайғыны да, мұңды да көрiп-бiлiп жүрiп бүгiлмеген адамнан анандай сұрапыл да сұлу күйлер, әдемi әуендер төгiлер.
Олар - Құдай сүйген құлдар.
Таланттар раушан гүлi сияқты жан-жағына жұпар шашады, көңiл ашады. Тiкенi, азабы өзiне.
Талантсыз топастар шошқа тiкен сияқты. Гүлдемейдi. Сүйкiмсiз. Азабы өзгеге. Жамандық солардан.
Мұндайлар бiздiң әдебиетте бар ғой.
Бiр кем дүние.

Ж. Жұмағұлов