"Оң қол" шығармасынан дәйексөздер

"Оң қол" шығармасынан дәйексөздер
Фото: zheruiyq.kz

Қазақтың қаламы қарымды жазушысы Төлен Әбдіктің "Оң қол" әңгімесін оқып көрген бе едіңіз? Әрине, бір деммен оқылатын әңгіме болса да оқып болған соң өзгеше сезімге бөленесіз. Егер оқымаған болсаңыз оқуға кеңес береміз. Жазушының әйгілі шығармасынан дәйексөздер топтамасын ұсынамыз.

***

Біз өзіміздің бүкіл моралімізді адамның тән сұлулығынан жан сұлулығын жоғары қоюға негіздесек те, өмірде сол тән сұлулығымен бетпе-бет келіп қалған кезде өзіміздің әлгі қағидамызды қалай бұзып кеткенімізді білмей қаламыз. Өз еркімізбен ақылы аз болса да сұлу әйелдерге үйленуге дайынбыз, бірақ ақылға бай, көріксіз әйелдерге жолағымыз келмейді. Санамызды жабайы инстинкт секілді бір әуей күш жеңіп кетеді. Біз ең осал жерінен қолға түсіп, тырп ете алмай қалған аңға ұқсаймыз. Ендеше сұлулықтың әлі де зерттелмеген немесе біле тұрып, айтқымыз келмейтін бір сырлары болуы мүмкін... 

***

Біз тәні ауыратындарға аяушылық білдіріп, оларды жақсы көре түсеміз, ал жанның дертіне шалдыққандарды көргенде көкейімізде әйтеуір өзіміздің аман екенімізге шүкіршілік білдіретін қаскөй қуаныш тұрады. Ғаріпті аясаңыз - ақыл-естен айрылғандарды аяңыз, соларды сүйіңіз.

***

Өмірдегі сәттілік өте сирек нәрсе. Ол жұрттың бәріне бірдей жете бермейді. Бірақ ең үлкен жалғыз сәттіліктен кейін, қалған сәтсіздіктің бәріне де төзуге болады. Қиыншылықты жеңудің ең бір үлкен құралы - төзім. Төзе білсең, барлық азап атаулының жүзі мұқалып, майырылып, өтпей қалады.

***

Жақсылықтың терең тамыры сұлулықта, өйткені тіршілік тәннен басталады. Ал сұлу адамдардың ақылсыз, жаман болып шығуы – диспропорция, өмірдің күрделілігінен, қиындығынан алғашқы тепе-теңдіктің жиі-жиі бұзылуы...

Ж. Жұмағұлов