- Негізгі бет
- Аударма
- Әдебиет, әдебиет және...
Әдебиет, әдебиет және әдебиет
Біз осыған дейін Хусан Эрматовтың "Нобель сыйлығының иегерлері" кітабынан аударылған Нобель сыйлығының тарихынан сыр шертер екі мақала жариялаған болатынбыз. Бүгін сіздерге аталмыш кітаптан әдебиет оқырмандары үшін қызықты деректер ұсынамыз. Нобель сыйлығы әдебиет аталымы бойынша ең алғаш кімге, қашан берілді деген сұрақ кімді болса да мазалары анық. Ал, сол сыйлықтың әлем әдебетінің классигі Лев Толстойға берілмеуінде не сыр жатыр? Егер білгіңіз келсе бізбен бірге болыңыз...
Әдебиет, әдебиет және әдебиет
Француз ақыны Арман Сюлли-Прюдомның қайтыс болғанына жүз жылдан асты. Егерде оның тарихи оқиғалардың біріне қатысы болмағанда ел есінен шығып кетуі де мүмкін еді. Қазіргі уақытта тіпті өз отанында да ұмытыла жаздаған ақын әдебиет бойынша Нобель сыйлығының ең алғашқы иегері саналады. Бұл 1901 жылы, әлі әлемде шығармалары ең көп оқылатын жазушы Лев Николаевич Толстойдың атағы дүрілдеп, өнімді еңбек етіп жүрген уақытта болған еді. Жоқ, біз ақынға бұл сыйлық лайықсыз берілді деген пікір айтудан аулақпыз! Сюлли-Прюдом көп қиыншылықтар көрген, сонымен бірге лайықты өмір кешірген әдебиетші! Жұпыны өміріне қарамай, ол Францияның ең білімді адамдарының бірі болды. Өзінің философиялық поэзиясында ол адамилықты насихаттады. Ақын прустар армиясы Парижді қоршап алған уақытта қаланы қорғау үшін қолына қару алған. Оның қандай адам болғаны шығармаларымен қатар істеген істерімен де маңызды. Прюдом Нобель сыйлығы үшін алған ақшасының көп бөлігін жас ақындарды шабыттандыруға сарп еткен.
«Ясная Поляналық шал» - (Толстойды осылай атар еді) «Нобель сыйлығынан бас тартқан» деген болжамдар да жоқ емес. Солженициннің жазуына қарағанда, Толстой:
«Әлдеқандай керосин сатушы Нобель сыйлығын ұсынады, бұл қалай болды?» деп мысқылдаған. Бұл рас әңгіме ме?! Толстой сыйлықтан 1906 жылда да бас тартқан, бұған күмән жоқ. Ал, 1901 жылы енді ғана беріліп жатқан, әлі айналасында дау басталып үлгермеген сыйлық жайында «қарияның» құлағдар болуы да күмәнді жағдай. Швеция хатшысы Карл Вирсен Толстойдың өлмейтін шығармалар тудырғанын мойындай отырып, оның сыйлықты иеленуіне мүлдем қарсы болған. Оны Толстойдың:
«Цивилизацияның барлық формаларынан бас тартып, барша бар болған мәдениеттерден үзіліп қалған примитивті өмір сүру тәрізін қабыл алуға үндегені» таңғалдырған еді. Әлбетте, Швециялық ғалым Лев Толстойдың шығармаларын өте қызу талқылаған. Сонымен, жиырмасыншы ғасырдың ерте таңында әдбиеттегі ең ірі тұлға деп – Сюлли-Прюдом есептеледі. Иә, дәл осылай болды. Басқа сарапшылар бұл үкімді Швеция академиясының «еуроцентризмімен» байланыстырады. Дәл осы Вирсеннің баяндауынша:
«Нобель сыйлығы еуропаның ең күшті, зиялы жазушылары үшін, олардың көп жылдық және әдебиетте қалдырған өзіне тән қолтаңбасы үшін ынталандырушы сыйлық ретінде дайындалған. Бірақ бұл Альфред Нобель өсиетіне мүлдем қарама-қайшы!
