Мұхтар Әуезовтің «Америка әсерлері» кітабы алғаш рет ағылшын тіліне аударылды

1960 жылы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезов КСРО-дағы бірнеше әріптесімен АҚШ Мемлекеттік департаментінің шақыруымен Америкаға сапарлаған. Әуезов Нью-Йорк, Вашингтон, Аризона мен Калифорния штаттарын бір ай бойы аралап, көрген-білгендерін «Америка әсерлері» деп атаған жолжазба жинағына түсірген.

Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық миссиясы 2021 жылы Қазақстанда тұратын америкалық гид және оқытушы Деннис Кинмен бірігіп, Әуезовтің Америка сапарының жолжазбаларын ағылшын тіліне аударып, алғаш рет кітап етіп басып шығарды.  Мұхтар Әуезовтің 125-жылдық мерейтойы қарсаңында АҚШ Бас консулы Кэролайн Сэвидж, Әуезов музей-үйінің директоры Диар Асқарұлы Қонаев және Деннис Киннің қатысуымен «Америка әсерлері» кітабының тұсаукесері өтті.

Әуезов жазбаларының дені Американың сол замандағы әр алуан саладағы жетістіктерін, табиғатының сұлулығын, Америка халқының тұрмысын сипаттаумен қатар, америкалық замандастарымен әңгімесінен тұрады. 1961 жылы сапарынан бір жыл өткен соң жазушы қайтыс болып, оның "Америка әсерлері" аяқталмай қалады. Соған қарамастан, бұл шығарманың тарихи құндылығы зор туынды екеніне күмән жоқ.

Әуезовтің Америкаға сапары 1958 жылғы 27 қаңтарда Кеңес одағы мен АҚШ үкіметінің арасындағы «Мәдени, техникалық және білім саласындағы алмасу» туралы келісіміне байланысты жүзеге асқан. «Хрущев жылымығы» атанған тарихи кезеңнің бір жемісі болған сол сапар АҚШ пен Қазақстан арасындағы осы күнгі мызғымас ынтымақтастықтың алғышқы жолы еді.

АҚШ Бас консулы Кэролайн Сэвидж

АҚШ Бас консулы Кэролайн Сэвидж Әуезов шығармашылығы туралы алғаш Вашингтонда қазақ тілін оқып жүргенде біліп, қызыққан екен.

«Қазақстанға келгесін Әуезовтің АҚШ-қа сапарлағанын естіп таңғалдым. Енді міне, оның сол еңбегін ағылшын тіліне аударуға атсалысып, ұсынып отырмыз. Мен үшін бұл үлкен мәртебе», - деді АҚШ Бас консулы.

Ол цензура мен қудалау азайған «Хрущев жылымы» уақытында КСРО-дан барған төрт жазушының бірі болып Мұхтар Әуезов барғанын айтты.

«Ол мұхиттың арғы бетіндегі адамдардар туралы аңызды сейілтіп қайтты. Сәті түсіп Әуезовтің Америкаға сапарлағаны қандай жақсы болған. Өйткені ХХ ғасыр ортасында АҚШ туралы Әуезовтен артық кім баяндап берер еді. Кітабында Әуезов беймәлім әлеммен жаңа танысқанда таңырқағанын, толқығанын жеткізеді. Гранд Каньонның сұлулығынан қайран қалып, Америка супермаркеттеріндегі қымбатшылықты көреді. Алайда бұл еңбегінің ең маңызды тұсы Әуезовтің көрген-білгендерін ғана аңғарып қоймаймыз. Толып жатқан контрастардың ішінен қос әлемнің ұқсас тұстарын іздеп, таба алатынын байқаймыз», - деді Кэролайн Сэвидж.

Әуезов музей-үйінің директоры Диар Қонаев

Әуезов Үй-музейінің директоры Диар Қонаев осы кітапты ағылшын тіліне аударуға және басып шығаруға еңбек сіңірген адамдарға алғысын айтты.

«Мен осы кітапты ағылшын тіліне тәржімалаған Деннис Кинмен таныстым. Ол өткен ғасырдың 60-жылдары Америкаға сапарлаған Әуезов туралы керемет мақала жазыпты. Әуезовтің 1960 жылдары жазған мақаласы АҚШ-тағы жергілікті журналда басылған. Журналдың сол саны біздің музейде жоқ еді. Соны Деннис алып келді», - деді Диар Қонаев.

Шығарманы ағылшын тіліне аударған Деннис Кин

Зерттеуші, оқытушы Деннис Кин АҚШ газет-журналдар архивіне тіркелу кезінде өзінің туған жері Калифорния штатындағы шағын қалашықтан шығатын газет архивінен Мұхтар Әуезовтің атын оқып таң қалғанын айтады.

«Қазақ әдебиетінің аңызы менің туған жерімді аралап, супермаркеттерге барып көріпті. Оның суреті жергілікті газеттің бірінші бетінде тұр. Алып секвойя ағашының қасында суретке түскен екен. Сөйтіп, мен барлық тапқан материалым негізінде «Әуезов Америкада» деген мақала жазып, оның Walking Almaty атты блогыма салдым. Қуанышымаа қарай сол мақала Қазақыстанда кең тарап, танымал болды. Мұхтар Әуезовті кез келген қаза біледі ғой. Америка әсерлері басқа еңбектері сияқты орыс немесе шетелдің басқа тілдеріне аударылмапты. Мен сондықтан Диас Асқарұлымен кездесіп осы туындының тарихи маңызы, ағылшын тіліне аударылуы туралы сөйлестік. Бағымызға қарай АҚШ консулдығы бұл идеямызды қолдап, соның жемісін бүгін ұсынып отырмыз», - деді кітаптың аудармашысы Деннис Кин.

Деннис Кин қазақтың жазушысы менің туған қалама, мен оқыған университетті аралағын оқығанда қатты қуандым дейді.

«Әуезов Диснейлендке барғаны туралы 10 беттей жазған. Бұдан асып түсетін бір нәрсе болса Абайдың Лас-Вегас туралы өлең жазғаны ғана болатын шығар. Сол кездегі екі әлемнің осылайша біріккені бір ғажайып болып көрінген. Кітапты мен оқығанда қалай қуансам, сіздерге де солай әсер берсін деп тілеймін», - деді Деннис Кин.

Ол кітапты аударуға 2 жыл бұрын кіріскенін айтты. Деннис пандемия кезінде архивке абономент алып, жазбалармен танысқан. Мұхтар Әуезовтің бұл шығармасы тек қазақ тілінде ғана болғандықтан аударма кезінде біраз қиындықтарға тап болғанын, кейбір сөздерді сөздіктен қарап отырғанын айтады.

«Қазақ тілі өте қиын, бір сөздің бірнеше мағынасы бар. Сөздіктен тапқан сөзің мен шығармадағы сөз бірдей болғанымен оның мағынасы басқа болып жатады. Бірақ, шығарманы аударуда Әуезовтің күнделігі көп көмегін тигізді. Күнделіктің өте қарапайым, түсінікті болып жазылғанына тәнті болдым», - деді ол.

Бұл кітаптың сатылымы, алдағы уақытта белгілі болады. Шығарманы қазақстанмен қатар АҚШ-та да сатуға қою жоспарланған. Әзірге Мұхтар Әуезовтің 125-жылдық мерейтойына орай аталмыш шығарманы оқырмандар қыркүйек айының соңына дейін kitap.kz қосымшасынан онлайн тегін оқи алады.

Кітап Service Press баспасында басылған. Таралымы – 1500 дана.