Оқи отырыңыз

Өзіңе ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы!

Автор: Асқар Жұмаділдаев

— Редактор бағаны —

Массагетте қалай блог жазамын?
Массагетте қалай блог жазамын?

Автор: Ербол Жұмабайұлы

Статус: Massaget.kz порталының Экс-бас редакторы

Материал жіберу БЛОГ ЖАЗУ
Негізгі / Лайфстайл / Әдебиет / Аударма / Генрих Гейне: "Түн ауғанша өмір сыйла тек маған"

Генрих Гейне: "Түн ауғанша өмір сыйла тек маған"

Генрих Гейне:

Биыл әйгілі неміс ақыны, публицист, сыншы Генрих Гейненің туғанына 220 жыл. Неміс ақынының бір топ өлеңін белгілі ақын Светқали Нұржанның аудармасында оқырман қауымға ұсынамыз. 

Олаф сері

Ұлық шіркеу есігінің сыртында
Қызыл шекпен киініп тұр пенде екі,
«Мен – Әмірші!» дейтіндей зор түр-тұлға,
Екіншісі – сарайының жендеті.

Әміршінің үні жүрек жарғандай:
«Шіркеу әні аяқталар шағында,
Некеқияр бітіп те енді қалғандай, –
Ал айбалтаң даяр болсын жаныңда».

Соқты қоңырау. Естілді орган дүңкілі,
Қалың нөпір шықты ағылып шіркеуден.
Алашұбар көптің артып ынтығы
Жас жұптарды тұр бұлт болып бүркеумен.

Өлік сынды, сұп-сұр жүзі мұздақтай,                                           
Жас ханымның қайғы басқан көңілін.
Олаф сері қарайды оған міз бақпай,
Өткір күлкі көркеп қызғылт ерінін.

Мырс етті де ол нән корольге қас қыла,
Тіл қатты оған қызғылт ерінін ашты да:
«Қайын атам, ар ма?! Бүгін бас мына
Қойылады айбалтаның астына.

Өлем бүгін. Ұсынғанмын мойынды,
Өмір сыйла түн ауғанша тек маған.
Өткізейін өзім бүгін тойымды,
Шулы думан, биден тулап сәтке қан.

Өмір сыйла, өмір сыйла, соңғы ірет
Биге басып қалу үшін ақ боран!
Соңғы шара қалмасыншы мөлдіреп,
Түн ауғанша өмір сыйла тек маған».

Жендетке айтқан тыңда король күбірін:
«Күйеу балам жаны қолда барында
Түн ауғанша ұзартамын ғұмырын –
Ал айбалтаң даяр болсын жаныңда». 

II

Неке-үстелге серіні алды шақырып,
Соңғы шара бал шарапқа мелдеп бір.
Құлады әйел иығына аһ ұрып,
Ал есіктің алдында әлгі жендет тұр.

Сансыз шырақ алаулары елбіреп,
Кетті қонақ сән сарайды кернеп кіл.
Түн ортасы. Би боп жатыр соңғы ірет.
Босағада сол баяғы жендет тұр.

Скрипка пернесінде арманды үн,
Ал флейта шығарады үн шерлі, өткір.
Жаны сыздап биге назар салғанның…
Босағада сол баяғы жендет тұр.

Би жалғасты, зал қалтырып, үн суыт,
Тіл қатты ері – үнін қайғы меңдеп тұр:
«Сүйем сұмдық!..
Қабір, бірақ тым суық…»
Босағада сол баяғы жендет тұр.

III

О серi Олаф, соқты соңғы сағатың, 
Өміріңнің пішіп қойған өлшемін.
Король қызы сүйді, жойып тағатын
Еркін, қамсыз білмей және мөлшерін.

Қараңғыда қалды айбалта жарқылдап,
Монахтардың дұға-жыры мәңгіріп.
Қызыл шекпен киген кісі ән тыңдап,
Ал қасында жатыр қара жаңғырық*.
--------------------------------------
Жаңғырық* – бас шабатын ағаш.

Қара есіктен алып шықты серіні,
Аула түгел жарқылдайды отпенен.
Күлімсіреп оның қызғылт еріні,
Сол еріні кенет ғажап төкті өлең:

«Мадақ саған, уа, алтын күн, күміс ай,
Уа, ақ жұлдыз, көкті нұрға бөлеген,
Құсқа мадақ – жүрегіне үні сай
Талай төккен шаттық әнін төбеден.

Теңіз бен көк, даңқың артсын мәңгілік,
Қырдағы өскен гүлге арнаймын тегін жыр,
Даңқ – саған, шегіргүлдер бал қылық –
Әйелімнің көздеріндей көгілдір.

Шегіргүл-көз – жардың көзі ол жарқылды,
Өзің үшін өмірімді қидым мен.
Бадам тоғай, асырамын даңқыңды,
Сені маған алғаш ірет сүйдірген!»

Бейтаныс

Кездесуге мен күн сайын үсігем,
Алтынбұйра шашты аруды көрмек боп,
Тюильридің* ескі бағы ішінен
Талшындардың жұпарына мелдектеп.

Ол қыз еркін сайрандайды күнімен,
Қос кәрі әйел ереді ізден үндемей…
Екі әпкесі? Әлде бұлар шынымен
Белдемшелі драгун боп жүрмегей.

