Ілеспе аудармашы деген кім?

Ілеспе аудармашы мамандығынан бейхабар сырт байқаушыға ол бір мезгілде бірнеше жұмысты атқаруға тырысып жанаталасқан адамды елестетері анық. Бұлай ойлауға негіз де бар. 

Синхрон аударма тіркесі гректің "syn" (бірге) және "chronos" (уақыт) деген сөздердің бірігуінен шыққан. Іліспе аудармашы сөз сөйлейтін адамға ілесе отырып, оның әрбір сөзін мұқият тыңдап, өңдеп, аударып, басқа тілді оқырманға жеткізеді. Басты шарт – тыңдарман аудармашының сөзін баяндамашының өзі айтып тұрғандай қабылдауы қажет. 

Іліспе аударма ісі сырт адамға оңай жұмыс болып көрінуі мүмкін. Алайда шындығына келгенде, ілеспе аударма жасау – адам жүйкесіне орасан зор салмақ түсіретін ауыр жұмыс. Украинада іліспе аударманың адам ағзасына әсерін зерттеу үшін тәжірибе жүргізген. Болашақ мамандық иесі бірнеше ай бойы бес минуттық радио жаңалықтарды украин тіліне аударған. Тәжірибе аяқталған сәтте оның денсаулығында біраза ауытқулар байқалған: жүрек қағысы жиілеп, қан қысымы жиі көтерілген. Оған қоса, жүйкесі әлсіреп, тез шаршап қала берген. 

Ілеспе аудармашы болу үшін адам бойындағы бейімінен бөлек бірқатар психологиялық және физиологиялық ерекшеліктер қажет. 

Психологиялық және физиологиялық ерекшеліктер: 

– Бойын жию, зейінін, бар назарын бір нәрсеге ғана аудару қабілеті, айналадағы алаңдататын жайлардан оқшаулана алу;
– Өзі атқаратын бірнеше міндетке назарын бір мезгілде бөле алу;
– Жылдам реакция;
– Тез сөйлеу;
– Төзімділік;
– Өй-өрісінің кең болуы, білімі;
– Ана тілінде таза сөйлеуі;
– Аударатын тілдің кез келген құрылымдағы сөйлемдерін жеңіл қабылдай алуы;
– Аударатын тілдің ауызекі сөйлеу ерекшелігін, сөз орамдарының және фразеологиялық тіркестерін білуі;
– Тапқырлығы, қысылтаяң тұста жол таба білуі.

Бұл мамандық иелерін айтыскер ақынға ұқсатуға болады. Өйткені екеуі де әңгіменің қай бағытта өрбитінен хабарсыз, бірақ үнсіз қала алмайды. Бойындағы бар қасиетін: ақыл-ойын, білім-дарыны, эрудициясын, тапқырлығын, мол сөздік қорын, тілінің көркемдігін, сөз ойнату қабілетін, дауысының әуезділігін жұмсап, біреуі мінберден айтылған ойды мағынасын бұзбай аударып, басқа тілді аудиторияға жеткізсе, екіншісіні әріптесінің сауалына, көркрмен талабына сай келетін көркем шумақтар шығарып, өлеңнен өрнек құрайды.