Танымал жазушы Герольд Бельгер дүниеден озды

Танымал жазушы Герольд Бельгер дүниеден озды

Қазақстандық танымал жазушы Герольд Бельгер 81 жасына қараған шағында Алматыда дүниеден озды. Әдебиетімізге елеулі еңбек сіңірген тұлғаның қайтыс болғанын ҚР Президенті Іс басқармасының Орталық клиникалық ауруханасы растап отыр.

Герольд Бельгер 21 қаңтар күні инфаркттен аурухананың жансақтау бөліміне түскен  болатын. Жазушыға бірнеше рет жүрегіне ота жасау керек болған. Бірақ жазушы ота жасатудан бас тартқан.

Герольд Бельгер ғұмырында алты рет инфаркт алған. Бұған қоса, 1999 жылы жазушы инсульт алған. Сонымен бірге, ол сусамырмен де ауырған екен.

Герольд Бельгер 1934 жылы Ресейдің Саратов облысының Энгельс қаласында туған. 1941 жылы Еділ бойындағы этникалық неміс ретінде Қазақстанға, Солтүстік Қазақстан облысының қазақы ауылына депортацияланған. Қазақ тілін жетік меңгеріп өскен Герольд Бельгер Абай атындағы Қазақ педагогика институтының әдебиет факультетін бітірген. Жамбыл облысындағы орта мектептердің бірінде орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, шәкірт тәрбиелеген. 

1971 жылы Қазақстан жазушылар одағына мүше болды. 1992 жылдан бастап неміс тіліндегі "Феникс" альманахында бас редактордың орынбасары болып қызмет етті. 1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Алматыдағы Неміс мәдени орталығын басқарды, Қазақстан немістері кеңесінің және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі болды.

Герольд Бельгер - 53 кітаптың авторы. "Ауыл шетіндегі қарағай үй", "Даладағы шағалалар", "Алтын асу" және тағы да басқа шығармалары кең танылған. Ол сонымен бірге Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов және Әбдіжәміл Нұрпейісов шығармаларын орыс тіліне аударған. 

Сурет: rus.azattyq.org

Ө. Сансызбай