Сөреңізде тұруы тиіс кітаптар

Сөреңізде тұруы тиіс кітаптар
Фото: massaget.kz

Әлемде кітап көп. Санына жету қиын болар сірә. Дегенмен әлемге әйгілі болған, атынан бренд жасап алған Google Books ұжымы 2010 жылы әлемдегі кітаптар санын анықтамаққа бел буыпты. Google Books ұйымы жариялаған ақпаратқа сенсек, әлемде 129 864 880 кітап бар екен. Мұның өзі әлі нақты жауап емес.

Біз қандай кітап оқып жүрміз және үйдегі кітап сөресінде әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамастан қандай кітап тұру керек? Тұрмыста таптырмайтын, үнемі ашып, керек деп есептейтін, бұрынғыдай жата жастана оқымасаң да аракідік үңіліп тұрудан кетәрі емес құнды кітаптар баршылық. Тек дұрыс таңдау жасау керек. Ары ойланып, бері ойланып, саралап, бастауынан сараптай отырып мынадай кітаптар болуы міндетті деп шештік.

1. Кодекстер.

Заңға бағынушы толық құқықты азамат ретінде шаңырағыңда құқығың тапталмауына көмекші құрал болғаны абзал. Біз заң ғылымын жетік білмегендіктен, кодексті оқымаудың салдарынан көп жағдайда өз құқымызды білмей сан соғып жатамыз. Барлық кодексті сөреңде сақтап, оқымасаң да маңыздылары қолжетімді жерде болғаны дұрыс.

2. Өз еліңнің тарихы жайлы көрнекті кітаптар.

Өткенін білмеген бүгінінен бейхабар. Оның болашағы да бұлыңғыр екені белгілі. Бейбітшілікте өмір сүріп жатқан еліңнің тарихын білмеу болмсыңа да сын болмақ. Адам бойындағы ерекше бір рухтандыратын қасиет – патриоттық сезім. Отансүйгіштік қасиетті уақыт өте келе кез келген тұрғынның бойынан оятуға болады. Сөреде тұрған тарихи кітаптың сыртына қарап-ақ мақтыныш сезімі оянады.

3. Заманауи сөздік.

Қоғам күннен күнге сауатын ашып, ғылымдар пайда болып, жаңа сөздер пайда болып жатыр. Теледидарда да, құжаттарда да жаңа сөздер. Белгілі бір түсінбейтін сөзіңді сөздіктен тауып алсаң, қиындықтан құтыласың. Ескеретін мәселе – оқулықты дұрыс таңдай білу.

4. Мамандығыңа не болмаса қызығатын салаңа байланысты кітаптар.

Біздің миымыз қанша жерден ақпаратты қабылдаса да, оны үнемі сақтап отыра алмайды. Сондықтан кәсібіңізге байланысты ұғымдар мен теорияны, идеяларды арнайы кітаптан іздеген жөн. Ұмытып еске түсіре алмай жатсаңыз немесе шешіміңізге сенімді болмасаңыз оқулықтың бір пайыз болса да көмегі тиер. Біреулер психологияға қызықса, өзге біреулерге туристік саяхаттар ұнайды. Қызыққан салаңа байланысты оқулықтар сенің жан-жақты болуыңа қол ұшын созады.

5. Есіңде ерекше сақталған, қатты ұнатқан кітаптар.

Мұндай еңбектер жаның жабырқап, көңіл күйің түсіп, еңбек етуге деген потенциалың төмендеген кезінде «оянуға» таптырмас кітаптар. Жаңа идеяларды, ойларды өмірге әкелетіндей ой салар дүние болғаны жақсы. Мысалы, сіз жексенбі күні демалыстасыз. Бірақ күйбең тіршілікке келесі күні араласу керек және келер аптада атқарар іс көп. Ендеше тосылмай ұнайтын, қанаттана алатын «сиқырлы» кітабыңыздың көмегіне жүгініңіз. Жоқ дегенде көңіліңді көтереді. Кітап ісінде әр адамның талғамы әр түрлі. Бірі афоризмдер оқыса, бірі поэзиядан, прозадан нәр алып жатады. Сондықтан бұл пункте талғамға ғана бағыну керек.

Әрине, біз ешкімге аталған оқулықтарды оқуға немесе сақтауға міндеттемейміз. Әркімнің өз қалауы мен өз талғамы бар. Тек пайдалы кітаптардың алдыңғы орында болғаны қоғамға, адамзатқа әсерін тигізбек. Бастысы – кез келген азамат болмысымен дараланып, сенімі артып, ортасында қадамын нық әрі анық баса алады. Ал бұл біздің жас мемлекетіміздің келешек өскіндеріне керекті де таптырмас, құнды сезім Қадірлі оқырман! Қанша кітап оқысаңыз да, сақтасаңыз да, жинасаңыз да ерік – өзіңізде. Тек сол кітаптар оқылмай, босқа шаң басып тұрмаса игі.

Рысгүл Мәтжанқызы
vk.com/books.reading

@. @assel_assanova