4 жасында оқып, 9 жасында кітап шығарған. Елімізде ерекше дарынды бала тұрады

4 жасында оқып, 9 жасында кітап шығарған. Елімізде ерекше дарынды бала тұрады
Фото: жеке архив

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы, Прапорщиково ауылында ерекше дарынды бала тұрады. Ералы Пазылбекұлы 4 жасында оқуды үйренген. 6 жасында қазақ халық ертегілерін оқып тауысқан. Қазір Д.Қонаев атындағы орта мектептің 4-сыныбында оқиды. 9 жасында кітап шығарып, ең дарынды жас жазушы атанып отыр.

Massaget.kz порталының тілшісі жас жазушының анасы – Гүлнұр Зұлқаршынқызымен тілдесті.

Жас қаламгердің анасының айтуынша, үйде ұлына ешкім оқу-жазуды үйретпеген.

"Теледидардан ауа райына қатысты қала аттары шығады. Сол кезде ұлым Алматы шықса "Алматы" деп оқитынын байқадық. Өзі тума талант қой. Әпкесі сабақ оқығанда соған қосылып отыратын. Ақырындап сөйлемдерді оқи бастады. Сөйтіп, 4 жасында кітап оқитын дәрежеге жетті", - дейді Ералының анасы.

Жас жазушы Ералы Пазылбекұлы мен анасы Гүлнұр Зұлқаршынқызы

Гүлнұр Зұлқаршынқызы А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында жұмыс істейді. Ұлын 3 жасынан бастап кітапханаға алып барып жүрген. Ералының кітапқа деген қызығушылығы сол жерден басталған.

"Кітаптарды қызығып қарайтын. Оның оқуға деген ынтасы содан пайда болған болуы керек. Шағын ертегілер оқып жүрді. Оқығандарын бізге әңгімелеп беретін. "Кітапханадан не оқыдың?" десем бәрін қайтадан айтып беретін. Кейін ойынан ертегі құрайтын болды. Оны бізге "тыңдаңдар-тыңдаңдар" деп отырғызып қоятын. Кейде әңгімелері бір сағатқа дейін созылады. Біз оны жалықпай отырып тыңдайтын едік", - дейді Гүлнұр Зұлқаршынқызы.

Ералының анасы уақыт өте келе ұлына айтып жүрген әңгімелерін кітап етіп жазуды ұсынған.

"3-сынып оқып жүргенде ертегі-әңгіме жазуын бастады. Бір әңгімесін облыстық кітапханадағы байқауға қатыстырдық. 1-орын алды. Содан шабыттанып: "Менің жазғандарымды оқиды екен ғой" деп тағы да жаза бастады. "Қазақ әдебиеті" газетінде де әңгімесі жарық көрді", - дейді ол.

Ералы 9 жасқа толғанда оның он шақты әңгімесін ата-анасы кітап етіп шығаруды қолға алған.

"Балам бір күні келіп: "Мама, менің жазғандарымды кітап етіп шығаруға бола ма" деп сұрады. Мен де ақынмын ғой. Бір жыр жинағының авторымын. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесімін. Кітабымды  шығарған баспадағы мамандарға 1-2 әңгімесін жібердім. "Оқып көріңіздер, ұнаса кітап етіп шығарайық" деген ұсыныс айттым. Олар оқып көріп, бірден келісті. Мөлдір Сайлаубекова дейтін 7-сынып оқитын қыз бар еді. Суретті өте жақсы салады. Соған суреттерін салғызып, кітапты баспаға жібердік", - дейді жас жазушының анасы.

Жас жазушының "Ералының ертегілері" деп аталатын кітабы 28 беттен тұрады, ата-анасы 500 данамен өз қаржысына шығарған.

Жинаққа "Ғажайып саяхат", "Кітаптар мұңы", "Ғажайып қалам", "Судың да сұрауы бар", "Айымның қателігі", "Үшінші бала", "Екі дос", "Жанашырлық", "Көгершіннің балапандары", "Менің әпкем" сияқты ертегілері топтастырылған.

Ералы тек жазуға ғана емес, музыкаға да қатты қызығады. Конструктор ойыншықтарды құрастырғанды жақсы көреді. Ералының анасы баласының кітап жазуға деген ынтасын сол ойыншықтар ашуға көмектескенін айтады.

"2 жасынан бастап конструктор құрады. Баланың қиялын дамытуға көмектеседі екен. Ұлым көп балалармен ойнамайды. Өзі жалғыз ойнағанды, кітап оқығанды жақсы көреді. Түркиядағы жер сілкінісі кезінде бір үй құрап, маған келіп: "Мама, мына үйді жер сілкінісіне төзімді ету үшін не істесем болады? Болашақта осындай үйлер салып, оларды жер сілкінісіне төзімді еткім келеді. Еліміздің үйлері құламаса екен, халық қаза таппаса екен" дейді. Ұлым сондай нәрселерді ойлап жүреді", - дейді Гүлнұр Зұлқаршынқызы.

Ералы әл-Фарабиді қатты жақсы көреді, болашақта ғалым болғысы келеді. Өскесін алаштықтарды зерттейтінін айтады.

"Бір күні маған келіп: "Мама, әл-Фараби атамның ұшқыны 8 жасында келіп қойған, менікі қашан келеді" деп менен сұрайды. "Асықпа болашағың алда" деп айтамын", - дейді жас жазушының анасы.

Жас қаламгердің қоржынында шығармашылық, әдеби байқаулардан алған жүлделері де аз емес. "Республикалық балалар оқулары" байқауында 3-орын иеленген. Қазақстандағы балалар әдебиеті жылы аясында А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының "Ертегілер – ғажайып әлем" байқауында жеңімпаз атанған.

Т. Раушанұлы