Бауыржан Момышұлының мінезі

Бауыржан Момышұлының мінезі
Фото: Жас Өркен

1972 жылы біз қолына көшіп келгенде атаның шашына енді-енді ақ кіре бастаған. Бірақ өте сергек, тікесінен тік тұратын. Жалт етіп қарағанда көзінің қарасына төтеп беру мүмкін емес. Қасы қалың, қап-қара. Салбұрыл тарта бастаған мұрты болды. Қараторы кісі болды. Бойы 1 метр, 78 сантиметр. Мұны Бақытжан анық білетін. Өйткені, өзінен анықтап сұраған болатын. Қыстай жатқызып қойып, жақсы күтім жасадым. Бір күні маған ұрысты. «Мынау қарын қайдан пайда болды? Өмірі маған қозықарын бітіп көрмеп еді. Осыны маған сен жапсырып бердің», – деп әбден ұрысты. Сіңірлі, қарулы болған. Тіпті қартайған кезінде ұстаған жерінің өзі көгеріп қалатын. Киім киген кезде көріктеніп шыға келетін. Әскери адам екені көрініп тұратын. Ауру меңдеген адам болса да еңсесін тік ұстайтын.

«Әркімнің өз Баукеңі бар» деп Олжас Сүлейменовтің айтатыны бар ғой. Атаны әркім өзінің көзімен, өзінің өресімен көрді. Кейбіреулер бет жағындағы көбігін ғана қалқып, арғы жағына үңіле алмады. Ал менікі тек келіндік көзқарас. Үстелді тарс еткізіп ұрып: «Көзіме тура қара. Ойыңды ашық айт! Қазулы көр тұрса да шындықты айт!» – дейтін. Ол кісінің көзіне тура қарау қайда маған? Көзін суреттеп бере алмаймын. Жанып тұрған от еді. Иығынан асырып қараймын. Кейін түсіндім ғой. Менің бойымнан жылт еткен бірдеңені көрді ме екен, әділетінен әділетсіздігі басым дүниеде, өзі де сондай нәрсені басынан көп өткізгеннен кейін де шығар, «жақсының да, жаманның да аяғында төселіп жататын төсеніштей болмасын, пысық болсын» деп үйреткен болу керек деп ойлаймын. Әңгіме айтып отырған кезде, ортадан кілт үзіп, пікірімді сұрайды. Кейде есің шығып кетеді. Үндемесең ұрсады. Қазір кез келген нәрсені ашық айтатыным, ұнамағанды бетке айтатындығым атадан қалған болу керек. Менің ең жақсы қасиетім – үндемей құтылатынмын. Жарылып кетейін деп тұрсам да үндемей қалатынмын. Бір кезде: «Балам, мен артықтау кеттім, кешір» дейтін. Бұл енді ұлылық!

Зейнеп Ахметованың сұхбатынан

М. Оңғарова