"Балалардың көбі фэнтезиге құмар, экшн көргісі келеді" – Аслан Тілегенов

"Балалардың көбі фэнтезиге құмар, экшн көргісі келеді" – Аслан Тілегенов
Фото: massaget.kz

Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету – бүгінгі бір парызымыз. Олардың жетістік жолын үлгі етудің жас өрендер үшін мән маңызы жоғары. Солардың бірі - республикалық «Алтын тобылғы» әдеби байқауының және «Ұлы дала» шығармашылық байқауының жүлдегері Аслан Тілегенов балалардың ертеңіне өлеңмен жол ашады.

Қиял-ғажайып ертегілерді көп тыңдап, көп оқыған баланың болашақта білімді, ойы жүйрік, сондай-ақ, өнертапқыш болатыны әлем бойынша дәлелденген. Ендеше қазіргі қазақ балалар әдебиеті қай деңгейде, бүгінгі балаларға қандай тақырыптар қызықтырақ деген сияқты сауалдар төңірегінде көп ойланып, хал-қадірінше үлес қосып жүрген авторлардың бірі – 28 жастағы Батыс Қазақстан облысының тумасы Аслан Тілегенов. Ол «Автор көбейсін. Жаңа қуатпен бірге тосын стиль, таңсық тақырыптар келер, бәлкім жаңа кейіпкер келер» - дейді.

«Қазақ балалар әдебиеті антологиясының» салмағы, яғни жинақ қалыңдығы күн сайын бет қосып, қалыңдай берсе де артық емес. Мұның ішінде жанрдың алуантүрлілігін, форманың нешеме қыры барын ескерсек, автордың көп болуы да оқа емес. Автор көбейсін. Жаңа қуатпен бірге тосын стиль, таңсық тақырыптар келер, бәлкім жаңа кейіпкер келер.

Балаларға арналған шығармалардағы кейіпкерлердің бағзыдан келе жатқан бейнесі бар да, бүгінгі қоғамға сай жаңаша үлгісі неге жоқтың қасы деген сұрақ төңірегінде де автордың өз толғамдары бар.

Кейіпкер демекші, балалар әдебиетіне қаһарман керек пе? Балаларға арналған бүгінгі шығармаларда неге қаһарман жоқ?! Әлде болмаса баяғы кейіпкерді қайта жаңғыртуға болмас па?! Мәселен, Ер Төстік өзінің командасымен бірге бүгінгі заманның жағымсыз тұстарымен: оның ішінде адам мінезімен, кейіпкермен, тіпті әлемдік індетпен күресіп көрсе қайтеді?! Балалардың көбі онсыз да фэнтезиге құмар, экшн көргісі келеді. Айтпақшы, қаһарман дегенде, ол тек төбелесқұмар емес, ақыл-парасат иесі екені айтпаса да түсінікті. Әлбетте, алдыңғы толқыннан көп дүние үйренуге болады. Олардың кейбір формаларын заңды түрде заманға сай жалғастыруға да болады. Оған бола ешкім бетіңнен қақпайды. «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясы» көптен бері толықтырылмады, жаңартылмады. Менің білуімде, поэзиясының өзі он томға жүк болып тұр екен. Әлбетте, сараланғаны, сыннан өткені. Ал басқа жанрлары ше? Оның іздеушісі қайда? Осының бәрі бір сауатты қолдан өтіп, комиссия құрылуымен жинақталар болса, сөз жоқ, үлкен еңбек болар еді. Алтын қазына боп тұруымен бірге, балалар әдебиетіне келген жас буын үшін жарқырап тұрар маяк болар еді. Қалағаныңды өзіңе ұстаз тұт.

Балалардың бүгіні мен ертеңі барша адамзатты ойландырары хақ. Ал авторларды тіпті де толғандыратын мәселе осы. Себебі балалар әдебиетіндегі жағымды кейіпкер кез келген баланың жолбағдарына, өмірлік кредосына айналып кетеді. Бірақ өткенді тәрбиелей алған образдардың бүгінгі күнге түрленіп жете алмай жатқандығына Аслан іштей қынжылады.

