Ұйқым келмейді: Оралхан мен Айманның мінсіз махаббаты

Қазақ әдебиетіне түйдек-түйдек сөз оралымы мен соны теңеулерімен келген Оралхан Бөкейді кітапсүйер оқырманның бәрі жақсы көреді. Ол прозада махаббаттың, романтиканың шебері еді. Кез келген шығармасы адамды тылсым оқиғаға, сезім әлеміне жетелеп отыратын. Сондай әңгімелерінің бірі – "Ұйқым келмейді".

Ұйқым келмейді әңгімесі Оралхан Бөкейдің тікелей өмірінен алынған десек те болады. Әлемге әйгілі Гарсиа Маркес: "Менің романдарымның ішінде тағы бір роман бар" деген екен. Бұл сөз Оралхан Бөкейге қарата айтылғандай көрінеді. Себебі, оның әңгімесі ішінен әңгіме, романының ішінен роман туып жатады. "Ұйқым келмейдіні" жазушы жары Айманға арнап жазғандай әсер қалдырады. Олардың тағдырына ауыр соққы болып тиген жайт екеуінің арасында бала болмауы. Бірақ Оралхан Бөкей де жары Айман да махаббаттарын баладан жоғары қойған. Тек жасы қырықтан асқасын біртума талант, керемет жазушы Оралханның өмірден ұрпақсыз өткенін қаламаған Айман мезгілсіз о дүниеге аттанған екен.

Әңгіме не туралы?

Бұл әңгімеде жазушы орта жасқа жақындап қалған кезінде жастық шағындағы үш қызбен өткізген махаббатты жылдарын еске алады. Соларды сағынып, адам қартайғасын жастық шағындағы қызуы мол махаббат отынан ғана жылу алады екен ғой дейді. "Осы әңгіме сендерге қойған ескерткішім болсын" деп, ұзақ кіріспе сөзден кейін әңгімесін "Бақыт" деп бастайды. Бақыт шығармадағы Жеңісхан атты кейіпкердің алғашқы махаббаты.

"Бақыт" деп бастаған жазушы "Сол сәби мені кешіре ме екен" деп жалғайды әңгімесін. Оқиғаның ұзын-ырғасы мынау:

"Жеңісхан оқуға түсе алмай ауылға келіп трактор айдап жүргенде 10 сынып оқитын Бақыт атты қызбен танысады. Екеуінің ұзақ уақыт хат жазысуы махаббатқа ұласады. Мектеп бітірер кезде екеуі айлы түнде, адамдардан оңаша тауға барып махаббат балынан нәр татады. Бірақ осыдан кейін Жеңісхан Бақытты сүймейтінін сезеді. Екеуі қайтіп жолықпай кетеді.

Жеңісхан Алматыға келіп жазушы болады. Есімі елге танылады. Арадан алты жыл өткесін қайта ауылға барады. Сол кезде өзеннің арғы бетіндегі жездесінің үйіне атпен әпкесінің Болат атты баласын ертіп қонаққа барады. Қайтарда Бұқтырма тасып, көпірді бұзып өткені себепті, айналып өтуіне тура келеді. Түнделетіп үйіне жете алмайтын болғасын, алғаш кездескен үйге тоқтайды. Бұл бала кезгі махаббаты Бақыттың үйі болып шығады.

Ата-анасы қонаққа кеткен, үйінде сіңлісімен қалған Бақыт мұны суық қарсы алады. Шай үстінде ол Жеңісханға ескі альбомындағы суреттерін көрсетеді. Альбомда Жеңісханның да суреті мен хаты бар екен. Хатта ол: "Мен сені сүйем, осыдан қара да тұр саған үйленем. Үйленбесем ант атсын" деген пафосты сөздер жазған екен. Осыны оқып берген Бақыт: "Сен мені басынан сүймеген едің. Себебі, хатыңда сүйем деген сөзді тым әсерлеп жазатынсың. Сүйсең екеуміздің қосылуымызға не кедергі болды?" деп сұрақ тастайды. Сосын, өзінің сол кештен екіқабат болып қалғанын, оны жасыру үшін ит өлген жердегі Шұбарағаш аулына жолдамамен жұмысқа кеткенін айтады.

Шалғай ауылда жүріп Бақыт баласын 7 айлық кезінде босанады. Бірақ 2 айдан соң шетінеп кетеді. Бұл әңгімені естіп Жеңісханның іші-алай дүлей болады. Себебі, өзі басқаға үйленсе де көп жылдар бойы балалы бола алмай жүрген еді. Ертеңіне Болатты Бақытқа тастап, өзі Шұбарағашқа баласының бейітіне кетеді.

