Атақ па, азық па? Ертегі (Жалғасы)

Атақ па, азық па? Ертегі (Жалғасы)
Фото: vsegda-tvoj.livejournal.com

БАСЫ

– Вачарават, сен бүгіннен бастап чангалармен өмір сүрмейсің, – деді қария ашу шақыра, – Бұдан былай менің лашығыма аттап басушы болма! Оның сөзін естіген чангалар Вачараватты келекелеп, айқайлап, аралдан жыраққа қуып шықты.

Одан кейін Вачараватты көрген кісі болмайды, көп ұзамай ұмытылып та кетті. Лотос гүлдейтін сәт жетті. Чангалар тағы да теріп алып, сиқыршыларға берді. Бәрі осылай кезегімен жалғаса берді. Үш күннен соң адамдар аралға жақындап келе жатқан үлкен қара кемені көрді. Ол аралдың басқа жағынан келді де, оның жүзіп кеткенін ешкім көрмеді.

Чангалар түні бойы лашығын тасалап, бойын билеген қорқынышты баса алмай жатты. Келімсектер өзіне шабуыл жасай ма деп алаңдады. Терезеден жанып тұрған шырағданның жылтырағанын, кеме мен жаға арасында былай да былай топырлап жүрген көп кісінің көлеңкесін көрді. Таң атқанда ғана бар батылын жинап лашықтап шықты. Ендігі кеме кетіп қалған екен, оның желкені көкжиектен әрең көрінеді.

Чангалар сондай қорықты, аралдың ел көрмеген жеріндегі бамбук тоғайына баруға да жүрегі дауаламады. Кейбіреулері Вачараватты еске түсірді, келімсектер оны не өлтірді, не өздерімен бірге алып кетті деп ойлады.

Үш күн өткен соң бамбук тоғайы арасында бір өзгеріс барын қария бірінші болып байқады. Чанганың екі еркегін шақырып, арал ар жағында не болып жатқанын білуге жіберді. Барлаушылар қорқып-дірілдеп қолдарына бір-бір таяқтан ұстай кетті. Бірақ қайта оралғанда жүздерінен қорқыныш нышаны білінбеді. Қарияға және жиналған қауымға көрген-білгенін баяндады.

Бамбук тоғайы арасында дүниеден безген Вачарават тұрады екен. Ол бамбук тоғайының айналасын жападан жалғыз тазалап, үлкен тікбұрыш тас жасапты.

Вачарават алып тастарды арқалап, бір-бірінің үстіне қояды. Саңылауларын қара балшықпен бітейді, үлкен балтамен тегістейді. Тас үйіндісі және балшық құйылған. Балшығы ерекше, чангалар аралында бұрын соңды ешкім көрмеген балшық. Барлаушылар халыққа төніп тұрған еш қауіп жоқ деп қарияны сендірді, әркім өз шаруасымен кетті. Біреуі суға шомылды, біреуі күнге қыздырынды, енді біреуі түнде мұхит толқыны шайып кеткен жағадағы ғибадатханаға тағы құм септі.

Келесі күні тоғайға барып келген екі барлаушыны сол жерге қайта шақырды. Қария оларды жібергісі келмеді, бірақ олар бәрібір барды. Сол кеткеннен мол кетті. Бір күн күтті, бір апта күтті, келмеді. Ай толған шақта аралға тағы да қара кеме келді. Өткен жолғыдай қария таң атқанда чанга халқын жинап, бамбук орманына екі батыл еркек жіберді.

Екі күн бойы оралмаған соң ақсақал жанына бес еркек ертіп, өзі аттанды. Көрген көзіне сенбей, ең алғашында ашу шақырды. Тоғай арасындағылар чанга халқының өмірлік ережесін бұзған екен. Үлкен алаңда жерден бес метр биік ғибадатхана іргетасын тұрғызыпты. Жіберген төрт барлаушысы Варчават басшылығымен ауыр тастарды тасып жүр екен.

Ақсақал үш әйелді көзі шалды, олар лотос гүлінің бейнесінде қашалған тастарды тасып жүр.

