Ақберен Елгезек: "Сергей Есенин туралы бірер сөз"

Сергей Есенин 1925 жылы «асылып өлді». Ол да Пушкин сықылды Петерборда жалғанмен қоштасқан болатын. Ақынның қазасынан кейін 3 жыл өткен соң, драматург Николай Эрдман «Өзін-өзі өлтіруші» («Самоубийца») атты комедия жазады. Сол комедияның ішіндегі Подсекальников деген кейіпкер күндердің күнінде, қайдан шықса одан шықсын деп Кремльге телефон шалады ғой. Тұтқаның арғы жағында кім тұрғанын ол қайдан білсін, ең бастысы шерін тарқатуы керек. Сондағы айтқаны: «Мен Марксты оқыдым. Ол маған түк те ұнаған жоқ. Және бір өтінішім бар еді. Өміріміз өте қиын. Сол туралы айтуымызға рұқсат беріңіздерші. Сыбырлап айтсақ та жетіп жатыр. Тек сөйлеуге рұқсат беріңіздерші!» — депті. 

Сталин комедияны көріпті де, сол күні бұл қойылымға тыйым салыпты. Кейінірек мұртты қанішер көсем Есениннің шығармашылығына да табу қойған. Алайда, тыйым салынып, «есеновщина» деп жарияланған ақынның өлеңдерін Сталиннің концлагерьлерінде жұрт жатқа айтатын болған. Тіпті, сол кезде қоғам Сталинге деген қарсылығын Есенин туралы айту, Есениннің өлеңдерін оқу арқылы білдірген дейді. Әрине, Есениннің өлеңдерінде Сталиннің нақты бейнесі жоқ. Бірақ Есенинді оқып тұрған адамның неге мұндай әрекетке барып тұрғанын замандастарының барлығы жақсы түсінетін болған. Айтпақшы Сталин Есенинді, Пастернакты және Маяковскийді жеке-жеке қаьылдап грузин ақындарын аудару жөнінде ақылдасыпты. Сталин қанша тырысса да Есенинді халық жадынан өшіріп, ақыры өлтіре алған жоқ. Бірақ, Есениннің Юрий атты ұлын маған қастандық жасады деп атып тастайды. Ал, Ахматова Есенин қайтқанда оның өлімін Пушкиннің өлімімен қатар қояды. 

Өлер алдында ішіп алған Есенин әр бұрышта: «Бей коммунистов! Спасай Россию!» — деп айқайлап жүрген деседі.

Ақберен Елгезек