Тұрсын Жұртбайдың 70 жылдық мерейтойына орай халықаралық конференция өтті

Тұрсын Жұртбайдың 70 жылдық мерейтойына орай  халықаралық конференция өтті

Биыл жазушы, журналист, ғалым, әдебиеттанушы, аудармашы, қоғам қайраткері, халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Тұрсын Жұртбайдың 70 жылдық мерейтойы. Осы орайда елордада "Елдік ұстаным және тәуелсіздік нысаны" атты халықаралық конференция өтті.

Конференция барысында алғаш болып сөз алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев жазушының өмір жолына тоқталып, қаншама жыл архив ақтарып, ғалым болу екінің бірінің қолынан келмейтін мехнатты іс екенін айтты.

"Биыл ардақты ғалымымыз Тұрсын Жұртбай жетпіске келіп қалыпты. Оның қаламынан туған прозалық шығармалары, "Жер бесік" романы оқырман тарапынан жоғары бағаланды. Қаншама жыл тарих ақтарып, архив қопарып алашордашыларды зерттеді. Ал, "Дулыға" атты екі томдық тарихи туындысының халқымызға берері мол. Бір сөзбен айтқанда жазушының қаламынан туған кез келген ғылыми, тарихи әдеби шығармалар құнды", - деді Мемлекеттік хатшы.

Тұрсын Жұртбай 70 -тен астам кітап пен ғылыми монографияның, 900-ден астам ғылыми мақалалар мен жарияланымдардың авторы.

Оның көркем туындылары ерекше лиризммен, шынайылықпен және философиялық әсер ететін толғаныстармен ерекшеленеді. Ол шығармаларында өмір мен өлім, мәңгілік және өтпелі мәселелерді қозғайды.

Тұрсын Жұртбай қазақ әдебиетінде роман-эссе жанрында алғаш жазушылардың бірі болды. Ол мұрағаттардағы құжаттарды қайта қарау үшін мұқият зерттеді, содан кейін оларды өз шығармаларында ұсынды.

"Тұрсын Жұртбай алғаш қолына қалам алғанда "Жүрегімде жұмыр жер", "Қоңыр қаз" атты өлеңдер жинағымен ақын ретінде әдебиет табалдырығын аттады. Кейін очерктер жинағын, шығарып, мақалалар жазып оқырман қауымға танылды. Оның алашордашылар туралы "Ұраным – Алаш!" еңбегінің шығуы руханиятымызға үлкен серпіліс әкелді. ҚР Президенті тамыз айында құттықтау хатын жолдаған болаты. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай марапаттың да куәгері боламыз", - деді Қырымбек Көшербаев.

Мұхтар Әуезов, Абай, Құнанбайдың тарихи, өмірбаяндық деректерін мұқият зерттей келе, жазушы бұрын "әуезоевтану мен "абайтануда" белгісіз көптеген құнды деректерді ғылыми айналымға енгізді. Тынымсыз еңбектің нәтижесі - оның "Бесігіңді түзе!" "Бесігіңді аяла!" "Талқы", “Күйесің, жүрек... сүйесің!” т.б. кітаптарын жарыққа шығарды. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі жазушыны құттықтай отырып, оның осындай шығармаларының маңыздылығына тоқталып өтті.

"Ғалым әрі жазушы ретінде сіз тәуелсіздік жылдарында ұлт санасының жаңғыруына үлес қостыңыз. Сіз хәкім Абайды, заңғар жазушымыз – Мұхтар Әуезовті, Алаш қайраткерлерін зерттеп, құнды еңбектер жаздыңыз. "Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді" деген сөз бар. Ендеше сіздің тағлымы мол шығармаларыңыз кейінгі ұрпаққа азық болады", - деді Алтай Көлгінов.

Сонымен бірге, халықаралық конференцияға арнай келген алаштанушы, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Беркі Уәли жазушыға арналған жылы лебізін білдірді.

"Бүгін белгілі ғалымымыз, ұстазымыз Тұрсын Жұртбайдың мерейтойы. Студент кезімізде ғалымның сонау қола дәуіренен бері қарай тарихтағы белгілі тұлғаларды арқау еткен "Дулыға" еңбегін оқыдық. Бұл шығарма ұлттық менімізді оятса, одан кейінгі "Ұраным – Алаш" шығармасы сол менімізді биікке көтерді. "Абайтану", Әуезевтану" саласындағы еңбегі өз алдына бір әлем. Ғалымның бір аты – жанкештілік. Тұрсын Жұртбай қаламынан туған шығармалар сүйекті екенін уақыттың өзі көрсетті", - деді Президент хатшысы.

"Абайтану" мен "Әуезовтанудан" басқа Тұрсын Жұртбай шығармаларының негізгі тақырыптарының бірі – Қазақстан тарихы. "Дулыға" кітабында көшпелілердің алғашқы дәуірден орта ғасырға дейінгі тарихы хронологиялық тәртіпте жазылған.

Тұрсын Жұртбай қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жетекшілерінің 70 -тен астам жеке істеріне талдау жасады. Бұл жұмыстың нәтижесі "Ұраным – Алаш" трилогиясы болды.

Жиын барысында ҚР Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің өқттықтау хатын Сенат Депутаты Мұрат Бақтиярұлы оқып берді.

"Құрметті Тұрсын Өқдагелдіұлы, сізді 70 жылдық мерейтойыңызбен құттықтаймын. Өзіңізді қаламгер, алаштанушы, абайтанушы һәм ұлтына бей-жай қарамайтын адам ретінде құрметтейміз. Сіз алғаш рет ақын ретінде танылып кейіннен жазушы ретінде «Бір уыс жусан», Түйеші қызы» шығармаларыңызбен оқырманның ыстық ықыласына бөлендіңіз. Абайтану мен алаштануда сүбелі еңбектер жазып, руханиятымызға мол үлес қостыңыз", - делінген құттықтау хатында.  

Осыдан соң Сенат депутаты Мәулен Әшімбаевтің арнайы беріп жіберген шапанын жапты.

Халықаралық конференция соңында сөз алған мерейтой иесі бүгін мемлекет тарапынан көрсетілген ыстық ықыласқа ризашылығын білдірді.

"Мемлекет басшысының әкесімен 11 жыл бірге қызметтес болдық. Бүгін міне, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев, Сағат досымның ұлы Мәуленге қарап ел тұтқасын жазушының балалры ұстаған көріп, мақтаныш етіп отырмын. Елімнің басшысы тәуелсіздік жылдарындағы аз-көп еңбегімді елеп, марапаттап жатса онда шын еститін мемлекет болғанымыз. 7 жастан 70 жасқа дейін қолымнан қалам түскен жоқ. Қолыма қалам алған сайын тек өзімді жазушы ретінде сезінемін", - деді Тұрсын Жұртбай.

Шара соңында белгілі жазушы Әлихан Бөкейхан атындағы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінің құрметті профессоры атанып, Семей қаласына мерейтойын тойлауға шақырылды.

Тұрсын Жұртбайдың барлық шығармашылығы мен ғылыми қызметі Қазақстанның мемлекеті мен рухани тәуелсіздігіне және еркін өзін-өзі қамтамасыз етудің ұлы идеясы үшін күрескен адамдарға арналған.

А. Оралқызы