Теңіз, желдің шуында да барсың сен...

Қазақтың белгілі ақыны Светқали Нұржанның әйгілі неміс ақыны Генрих Гейнеден бір топ аудармасын назарларыңызға ұсынамыз. Генрих Гейне – ХІХ ғ. бірінші жартысында өз шығармашылығында романтика мен иронияны үйлестірген  Германияның ұлы ақыныШуман, Шуберт, Мендельсон, Брамс, Чайковский секілді атақты композиторлар оның өлеңдеріне ән жазған. 

Алакөлеңке

Елсiз теңiз жағасында жапа-жалғыз отырмын, 
Көңілімді торлап алған жанды жейді соқыр мұң;

Күн сәулесі төмен құлап, толқындарды жалап бар, 
Су бетімен жүгіреді қызыл-жасыл жолақтар; 

Алыстағы ақ толқындар бет алғандай тасуға, 
Көбіктеніп, төніп келіп, шулап жатыр қасымда. 

Таңғажайып құпия шу және сыбыр, ысқырық, 
Сырлы күлкi, сылдырлы үндер, күрсіністер тісті үгіп... 

Сырға толы тыныштықта әлдеқайдан кешкілік 
Тұрған сынды жаймен ғана бесік жыры естіліп... 

Жазғы кеште, үй алдында, тас басқыштың үстінде 
Сәбидегі сергек сезім құлақ түріп ішкі үнге, 

Ақылды көз, әуес көңіл, баласынан көршінің 
Естірдеймін ұмытылған ертегімді сол шырын... 

Бойжеткендер жүрген сынды әлде бір іс қамында 
Жұпар шашқан гүлдері бар көзелердің жанында. 

Терезенің алдында отыр қыздар жұпар аңқытып, 
Күлкі көмген пәк жүздерін айдың нұры балқытып...

Күннің батуы

Күн де батты от-жалынға бөленген, 
Күміспенен көмкерілген теңіздің 
Толқындары шығарады үн тереңнен; 
Толқын жалы қызғылт шапақ жүздіріп, 
Қарсысында үйме-жүйме күзгі бұлт, 
Жансыз-сұрғылт, мұңға батқан түс-түрі 
Ай қарайды; сыртында оған сыйынған 
Жұлдыздардың ұсақ-майда ұшқыны 
Жылтылдайды мұнар басқан қиырдан.

*** 

Ыза-кегін, қайғысын, наласын да 
Келе жатыр арқалап, нанасың ба, – 
Опат болу, өртену, күрсіну бар, 
Тіпті, мәңгі құдайлар арасында. 

Бейбақ құдай, байлығы бұйырмаған, 
Мұңмен көкті кезеді күйінде алаң. 
Нұр сәулелі қайғыға қымтанып ап, 
Шексіздікті шарасыз шиырлаған. 

Мен адаммын ажалды – барлығына 
Бағынамын Жаратқан жарлығына. 
Құн кесілген! 
Тым төмен дәрежеммен 
Қандай өкпе арта алам тағдырыма?

Мойындау

Кеш ақырын тас түнекке жұтылды, 
Теңіз болса, өршелене құтырды… 

Жағадамын, сен түсесің есіме, 
Толқын биін бақылаймын тесіле. 

Құштарлы аңсар торлап алған жүректі, 
Нұрлы бейнең баурайды асау тілекті. 

Барлық жерде көздің сенсің көргені, 
Барлық жерде еліктірдің сен мені; 

Теңіз, желдің шуында да барсың сен, 
Күрсіністің уында да барсың сен. 

Таяғыммен құмға жаздым теңселіп: 
«Агнеса! 
Жақсы көрем мен сені!» 

Жауыз толқын құм қылды ғой жігерді, 
Нәзік сөзді шайып, сүртіп жіберді. 

Сынғақ қамыс, 
тайғақ толқын, мөлдей құм, 
Бұдан былай мен сендерге сенбеймін! 

Қас қарайып, келе жатыр түн кіріп, 
Жүрегімде басталды анық бір бүлік. 

