Тауыс пен бұлбұл

Тауыс пен бұлбұл
Фото: look.com.ua

Ертеде бір патшаның өте сұлу бір қызы болыпты. Алайда қызының сұлулығы мінезіне сай емес екен. Сұлулығына масаттанып, ешкімді менсінбепті. Сөйлескен адамдарын кемсітіп, кекетіп, мұқатып, жүректерін жаралапты. Содан кейін әкесіне барып:

- Әке, менің жанымды ешкім түсінбейді. Жалғызбын. Бірде-бір досым жоқ, - деп күйінеді екен.

Бір күні патша өлкенің ең ғұлама адамын шақырып алып, оған:

- Қызымды ешкім түсінбейді. Жанында бірде-бір досы жоқ. Себебін тапсаң, өте риза боламын, - депті.

Ғұлама сарайда бір апта қалып, жасырын ханшайымды аңдиды. Бір аптадан кейін патшаның құзырына келіп:

- Мәртебелі тақсыр!Рұқсат беріңіз, қызыңызды жануарлар бақшасына алып барамын. Сұлу ханшайымның дертіне сол жерден бір ем табармын деген ойдамын, - депті.

Патшаның рұқсатын алған ғұлама ханшайымды алдымен жануарлар бақшасындағы тауыстардың тұрған жеріне әкеліпті. Ханшайым тауыстардың әдемілігіне қайран қалыпты. Құйрықтарындағы түрлі-түсті қауырсындарына қарап, көз айыра алмапты. Біраз уақыт өткеннен кейін тауыстар жағымсыз дауыстарымен сайрай бастағанда, жанындағы ғұламаға: « О, Тәңірім! Мыналардың дауыстары қандай жаман еді. Тезірек бұл жерден кетейік», - депті.

Бұл жолы ғұлама оны бұлбұлдардың тұрған жеріне алып келіпті. Бұлбұлдардың сырт көріністері онша әдемі емес екен. Бірақ бұлбұлдар сайраған кезде ханшайым  ұйып тыңдап, уақыттың қалай өткенін де сезбей қалыпты.

Бір уақытта ғұлама: «Қымбатты ханшайым! Күн батып келеді. Патша алаңдап жатқан шығар. Сарайға қайтайық», - деп ханшайымды бұлбұлдардың жанынан әрең алып кетіпті.

Жолда ғұлама ханшайымға:

- Ханшайым! Жаңа тауыстың қандай әдемі құс екенін көрдіңіз. Бірақ олар сайрағанда жанында тұра алмадыңыз. Ал бұлбұлдардың сырт көрінісі қарапайым болғанымен, дауыстары сізді баурап алды. Зер салып қарасаңыз, адамдардың да жырларына бұлбұлды қосып, тауысты ауыздарына да алмағанын көресіз. Сол сияқты, бір адам қаншалықты сұлу болғанына қарамастан, айналасындағыларды сыйламай, сөзімен ренжітсе, ешкім онымен дос болғысы келмей, одан алыс жүруге тырысады. Тілі майда, жүзі жылы адамдардың айналасы әрқашан досқа толы болады, - депті.

Сұлу ханшайым ғұламаның сөздеріне бас иіп, сол күннен бастап мінезін түзепті. Айналасындағылардың арасына сыйлы болып, достары да көбейіпті. 

О. Сансызбай