Әйгілі қаламгерлердің жазуы

Әйгілі қаламгерлердің жазуы
Фото: kladvsebe.ru

Адамның жазуына қарап оның мінезін анықтауға болады деп жатады. Қарапайым адамдардан гөрі қаламгерлердің жазуы көпшіліктің назарын аудартады. Әйгілі шығармаларды дүниеге әкелген ұлы жазушылардың қолтаңбасы қандай болғаны барша оқырман қауымды қызықтырары даусыз. Осы орайда оқырмандарға әлем классиктерінің жазуы жөнінде аздаған ақпарат беруді жөн көрдік. 

Л.Н.Толстойдың жазуы нағыз дәрігердің жазуы секілді, түсіну қиын болған. Бірақ басқа қолжазбаларға қарасақ, жазушының өте тез жазғанын көре аламыз. Толстойдың шимайлы жазуын «Соғыс және бейбітшілік» романын бірнеше рет көшірген әйелі ғана түсіне алған екен. 

В.В.Набоковтың жазуын түсіну мүмкін емес. Оның есепсіз бағыттамалары көп жазуын анықтап түсіну үшін жазушының өзін түсіну һәм сезіну керек.

XIX ғасырдағы орыс әдебиетінің белді өкілі, ақын А.С.Пушкин болса, өте ұқыпты жазса да түсініксіз жазған. Ақынның қолжазбаларындағы жазуына қарасақ, орыс тілінде жазғанына күмәнданып қаласыз. 

Неміс тілді жазушы, «Қорған», «Америка», Құбылу» секілді әйгілі шығармалардың авторы Ф.Кафканың жазуы құбыжықтар жайлы фильмдердегі жынның құпия жолдауындай әсер қалдырады. Жазушы өте ұқыпсыз жазған. 

Орыстың ұлы ақындарының бірі С.Есениннің жазуы бір қарағанда бірден түсініп, білуге болатын бірден-бір орыс жазушысы. Шындығында, оның қолтаңбасы бесінші сынып оқушысының жазуын еске салады. 

Қаламгерлер қауымының жазулары сондай ұқыпсыз, адам түсінбейтіндей десеңіз қателесесіз. Өте әдемі жазатын жазушылар да болған. Солардың бірі қорқынышты шығармаларымен әлемге танымал жазушы Эдгар По. Жазушының жазуы тік әрі қарапайым болған. Ол зергер секілді әр әріпті әдемілеп жазуға тырысқан. Бірақ бұл таңғаларлық жайт емес. Кез келген жазушы өзінің шыңдалған шеберлігі мен қабілетінің арқасында керемет шығармаларды тудыра алады. 

Ж. Жұмағұлов