Жазушы әңгімесін: "Шұбарағашта Өскелең деген жота бар, сол жотаның үстінде ең кішкентай қабір – менің ұлымның мүрдесі. Бір уыс топырақ қана алып қайттым. Орамалға түюлі, сандықтың түбінде сақталған. Егер күндердің күні көзім жұмыла қалса, сол түйіншекті шешіп, ішіндегі топырақты қабірімнің ішіне шашып жіберіңдер. Ұлымнан бір уыс топырақ бұйырсын. (Әйелім күрсініп ұйқысырады. Балауыз жанып бітуге тақаған. Таңнан хабар сезіледі. Мен осымен жазуымды аяқтаймын. Ал махаббат атты мәңгі бақи таусылмас жырдың қалғанын кеше туған, жас сәби, сендер жалғарсыңдар. Хайыр!)

Ұйқым келер емес" деп бітіреді.

Оралхан мен Айманның махаббаты

Енді жазушының өміріне қайта оралайық. Көз көргендер "Оралхан мен Айманның арасындағы махаббат мінсіз еді" дейді. Екеуі Қозы мен Баяндай жүреді екен. Әрқашан тату-тәтті, әрқашан көңілді. Бірақ екеуіне Құдай бір баланы қимапты.

"Ағам екеуі керемет жарасым тапты. Шыны керек, ағам көп шығармасын сол Айман жеңгемізбен бірге тұрғанда жазды. Өйткені ол бәрін емеуріннен түсі­нетін, бабын жасайтын. Қиын тигені баланың жоқтығы еді. Ол тақы­рыпқа біз де, олар да бармайтын. Одан бала болмайтынын ағам да білді, өйткені Айман жеңгемнің әпкесі де солай болған екен. 

Кейін ағам Ардақ жеңгеме үйленгенде Шыңғыстайға алып бармақ болды. Бірақ анам "өзім босаға аттатқан Айманды келін деп білем" деді. Ағам айтатын "мұндай қаталдық та әркімнің қолы­нан келе бермейді" деп. Ағам әр кітабы шыққанда "сендерге сыйлаған балам осы" деп жазып қол қойып жіберетін. Айман жеңгем екеуінің махаббаты баладан да биік тұрды", - дейді бұл туралы жазушының қарындасы Ғалия Бөкейқызы.

Оралхан Бөкеймен көзі тірісінде аралас-құралас болған тағы бір адам көрнекті публицист, сатирик – Ғаббас Қабышұлы. "Мен Аймашты қимадым, қия алмадым..." атты эссесінде ол Оралхан мен Айманның махаббатын жазады.

Бір күні Ғаббас Қабышұлының үйіне Оралхан Бөкей келіп әйелі екеуінің бала мәселесіне бола ажыраспақшы болғанын айтқан екен.

"Ағасы, - деді, бәсең де бөтендеу үнмен, – бұдан бір апта бұрын қарындасыңыз екеуіміз ажырасуға келістік. Қарындасыңыз: "Мен Өскеменге немесе ауылға кетемін. Сен басқамен шаңырағыңды жаңарт, маған сенің ұрпақсыз өтпегенің керек, құдай енді сені бір перзентке зар ете көрмесінші! -деп... сөзді өзі бастады. Ұзақ сөйлестік. Мен... алғашқы кітабымның артық бір данасы бар еді, соған қоштасу қолтаңба жазып... ол түсте пойызға жалғыз шықпақшы болды... бірақ мен Аймашты қимадым, қия алмадым. "Маған сенен басқаның керегі жоқ, ешқайда кетпейсің, жібермеймін" деп, құшақтап отырып алдым... екеуіміз де жылап... қайтадан табыстық, ағасы! - деді де, тез бұрылып, шапшаң шығып кетті".

Осындай қиын кезеңде Оралхан Бөкей Қырымға емделуге кетеді. Дәл сол кезде жары Айман: "Оралхан, бақытты бол! Өзіңді кінәлама. Менің өліміме кімнің кінәлі екенін де іздеудің қажеті жоқ" деп үш-ақ ауыз сөз қалдырып, жалған дүниемен қоштасып кете барыпты.

Екі жылдан соң үйленген Оралхан Бөкей Айхан есімді ұлды, Айжан есімді қызды болады.  Бірақ Айман өлімінен кейін бес жыл өтіп елуге қараған шағында қазақ прозасындағы ірі талант Делиге барған іссапарында мезгілсіз қайтыс болады.

P.S. "Ұйқым келмейді" әңгімесінде жазушы: "Астымда құлынды бие, үстінде құйрық-жалсыз мен келемін. Баласы болса — мал да озық екен... Жол бізді жетелеп барады..." дейді. Кейде құйрық-жалсыз қалғысы келмеген Оралхан Бөкей мен жары Айман өмірлерін осы кішкентай періштелерге айырбастап кеткендей көрінеді.

Жазушының өмірін, романтикаға толы шығармаларын оқысаң шынында да  –"Ұйқың келмейді"...