Ұлыма айтарым

Ұлыма айтарым
Фото: facebook.com

Әр ата-ана "баланы қалай тәрбиелеу керек?" деген сұраққа жауап іздейді. Баланы қалайша тәуелсіз, бірегей, мақсаты айқын етіп тәрбиелеймін деп өзі де біраз шыңдалады. Себебі әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өседі. Әйтсе де, бала үшін ата-ананың көзкөрген ақылы қашан да қымбат. Ендеше назарыңызға белгілі блогер, журналист Динара Болаттың "Ұлыма айтарым" атты өсиетін ұсынамыз.

1. Ердің екі сөйлегені – өлгені. Уәде бермеуге тырыс. Әйтпесе, сөзіңде тұр. 

2. Қысқа, нұсқа сөйле. Дауысың анық болсын. 

3. Көп тыңда. Аз сөйле. Сөзіңнің артынан ісіңмен үлгеруге жаныңды сал. 

4. Өсек айтылатын жерде болма. Кездейсоқ болған жағдайда қосылма. Кесіп тастауға тырыс 

5. Таспен атқанды аспен ат – жеңесің! Содан кейін алшақ жүр. 

6.Ренжітпе! Жүйелі қарғыс иесін табады. 

7. Ешқашан мақтанба! Жұрт мақтасын. 

8. Өзіңді сыйла. Өзгелер сыйласын. 

9.Күнде өзіңе есеп бер. Өзіңді тәрбиелей бер. 

10. Құмар ойын - әлсіздің әлегі. Мықтының рухы биік, денесі шымыр. 

11. Үйретері мол мықтылардан ұстаздарың болсын. Бірақ, ешкімді пір тұтпа. 

12. Сыйлағанның құлы бол. Кішірею төмендеу емес. 

13. Ең алдымен өзіңе өзіңнің көңілің толатындай өмір сүр. 

14. Саяхатта. Дүниетанымыңның аясы кеңейеді. 

15. Қайтарымынан үмітті болсаң, жақсылық жасама. 

16. Жүйкең әлі талай қажет болады. Болмашыға тоздырма. Шешуші сәттерге бапта. 

17. Бойжеткеннің көңілін оңай жаулағап, онымен болғаныңа шаттанып, сөз қылма. Ерлік емес! 

18. Уайымға салынудан алшақ бол. Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін шешім қабылда. Тез шешім қабылда. 
Тәуекел түбі жел қайық жүзесің де өтесің. Уайым түбі тұңғиық батасың да кетесің. 

19. Уәзірі мықтының тірлігі жеңіл. Мықтысын таңда! 

20. Сырыңды ешкімге алдыртпа! Екі елі ауызыңа сыймаған сөз өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды. 

21. Мүмкін нәтижелерін елестетіп көр. Нәтижесі ұнамаса, келіспе. 

22. Өкпелеме. Өш алма. Санасына бер. Аллаға тапсыр! 

23. Қыран құстай қырағы бол. Өзгелерді өзіңдей көрме. 

24. Пенденің пендеден айырмашылығы адамгершілігі мен білімінде. Таны, оқы! 

25. Өнер үйрен. Мамандығыңда мықтысы бол. 

26. Жер қозғалмаса қозғалмайтын сабырлы зіл бол. 

27. Өміріңнің сапасына тек сен жауаптысың 

28. Жалғыз апаңа (әпкеңе) қорған бол. Тұрмыста болса да, өз күйеуі – қорғаны бар деме. Сенің орның тым бөлек. 

29. Үйленуге асықпа. Жар таңдаудан жаңылма. 

30. Ұрпақ тәрбиесі елу пайыз сенің мойыныңда. Ұлың өзіңнен озатын болсын! Қызың саған қарап серігін тауып бақытты болсын. 

31. Ердің аз міндеттерінің бірі отбасын асырау. Саған сенгендерге ешнәрседен таршылық көрсетпе. 

32.Барлық жақсы қасиеттің діңгегі әдептілік. Барлық жақсыны әдептің үстіне орнат. 

33. Кім қанша төмен түссе де, сен өзі биігіңде қал 

34. Мықты болсаң, әйелге барып дәлелде! Балаларыңның анасын бақытты етіп өт. Жарыңның саған риза болып өткені-ұлы мадақ.

Ж. Жұмағұлов