Герольд Бельгер: "Өмірімнің 43 жылын қазақ тіліне құлағымның құрышын қандырумен келген екем..."

Герольд Бельгер: "Өмірімнің 43 жылын қазақ тіліне құлағымның құрышын қандырумен келген екем..."
Фото: i.ratel.kz

Тіл – ұлттың, халықтың ең асыл, ең құнды қазынасы. Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. Мысалы: "Өнер алды – қызыл тіл", "Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады", "Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні бар" сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. 

Ұлты неміс болса да, қазақ болып кеткен көрнекті жазушы Герольд Бельгер көзінің тірісінде "...Өмірімнің 43 жылын қазақтардың арасында, қазақ тіліне құлағымның құрышын қандырумен келген екем. Менің ұғым-түйсігімде қазақ тілі құдды қазақтың осынау кеңпейіл, мейірбан дархан даласы сияқты ғажайып ұшан-теңіз бай, шешен де көркем тіл. Тек сол оралымды бай тілді "қиыннан қиыстырар ел данасы" керек. Өз басым осылай түсінемін" деген екен. Жазушының қазақ тілі туралы мына пікірі кімді болса да бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз. 

...Әлдеқалай орыс, неміс таныстарымның арасына түсе қалғанда, олардың әңгімесі қыза-қыза келгенде, маған тұтқиылдан сұрақ қоятыны бар: "Осы қазақ тілі қалай өзі ... бай тіл ме?". Бір ауыз сөзбен қысқа қайырып: "Бай! десем, бәрібір сене қоймайтынын білем. Сондықтан, сөзім дәлелді болу үшін, мен де жауап берер алдында ойланып, атам қазақтың "біреу ойнап сұраса, сен шындап жауап бер" деген қағидасын ескеріп, көптеген мысалдар келтіремін. Айталық, орыс, неміс тілдерінде тапшы келетін қазақтың мал атауларын ұзақ-сонар әңгімелеп, тізіп ала жөнелемін. 

Атап айтқанда, жылқы, түйе, сиыр, қойға қатысты неше түрлі сөздерді тізіп шыққаннан кейін тыңдаушыларға жымия бір қарап қойып, "ал, енді бүркітке келейік" деймін. Онсыз да бағанадан бері жағасын ұстауға әзер отырған кісілер: "Бүркіт?!. Ол не тағы?!" деп таңданысады. 

Әрине, менің де аңшылық-саятшылықтан білетінім жоқтың қасы. Көбі кітаптан оқып-тоқығаныма негізделген. Бәрінен бұрын баяғы бала кезімде ауылдасым марқұм Әбілмәжін шалдың бүркітті қалай ұстап, баулығанын көрген едім. Сол кезден бүркіт пен бүркітшіге байланысты біраз қазақ сөздері жадымда қалған: мәселен, балапан құс, тірнек, тас түлек, мұзбалақ, көк түбіт, томаға, тұғыр, қан соқта т.с.с. Ал осы сөздердің көбінің баламасын орыс және неміс тілдерінде қолыңызға шырақ алып іздесеңіз де таба алмайсыз. Соған көзі жеткенде, әлгі таныстарым: "Ах, зоо! Вундербар!" немесе "Смотри-ка! Поразительно!" – дейді. Мағынасы қазекемнің "апырай, а!" дегеніне пара-пар. 

Ж. Жұмағұлов