Қуатты қол қайыр көрсін күшінен, 
Норвегия орманының ішінен 

Ең тәкаппар шыршаны мен табамын, 
Тамырымен жұлып оны аламын; 

Сол болады енді менің қаламым, 
Этнаға* – от-дәуітке маламын; 
------------------------------------------ 
Этна* – Сицилиядағы жанартау. 

Сол қауырсын суарылған отпенен 
Жалғастырар мені түнгі көкпенен; 

Жазам сосын көк күмбезге еңселі: 
«Агнеса! 
Жақсы көрем мен сені!» 

Басылғанда аспанға кеп мөрдей түн, 
Алтын жазу жанар онда сөнбейтін. 

Немерелер, шөберелер еңселіп, 
Бар ұрпағым оқыр толқып, теңселіп. 

Аспани сөз тіктер сонда еңсені: 
«Агнеса! 
Жақсы көрем мен сені!»

*** 

Жұлдыздар жарығы шашырап, 
Көк аспан бағады мені кеп. 
Жүзімді сол көкке басып ап, 
Жылағым келеді еңіреп… 

Жұлдыздар – аяулы жанарлар, 
Нұрлы бір жарқылдар еріген. 
Мейірін төгеді маған бар, 
Көгілдір күмбездің төрінен. 

Аспанның күмбезді көгінен 
Аяулы көздерге шағылып, 
Қол жайып дұғаға берілем, 
Сұраймын, өтінем жалынып: 

«Жұлдыздар, мейірім төгіңіз! 
Құйыңыз сиқыр нұр жас қанға! 
Өлуге рұқсат беріңіз, 
Сіздермен қауышып, аспанда!»

Теңіздегі дауыл

Еліреді ақ боран, 
толқын бишік сабалап, 
Өкіреді толқындар тауға айналып ғаламат. 

Жағаласа жұлысып, кектен езу көпіріп, 
Алапат зор ақ дию кемемізге секіріп; 

Алқынады ақ кеме, жанға тағат таба алмай, 
Құлап қара құрдымға аузын ашқан арандай. 

О теңiз! 
Сұлулықтың анасы, жаратылған көбіктен! 
Хауанасы сүюдің, аямайсың неліктен?! 

Хабаршысы ажалдың адал сынды міндетке – 
Ақ шағала тұмсығын қайрап отыр діңгекке. 

Жүрегімді тезірек жем қылмаққа асықты ол – 
Жүрек еді ол әнсүйгіш, адал еді ғашыққа ол; 

Зәузатыңның жүрегі ол, жаралғалы жаны шер, 
Қылмақ оны ойыншық кіп-кішкентай қанішер! 

Бәрі бекер! 
Дұға мен зарлауға орын жоқ мұнда! 
Менің әлсіз дауысым сіңіп кетті опқынға. 

Кіл нақұрыс жын-ойнақ – 
ұлу, зарлау, ысқырық, 
Шайқасады шегінбей жел мен толқын ышқынып. 

Таң қаласың, осынша ұлы шуда анайы, 
Естіледі бір әуен күңгірт әрі жабайы; 

Жүрегімді тілгілеп, жарғылаған жанымды, – 
Бұл дауысты білем мен, бар әуені мәлім-ді. 

Қалған сонау жырақта шотландық жағада, 
Мәңгi шулы толқында ойнақ салған шағала; 

Бір қорған бар асылып тұрған кәрі жартасқа, 
Терезесі күмбезді ашылады белқаста; 

Өзі сырқат, ғажайып әйел сонда тұратын, 
Шыныдан пәк, мәрмардан бозғылт шығар, сірә, тым! 

Лютня тартады, әнмен әрлеп күй басын, 
Тарап жатад тұзды жел шаштарының бұйрасын. 

Жырақ шулы теңізге толқындары мәңгі өрім, 
Әкететін жел оның түсініксіз әндерін. 

Кемемізді мес қылып 
шайқап көктен көшті бұлт, 
Жүрегімді тербейді сол тылсым ән естіліп.

Тәржіман:  АЙТ-МАН

Светқали Нұржан