Ол асатаяғын сілтеп, құрылысшыларға лағнет жібергісі келді. Қариямен еріп келген бесеуі артынан сыбырлай бастады. «Бұл менің бала кезде құмнан тұрғызған ғибадатханам», «Мен де оны тұрғызуға қатысқанмын, атам маған қалай істеу керегін көрсетті», «Бірақ біздің ғибадатханамызды түнде толқын шайып кете беретін, ал мұны толқын шаймайды», «Вачаратқа біз де көмектесейік».

Ақсақал үнсіз кері бұрылды да, лашығына оралды. Жападан жалғыз. Күннен күнге бірнеше адам лашығын тастап, бамбук орманы арасына ағылып жатқанын мұңая бақылады. Қара кеме жағаға екі рет келді. Бұл кезде ол Вачараватқа тас пен балшық тасып жүрген әлемдік құрылысшылар кемесі екені бәріне мәлім еді.

Міне, лотос гүлінің бейнесінде құрылған таңғажайып ғибадатхана лашығында тұрған чангаларға да көрінетін күнге де жетті. Оны лашықтан ғана емес, тіпті көрші аралда тұрып көруге де болады. Қария өзіне адал чангаларды ертіп ғибадатханаға келді. Бұл жерде тіршілік бұрынғыдан да қайнап жатыр екен. Ерлер мен әйелдер бұрын тек күнге қыздырынып, суға шомылуды білсе, енді ғибадатхана қабырғасына чангалар өмірінен көрініс қашай білетін сирек дарынға ие.

Вибадатхананың бір қабырғасында әйелдер күріштен жарма дайындап жатыр, бір жерінде сиқыршыларға лотос беріп жүрген чангалар бейнеленген, бір жерінде көптен күткен күріш мейрамын тойлап жүрген чангалар бейнесі. Бір жерінде алдына тізерлеп отырған чангаларды үйіріп алған қарияның өзі бейнеленіпті.

Тығыздалған ғибадатханаға жақындаған қария әжімді алақанымен дөңес суретті сипап жылап жіберді. Осы ғибадатханаға ұқсайтын мұнараны оның әкесі де құмнан тұрғызып еді. Бірақ ол ұзаққа шыдамады. Демек, енді чангалардың өзінің ғибадатханасы бар.

Осы сәтте қарияға Вачараваттың өзі келді. Табанды еңбек оны шыңдап, шымыр да сымбатты жігітке айналдырыпты. Жүзі де бақыттан бал-бұл жанып тұр.

–  Міне, көзің жетті ме, ақсақал, – деді ол шаттана, – Чангалар өте дарынды халық. Қабырғаға қандай суреттер салғанын көрдің бе. Қарашы, қандай ғибадатхана тұрғыздық. Енді барлығы Пулау Сабах аралында өте шебер құрылысшылар тұрады деп айтатын болады.

Вачарават соңғы сөзін халыққа қарап айтты. Бір ауыздан: «Құрметті Вачарават жасасын!» «Чангалар жасасын!» деген жауап алды. Енді біз өлсек те, біздің ғибадатханамыз өзге халықтарды чанга деген ұлы халық болғанынан хабардар етеді. «Жасасын, жасасын!» деп жаңғырыққан дауыс біразға дейін естіліп тұрды.

– Не дейін, Вачарават, – деді қария, – Сен маған қарағанда ақылды болып шықтың. Демек, чангаларды басқару кезегі өзіңде.

Ақсақал бәрін түсінді. Кезінде Вачараватты аралдан аластауды бұйырып, қуып жібергеніне өкінді.

– Жасасын құрметті Вачараватымыз! – деп қуана айқайлаған чангалар дауысы жер-жерден естілді.

Үш күннен соң ғибадатхана құрылысы толық аяқталып, чангалар бұрын соңды болмаған мейрам жасады. Жұрт жеті күн, жеті түн масайрады. Чангалар бүкіл аралда алау жақты, ән айтып, жаңа басшысының атын айға шығарды. Әйелдер күріштен көптеген дәмді ас әзірледі. Енді үнемдеудің де қажеті шамалы, күріш егушілер келетін күн алыс емес. Чангалар ешқашан дәл осы күн секілді қуанбаған еді.

Мейрам аяқталғаннан кейін, сегізінші күні қария ғибадатхананы тамашалауға лашығынан шықса, ұлып, жылап өзіне қарай келе жатқан әйелдер легін көреді. Қариямен бірге тұрып жатқан Вачарават та жылаған әйелдер дауысын естіп, тысқа шығады.

@. @assel_assanova