Кітап жайлы сіз білмеген деректер

Кітап жайлы сіз білмеген деректер

Гугл әлемдегі кітаптарды зерттеп, публицистикалық, ғылыми және көркем әдеби кітаптардың санын есептеп шыққан. Жер шарындағы кітаптар саны шамамен 129 864 880-ге жеткен. Көптеген қаламгердің туындылары электронды нұсқада басылып шықпағанын ескерсек, бұл санның әлдеқайда көп болары анық.

Әлемдегі ең көне кітап - Присс папирусы. Б.з.д 3350 жылы жарыққа шыққан. Фива қаласындағы пирамидалардың бірінен табылған бұл кітаптың мазмұны әлі күнге дейін ауқымды. Кітаптың авторы жастарға наразылығын білдіріп, тәрбие мен білім жайында жазған. 

Баспагерлер қауымы кітапта басылып кеткен қателермен әлі күнге дейін күресіп келеді. Қанша көз майын тауысып, тексерсе де, бір әріп, не бір белгі артық-кем қойылып кетіп жатады. Кітап басудағы осы кемшілікті бағзы заманда баспагерлер «шайтан ісі» деп түсінген. Оқырмандарға сапалы, әрі түсінікті ақпарат бермеу үшін бір күш кедергі жасайды деп сенген екен. 

Әлемдегі ең қымбат кітап – «Лестер кодексі» деп аталатын Леонардо да Винчидың ғылыми трактаты. «Жер, су, аспан денелеріне» арнап жазған бұл ғылыми туындының бүгінгі иесі - Билл Гейтс. Жиырма төрт миллион тұратын кітапты тек айна арқылы оқуға болады екен. Себебі кітап кері басылған. 

Әдебиеттанушылардың зерттеуі бойынша, Шекспирдің еңбектерінде «махаббат» сөзі 2259 рет аталса, «жек көру» сөзі тек 229 рет қайталанған екен.

2007 жылғы британдық «Teletext» компаниясы «іш пыстыратын» кітаптардың тізімін шығарған болатын. Сол тізімнің қатарына: «Соғыс пен бейбітшілік», « Қылмыс пен жаза», Джеймс Джойстың «Улисс», Пауло Коэльоның «Алхимигі» мен «Гарри Поттер және от кубогы» секілді кітаптар енген.

Кітап үшін ең көп қаламақы төлеген - Марк Аврели есімді Рим императоры. Оппиан есімді ақынға балық аулау мен аңшылық жайындағы поэмасындағы әр жол үшін бір алтын тиыннан төлеген. Екі поэма жиырма мың жолдан тұрады екен. 

Гавана халықаралық кітап көрмесінде ең үлкен кітап ұсынылды. Бұл кітап әлемге әйгілі ойшылдардың жинағы ретінде құрастырылған. Ұзындығы 380 сантиметрге созылса, биіктігі 350 сантиметрге жетеді. 

Ең көп оқылатын кітаптардың қатарын діни кітаптар кіреді екен. Бірінші орында – Библия, екінші орында - Мао Цзэдунның жинағы және «Сақина әміршісі» кітабы – үшінші орында.

Кітап жайында 20 дерек:

1. Есінеу жайында кітап оқысаңыз, сіз де есіней бастайсыз.
2. Ертеректе сөреде керісінше: кітаптың бүтін жаны (корешок) қабырға жақта тұрған.
3. Кітап оқуға баулуға тек 4-6 жаста бастаған жөн. Себебі кейін, баланың ынтасы жоғалады.
4. Адамдар кітап оқуға, шамамамен аптасына 6,5 сағаттай бөледі екен.
5. Үшінші сыныпқа дейін кітап оқи алмаған бала өмір бойы кітап оқуды әдетке айналдыра алмайды.
6. Роман жазу үшін жазушының орташа есеппен 475 сағат уақыты кетеді екен. 
7. Темір тордың ар жағында жазылған романдар: Мигель де Сервантестің «Дон Кихот» кітабы, Джон Баньянның «Пилигрмның саяхаты», Оскар Уайльдтың «Түрме тәубесі». 
8. Еуропа кітапханаларында бұрынғы кезде кітаптар шынжыр арқылы бекітілген екен. Оқырмандар қалаған жеріне оқып отыруға болатындай етіліп жалғанған ұзын шынжырлар, кітапханашылардың адамдардың кітаппен сыртқа шығып кетпес үшін жасалған айласы екен.
9. Кітап сатып алушы орташа есеппен, кітаптың мұқабасына 8 секунд, соңғы бетіне 15 секунд қарайды екен. 
10. Бүгінде сатылып жатқан кітаптардың жартысын көбіне 45 жастан асқан оқырмандар сатып алады екен. 
11. АҚШ кітаптанушыларының зерттеуі бойынша, 10 жасқа дейін кітап оқуды қалыптастырған бала түрмеге түсу, нашақор болу секілді жағымсыз әдеттерге баруы екіталай деген қорытынды жасаған.
12. Барлық кітаптың 68% -ын әйел адамдар сатып алады.
14. Оқырмандардың дені кітаптың 18-бетіне келген кезде тоқтап қалады.
15. Командалық дауыстап оқудағы ең ұзақ марафон 224 сағатқа созылған екен.
16. «Penguin» баспасынан жұқа мұқабалы кітаптар, әуелгіде, шылымның сырты секілді ыңғайлы етіліп жасалған, ал ең бірінші «пингвиндік» кітаптар шіркеуде таратылған екен. 
17. Сауатсыздықтың кесірінен әлемдегі бизнес пен салықсалушылар 20 миллиард доллардай шығын шығарады екен. 
18. Библиоклептоман – кітап ұрлайтын адам. Сол ұрылардың бірегейі— Стивен Блумберг есімді жігіт. Ол 23 000 құнды кітапты ұрлаған, оның қоры 20 миллион долларға жеткен.
19. «Кітап кеміргіш» түсінігі (книжный червь) кітап қиқымымен қоректенетін жәндікпен тікелей байланысты.
20. «Робинзон Крузо» әңгімесінен кейін адамдардың 80%-ының кітапқа деген ынтасы артқан.

Минутына қанша сөз оқисыз?

1. Наполеон минутына екі мың сөз оқыған.
2. Бальзак романның 200 бетін жарты сағатта оқитын болған.
3. М.Горький минутына төрт мың сөз оқыған.
4. Н.А.Рубакин өмірінде 250 мың кітап оқыған.

Сурет: bsu90.blogspot.com

Ш. Талап