Ешкім толық бере алмады мәлімет,
Ол ару кім! Ол жайында білмек боп
Әркімдердерден сұрастырдым, мәні жоқ…
Жабысты енді махаббаттай індет кеп. 

Зәремді алды қос серігі сұсты бет,
Мұрттарының көрген кезде әр талын,
Ал, абзалы, олардан да күштірек
Мен өзімнің жүрегімнен қорқамын.

Тіл қатудан күдер үздім мүлде мен,
Әр күн сайын кездеседі ерке елік.
Әлек болдым әрең-әрең ымменен
Ұқтырмақ боп, жүргенімді өртеніп.

Бүгін ғана мәлім болды ат-нәмі –
Лаура екен бұл арудың есімі.
Сол баяғы Прованс* жақтағы 
Қызбен аттас – ғашық болған хас ұлы.

Сен – Лаура! Петраркадан даңқы ұлы
Кем емен деп мен өзіме иланам –
Канцона мен сонеттері арқылы
Сүйген жанға мәңгі даңқ сыйлаған.

О Лаура! Петраркадай пәктікпен
Мынау есім түсер маған қымбатқа –
Тыныстаймын платондық* шаттықпен…
Енді қайтып келмесе де ол бұл баққа. 
-------------
Тюильри* – Париждегі корольдер сарайы.
Прованс* – Ф. Петрарканың Лаурамен алғаш кездескен жері.          
Платондық сүю* – махаббаттағы аса биік қатынас.   

Каминдегі ескі жыр

Сермейді боран бишігін,
Әйнекті сабап қары да.
Құп-құрғақ менің үйшігім,
Жып-жылы, жайлы жаныма.

Каминге беріп жүзімді,
Өткенді небір еске алдым,
Шәугімнің үні ызыңды
Әуені сынды ескі әннің.

Мысық та жатыр ән тыңдап
Ұйқылы-ояу пырылдап.
Каминнің оты жалпылдап…
Өзгердім, бойым шымырлап.

Елестеп көзге мәңгі көш –
Ұмыт боп кеткен ғасырлар,
Алабажақты сәнді кеш,
Дәурені көшкен асылдар.

Әйелдер сәнді 
шаршаңқы
Кейіппен таңба ұсынып,
Масқарапаздың бар салты –
Ән салып, билеу ұшынып.

Шұғыласын ай да шашты тым,
Мәрмардай таза өңменен.
Қалғиды бақта тас мүсін,
Тербеліп гүлдер желменен. 

Тұманда жүзіп тас қорған,
Алаулар жарық тарқатты.
Дабылдың үні басқарған
Барады шауып салт атты.

Кернейлер бұрды көңілді,
Құлаққа дүбір, у-шу кеп…
Қап!.. Шәугім тасып төгілді,
Баж етті мысық су-су боп!..

Періштелер

Мен боламын, ханым, Фома Күмәншыл,
Жүрегіме соқыр сенім жұқпаған.
Римің де екіжүзді ұраншыл,
Иерусалим де қажет емес түк маған! 

Бірақ басқа от жылытады жанымды,
Сенем соған, тірі жүрсем өмірде:
Нұрдан болған періштелер кәдімгі,
Сүреді өмір түсімде емес, өңімде.

Көрдім оның жерлік емес ажарын,
Не ғажаппен теңейсіңіз бетті ана!
Ажарына байланып қап назарым,
Қанаттарын байқамадым тек қана.

Дәйім біздің жанымызда ол болады,
Ұмыта алман ашық жүз бен қолды ізгі,
Қорғап ылғи мейірімді жанары,
Қатерлерден құтқарады ол бізді.

Елден ерек төгілгеннің жасы көп
Қасына кеп бөліседі қайғыны –
Кім екі есе шексе егер де қасірет,
Кім жырымен болса көпке әйгілі.

Бекерге қажу

Мен өзімді жиі көрем түсімде,
Жалындаған ғажап гүлдер ішінде.

Тілекпенен, мұңмен оның жұпарын
Зарық толы көкірекке жұтамын. 

Әттең, бiрақ үміт атты жіпті үздік,
Арамызды бөліп жатыр түпсіздік.

Аңсарымның қатты екпіні тым, бірақ,
Шерлі жүрек көкіректі ұрғылап.

Қонақтықта арбар жұпар бораған!
Тұңғұйықтан қалай өтем мен оған?

Титтей пері, жалынамын жандәрмен,
Көпір соғып бермеймісің балғаңмен?

Тәржіман – АЙТ-МАН

0
Рейтинг: +1

Фото: filurin.ru
Қосылған күні: 21 маусым 2017, 11:12

Соңғы аудармалар

Қайсар До Бон Сун  #7
Қайсар До Бон Сун #7

До Бон Сун – ерекше қыз. Өйткені, оның бойында тұқымқуалайтын қасиет алпауыт күшке ие. Ол тек қыздаға беріледі. Бұл қасиеті үшін өзінен ұялатын қыз қалайша барлық қиындыққа қарсы тұра білді? Оған қолдау көрсеткен кім? 

BTS - Go Go
BTS - Go Go

Топ: BTS немесе Beyond The Scene  Дебют: 2013 жыл,...

VROMANCE feat. Obroject -
VROMANCE feat. Obroject - "Ғашықпын" (Fall In Love)

Массагет сайтында жарық көріп жүрген "Қайсар До Бон Сунның" сезімге толы саундтрегін назарларыңызға ұсынамыз.