Жақсы жар туралы ертегі

Жақсы жар туралы ертегі
Фото: moi-detki.blogspot.com

Ертеде бір іске шебер, ұқыпты, пысық жігіт болыпты. Ол үйленетін шағы жақындағанда айналасын барлап, кім қалай тұрып жатыр, кім әйелі туралы не айтады, кім үйіне асығып тұрады деген сұрақтарға жауап іздей бастайды. Бір күні қақ-соқпен ісі жоқ, сабырлы да сенімді бір танысының үйіне қонаққа барады. Оның әйелі де келген кісіні күліп қарсы алатын жүзі жарқын кісі екен. Айналасына зер салған жігіт үйде барлығы таза, әйел де пысық екеніне, ешкімді жамандамайтын, біреу қуанса бірге қуана білетін жан екеніне көзі жетеді. Олардың тұрмысқа шықпаған қызы бар екен. Ол да анасы секілді үй тірлігіне пысық, жинақы киінген, шашын ұқыптап өріп алған. Жүзі жылы, көп сөйлемейді, жігітке бірден ұнады. Көп ұзамай осы қызды жар етіп алды.

Олар бір шаңырақ астында бірнеше жыл бірге тұрды. Жігіт басқа еркектер секілді жұмыс істеді. Келіншегі үйді мұнтаздай таза ұстап, пеште әрдайым асы әзір тұрды, жыртығын жамап, киімін үтіктеп, күйеуінің көңілін таба білді. Жігіт бастапқыда аса көп табыс таппады. Келіншегі де оған үндемейтін. Үйге келсе аз табысының өзі барлығына жетіп жатқанын көреді, ештеңеден тарықпады. Ол барлығына қалай жеткізеді деп таңданатын жігіт.

Тіпті артылған ақшаны жинап, диірмен тұрғызарлық халге де жетті, тек тағы да үстіне аздаған ақша қосу керек еді. Қыс түскенде жігіт достарымен бірге ақша табуға басқа қыстаққа кетті. Келіншегі жолына қарап үйде жалғыз қалды. Іші пысқан соң, көрші келіншекті шақырды, екеуі бірігіп іс тігуге кірісті.

Әңгімеден әңгіме шығып, көршісі күйеуі туралы айта бастады: «Мен оған шын ғашықпын, онсыз өмір сүре алмаймын. Бірақ бірге тұрғалы тұрмыс қажытады екен, ананы алсаң мынаған, мынаны алсаң анаған ақша жетпей тұрады. Мен одан көп ақша табуын талап етіп, басқалармен салыстыра бастадым. Құрбым, осы сен ақшаны барлығына қалай жеткізесің»,– деді.

Келіншек ұялып қалды да:
– Оның еш құпиясы жоқ. Анам маған үнемі қолда бар нәрсені қадірлеп қолдану керек дейтін. Жыртылған киімді дер кезінде тігіп, жуып, тазалауды ескертті. Үйде адамға пайдасы тимейтін зат тұрмауы керек деген. Тамақты да ысырап қылмай, барлығын пайдаға жарату қажет. Үйдің әр бұрышы таза тұрса, сол үйде ұзақ өмір сүресің. Анам тағы да өз еріңді ешкіммен салыстырмауды баса айтып отыратын, оған бас иіп, бас ісіне көмектесу керегін айтатын. Сонда үнемі оның жолы болады. Өзіңе де күтім жасап, шашың, киімің жинақы болуын әрдайым басты назарда ұстауың керек. Күйеуің сені көріп, үйден күліп шығады.

Көршісі күлімсіреді де:
– Дұрыс айтасың, бәрі де қарапайым екен. Менің күйеуім де әрдайым ас әзір, үй таза тұруын қалайды,– деді. Келіншек оған:
– Менің де саған айтар өтінішім бар. Менің күйеуім өте пысық. Мені де сондай пысық болуымнан таңдады. Мен оны шын жүрегіммен сүйдім. Оның да маған солай әрдайым ғашық көзбен қарауын қалаймын. Үйдің берекесін келтіру басқа да, махаббатты орнату бір басқа екен,– деді.

– Дұрыс, махаббатты ештеңемен алмастыра алмайсың. Мен де елу жыл, жүз жыл өткенде осындай ыстық сезімімізді сақтап қала аламыз ба деп ойланамын. Солай ойлаймын да, көктемде күйеуімді ойлап жүріп гүл отырғызамын. Түймедақты, раушанды, сарғалдақты көрген ол маған күлімдей қарайды. Бәліш пісіргенде де қып-қызыл бәлішімді қалай сүйсіне жейтінін, одан кейін мені мақтайтынын көзіме елестетемін. Жейдесін үтіктегенде бар ойым осы киіммен өзін жайлы сезініп жүруінде болады. Күйеуіммен кездескенім үшін әр таңға алғыс айтмын. Күн сайын бетінен сүйіп оятып, қайырлы таң тілеймін. Ол күлімдейді, әр күніміз осылай басталады.

– Иә,– деді келіншек күйеуін өзіне қалай ғашық етерін армандап.

Осы күннен бастап ол үйдегі бар тірлігін тек күйеуін ойлап жүріп істейтін болды. Ал көршісі үйін тап-тұйнақтай жинап, ескі заттарды жаңартып, орамал, төсеніш, т.б. тіге бастады. Артық қоқысты шығарып, үйден көптеген пайдалы нәрсе тауып, әрқайсын орнына жайғастырды. Қыс ортасы таяғанда күйеулеріне тосап, бәліш жасап, қалың жемпір, шұлық салып жіберді.

Көктемде күйеулері сапардан аман-есен оралды. Жігіт келіншегі қалай қыстап шыққанын ойлап, асыға басып ауласын кірді. Сол баяғы келісті келіншегі, бірақ сәл өзгерек. Бұрымына бау қосып өрген, әдемі қызыл көйлек киген. Бастысы – көзі. Көзі жанып, әлдебір жылу шашып тұрды. Жігіт өз келіншегіне қайта ғашық болғандай, қатты құшақтады. Үйге кірсе, барлығы баяғыдай өз орнында, бірақ бұрынғыдан да бөлек жылу бар секілді, үйдегі барлық зат оны құшағына алып тұрғандай сезінді. Жуынып-шайынып дастарқан басына отырды, келіншегі дайындаған астан алып, бұрынғыдан да дәмді пісіргендей деп ойлады. Келіншегі де дастарқан басына жайғасып, іштей күйеуінің тамақ ішкеніне сүйсіне қарап отырды.

Осылай күн артынан күн өтті. Келіншегі көршісі секілді күйеуімен кезіккені үшін әр таң алғыс айтумен болды, күйеуін еркелете оятып, жылы-жылы сөздер айтады. Күйеуі де үйіне үнемі асығып келетін болды және өзінен маған не болды деп сұрапп қояды. Бұл – махаббат деді ішкі дауысы. Бір күні келіншегіне жүгіріп келіп: «Ақылдым, кемеңгерім, сен үшін не істегенімді қалайсың?» деп сұрады. Ол одан көп ұл-қыз сүйгісі келетінін айтты. Армандары орындалып, немере-шөбре сүйіп, бақытты ғұмыр кешті.

@. @assel_assanova