Бауыржан Момышұлының жастарды рухтандыратын ойлары

Бауыржан Момышұлының жастарды рухтандыратын ойлары

Әрбір азаматқа Отан алдындағы борышын өтеу міндет. Әскери сала – бүгінгі таңда қарыштап дамыған салалардың бірі. Елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін күзететін әскерилердің қашан да ерек, қай кезде де құрметке лайық. Осы орайда қазақтың батыр ұлы, ұлт мақтанышы Бауыржан Момышұлының әскери өмірге қатысты қанатты сөздерін назарларыңызға ұсынуды жөн санадық. 

***

Ерлік – тәрбие жемісі. 

Ерлік жасау үшін де жүрек керек. Егер ата-ана кішкентай кезінен баланың бойына тәрбие нәрін құйса, өскенде соның жемісін көреді. Ерлік жасау – өзгеге қол ұшын беру, көмектесу. Ерліктің үлкен-кішісі болмайды. Егер бір адамға пайдаң тисе, соның өзі ерлік. Оның барлығы үйдегі тәрбиеден бастау алады. 

***

Солдаттың анасы – Отанның анасы.

Қазақтың біртуар ақыны Қасым Аманжоловтың бір өлеңінде "Солдаттың етігіндей жаным сірі" деген жол бар. Расында, солдаттың етігі не көрмейді? Ол балшықты да, суды да, қарды да, бәрін кешеді. Солдат – ел үшін, жер үшін басын қауіп-қатерге тігуші жан. Ал, оның анасы – бүкіл елдің, халықтың анасы деуге толық негіз бар. 

***

Жерге тер төгіп, халыққа қан төгіп қызмет ет. 
Ел дегенде езіліп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет. 

Жер – халықтың қазынасы. Жердің егесі – халық. Баяғыда баһадүр бабаларымыз "жан керек пе, жер керек пе" дегенде, "жер керек" деп жер үшін атой салып, жауға шапқан. Демек, жер біздің ең қымбат байлығымыз. Ол сан ғасыр армандап кеткен бабаларымыздың асыл арманы. Ол үшін тер төккен адам халқына да пайдасын тигізбей қоймасы анық. Елім, жұртым деп еміренген бабалар аманатын аяқ асты етпеу әрбір қазақ баласының қасиетті борышы. 

***

Отанда опасызға орын жоқ.

"Отансыз адам ормансыз бұлбұл" дейді. Опасыздық – кешіріледі. Алайда, отанға деген опасыздық ешқашан кешірілмеуі тиіс. Өйткені, отан біреу. Сол себепті де опасыз адамға ол отанда орын жоқ. 

*** 

Ел қадірін білмеген ер қадірін білмейді.

Қазақ қай кезде де елден асып сөз сөйлемеген. Жауға аттанса да халықтың батасын алып барып, жолға шыққан. Елді, халықты құрайтын кімдер? Әрине, адамдар. Ел басына күн туғанда етігімен су кешетін – ер азаматтар. Ешкім халықтан биік бола алмайды. 

*** 

Парыз сезімі, адамгершілік — жеке бастың, ұлттың, Отанның мақтанышы. 

Өмірге келген әр адамның өзіндің атқарар борышы мен парызы, мақсат-міндеттері болуы заңдылық. Ердің парызы не? Елдің қамын жеу, ұрпақ өсіру. Оның барлығы парыз сезімінен, адамгершіліктен бастау алады. Бұл парыз бір ғана адамның емес, бүтін бір ұлттың мақтанышы. 

***

Жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатыр.

Жауынгер – ел үшін жан аямай отқа да, суға да түсуге дайын адам. Жауынгерлік тәрбие ең алдымен, жөргекте жатқан кезден басталады. Бала кішкентай кезінен бастап парыз сезімін сезініп өссе, оның бойында еліне, жұртына деген махаббаты оянады. 

***

Жеңіске тек рухтың күштілігімен ғана жетуге болады.

Рухы мықты жандар ғана соңына дейін шыдайды. Ең бірінші рухың мықты болсын. Басқасы түк емес. Жаумен бетпе бет келген сәтте рухың жығылса, көп ұзамай қолыңдағы байрағың да жығылатыны сөзсіз. Ал, жеңіске тек рухтың күштілігімен ғана жете аласың. 


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар