Мұхтар Мағауиннің "Көкбалақ" романы АҚШ-та жарық көрді

Мұхтар Мағауиннің "Көкбалақ" романы АҚШ-та жарық көрді

Жазушы Мұхтар Мағауиннің күй өнеріне арналған, Жүнісбай домбырашы, Сүгір күйшінің тағдырынан сыр шертетін "Көкбалақ" романы АҚШ-тағы The Massachusetts Review журналында Миргүл Қалидың тәржімалауымен басылды.

Аудармашы Миргүл Қали 2017 жылдан бері аудармамен айналысады. Ол "Көкбалақ" романын 2 жыл аударған. Биыл аталған әдеби журнал романның төртінші тарауын "Өрт" деген жеке атаумен басып шығаруды құп көріпті.

Миргүл Қали Мұхтар Мағауиннің шығармашылығы, оның стилі ұнайтындығын айтады.

"Рухани мәдениетіміз бай, тамырымыз терең, қабілетіміз зор халықпыз ғой. Бірақ онымен қатар момын, салғырт болғандықтан бізге тиесілі құрмет, құт пен берекеге қолымызды жеткізе алмай келеміз. Романда барлық кезеңге тән шындық бар", – дейді аудармашы.

Көкбалақ романы ХХ ғарырдағы қазақ басынан өткен тарихи оқиғалар атақты күйші Тоқсобаның қилы тағдыры арқылы суреттеледі. Ондағы Тоқсоба күйші болады деп тәрбиелеген жас күйші, Тоқсобаның жиені Нәрік. Романдағы бұл екі кейіпкердің прототипі өмірден алынған. Оның бірі атақты домбырашы Жүнісбай болса, екіншісі оның жиені елімізге белгілі күйші, жазушы Таласбек Әсемқұлов.

Бұдан бөлек роман желісіне күй перісі Байжігіт, Қызай және тағы басқа күйшілердің аңыздары арқау болған. Роман соңындағы Алматыға келген Тоқсоба бойындағы бар өнерін дискіге жаздыра алмай дал болып аулына қайтады. Бұл сюжет Сүгір күйшінің өмірінен алынған деректер. Шығармада қазақ салтындағы сал-серілік құрудың жекелеген деталі анық суреттеліп,  дүниесін, мал-жанын өнер жолында аямайтын мәрттігі, жомарттығы айтылады.

Аудармашы романның төртінші бөлімі жақында шыққанын, Журналдың бас редакторы Джим Хикс пен редакторы Корин Тактирс осындай романның үзіндісі журналдарында жарық көргендеріне қуанышты болғанын айтады.

"Романның толық аудармасын осы жылы бітірем деп үміттеніп отырмын. Аударма жұмысына күнде бірнеше сағат бөлуге тырысамын, кейде өзге де асығыс аударма жасау немесе маңызды жобаға қатысу себептермен бұл жұмысты ысыруға мәжбүр боламын", - дейді Миргүл Қали.

Аталған романның төртінші бөлімі Тоқсобаның қалыңдығы Зәурешті ырғап-жырғап ұзатып әкеле жатқанда өртке кездесуімен басталады. Өрттен әупірімдеп аман қалған Тоқсобалар тобы аулына келгенде бүкіл ауылын өртеп кеткен ақтар екенін біледі. Осылай Тоқсоба отбасынан айрылады.

Жалпы, "Көкбалақ" романы күй өнерінің атадан балаға мұра болып келе жатқандығын суреттейтін құнды шығарма.

Аудармашы Миргүл Қали болашақта Шәкерімнің, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мұхтар Мағауиннің, Әбіш Кекілбаевтің шығармаларын аударуды жоспарлап отыр.

Т. Раушанұлы