«Менің тілегім, - деген еді ол, - сыйлық – ұлты маңызды емес ең таланттыларына берілуі керек».
Иә, көпшілік осылай болуын күткен еді, мысал үшін осы Вирсеннің қырықтан аса отандасы 1902 жылдың қаңтарында әдеттен тыс жанрда Толстойға хат жолдағандардың қатарынан:
«Нобель сыйлығы алғаш рет берілуі себебінен біз, қол қойған ақын, жазушы және сыншылар сізге өз құрметімізді білдіріп... Өзіңіздің ішкі әлеміңізбен осы сияқты сыйлықтарға ұмтылмаған болсаңыз да, сіздің бойыңыздан заманауи әдебиеттің патриархын, бәлкім бүгінгі күнде бәрімізден бұрын көз алдымызда келе жатқан үлкен сөз зергерінің бірін көреміз».
Мұндай хаттар ағымынан соң, Лев Толстой да өз пікірін білдіріп хат жазуды ләзім көрді. Өзінің қысқа ғана хатында ол төмендегідей жауап жазған еді:
«Қадірлі де құрметті, бауырлар! Нобель сыйлығы маған берілмегендігіне қуаныштымын! Бұл, біріншіден зұлымдық келтіруі мүмкін болған ақшаларды сарп ететіндей ауыр жұмыстан босатты, екіншіден, маған таныс болмаған, бірақ өте қадірлі болған осыншама адамдардан жылы лебізді хаттар алғаным мен үшін үлкен мәртебе!»
Толстой егер байқаған болсаңыз, Нобель сыйлығын алуды қаламағандай түр танытса да, өзі айтпақшы, міне, осындай «бас ауруы» яғни өзіне жақпайтын ақшаларды қалай жұмсау, үлестіру сияқты мәселелерді ойлап көруге іштей дайын еді. Бұл белгілі дәрежеде ол, 1901 жылы Нобель сыйлығынан бас тартпағандығының айғағы. 1906 жылғы жағдай басқаша еді. Ресей академиясы Толстойды Нобель сыйлығына ұсынып, Стокгольмға хат жіберген кезде, ол мұның алдын алуға кіріседі. Шығармаларын фин тіліне аударатын жақын досы – Арвид Ярнафельдке одан өзінің Швециядағы таныстары арқылы сыйлықты өзіне бермеуін сұрауды өтінеді.
«Бұл мені сыйлықтан бас тартатындай ұятты жағдайға қалдырады», - дейді. Ярнафелд бұл өтінішті орындайды. 1906 жылы Нобель сыйлығы және бір таныс емес итальян ақыны Каддучиге беріледі. Осы жерде біраз ойланып көрейік. Сыйлық Толстойға не беруі мүмкін еді? Ештеме! Толстой өзінің биіктігімен бұл сыйлықтың деңгейін көтерген болар еді. Оған лайық болғандарға биік межені белгілеп, бұл шың бағындырып болмайтын мәреге айланып қалуы мүмкін еді. Бірақ сонысымен әдебиет әлемі үшін өте маңызды болған өлшеулерді белгілеп берген болар еді. Және бір айта кететін жайт, Нобель сыйлығынан өз еркімен немесе мәжбүрлі түрде бас тартқандар да болды. Мысалы, Жан-Поль Сартр одан өзі бас тартса, Пастернакты бас тартуға мәжбүр етті. Бірақ осы тапсырылмаған сыйлықтар Нобель жылнамасында сақталып қойылған, оның есебіне жазылған. Толстойдың есімі болса бұл жерде көрсетілмеген. Тек алып-қашпа әңгімелер мен болжамдар ғана бар. Сонымен, әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы тарихи, талқылаушылардың пікіріне қарағанда көптеген қателермен басталған. Ал, бұл жағдай белгілі бір дәрежеде сыйлықтың қазіргі уақытқа дейін даулы болып қалуынада үлкен рөл ойнап тұр.
(Жалғасы бар)
Өзбек тілінен аударған: Тұрсынбек Башар
Дайындаған: Нұржігіт Айдархан
Сурет: 2do2go.ru, өңделген
Ш. Талап