Балалар әдебиетінің бүгінгі жай-күйі туралы айтқанда әуелі өткенін ойлау ләзім. Ал оны ойласаң, осы кем дүниесі алдыңды кес-кестей береді. Айтпағанда қайтесің. Жып-жинақы дүние қашан да өзіне келгенді үйретіп алады, тазалыққа баулиды. Алдымен осының орнын толтырсақ, келесісі өзінен-өзі көктейді, гүлдейді. Кейіпкеріңіз, формаңыз, стиліңіз – бірінен-бірі өтіп тұрады.

Ақын Аслан Тілегеннің шығармашылы туралы өнердегі аға буын өкілі, балалар жазушысы, ақын, журналист, «Серпер» сыйлығының лауреаты Серікбол Хасан былай деп толғайды:

Жас қаламгер Аслан Тілегеннің шығармашылығын оқушы кезінен білемін. Ол кезде «Ақ желкен» журналында істейтінмін, Аслан ауылынан тырнақалды өлеңдерін жолдап тұратын. Кейін Алматыға келіп, оқу бітіріп, қызметке тұрып, әдебиет пен журналистикадағы өз жолын тапты.

Аслан алдымен лирикалық өлеңдерімен көзге түсті. Кейінгі жылдары балалар әдебиетіне дендеп кірісті. Өз басым Асланды жерлес ағасы Қадыр Мырза Әлиге ұқсатамын. Өйткені Асланның да поэзиясы бір бөлек, балаларға арналған өлеңдері бір бөлек. Дәл қазіргі сәтте екі тізгінді тең ұстап, екеуін бір-біріне араластырмай қатар алып жүру үлкен ерлікке пара-пар.

Асланның балалар әдебиетіндегі ізденісі қуантады. Бастапқы кездегідей емес өлеңдері жұп-жұмыр, балалардың оқу мен жаттауына жеңіл. Оның «Алтын тобылғы» әдеби байқауында жүлде алған «Киелі жерлерге саяхат» өлеңдер топтамасы балалардың патриоттық сезімін оятады, туған жерінің тарихын білуге, қастерлеп-құрметтеуге шақырады.

Мұрасын біл бабаңның,
Еске мықтап түй оны.
Мынау дархан далаңның,
Барлық жері киелі...

Осылай бастайды да әрі қарай Қазығұрт тауы, «Бектау ата» тауы мен үңгірі, Ақмешіт үңгірі, Бекет ата мешіттері, «Қожа Ахмет Яссауи» кесенесі секілді қасиетті орындарды жырға қосып, бала санасына сай етіп түсіндіреді.

Асланның «Ұлттық музейге экскурсия» өлеңдер топтамасының да бағыты осындай. Тарихи құндылықтарды балаларға таныту үшін оларды музейге шақырады. Музей қызметкері аузымен осындағы тарихи жәдігерлерлердің әрқайсының тарихын тәпіштеп түсіндіреді.

Құлағыңа құй бәрін,
Көргендей боп дидарын.
– Мәшһүр Жүсіп шапаны,
– Домбырасы Динаның, – деп жырлап, музей қорында сақталған Абылай ханның шапаны, Абайдың құтысы, Мағжанның портфелі секілді қазақ үшін құнды жәдігерлерді өлеңмен өрнектейді.

Асланның «Жұмбақ өзендер» өлеңдер топтамасы да қызық.

Жағасы аппақ көбік кіл,
Сусындап тұр өрік, гүл.
Қарап жатпай бұл өзен,
Қос құрлықты бөліп тұр.

Бұл жұмбақтың жауабы Жайық өзені екен. Осы секілді еліміздегі бірнеше өзенді жұмбақ түрінде жасырады. Мұны да жаңа тәсіл деп бағалауға болады. Балалардың еліміздегі өзендер жайлы білімін арттырып, жақсылап тани түсуіне жәрдемдеседі.

Байқағандарыңыздай, Аслан балаларға арналған өлеңдерінің бәрінде отаншылдық қасиетті арттыруға, туған жердің сай-саласын, өзен-көлін, тау-тасын, тұлғалары мен олардың еңбектерін, тіпті олар қолданған жәдігерлерін танып білуге шақырады. Бұл – өте қажет қадам. Себебі бала кішкентайынан өз ұлтының ардақты тұлғаларын, асыл мұраларын қастерлеп өскені абзал. Сонда ғана ол есейгенде бойына елдікті, мейірімділікті, парасаттылықты сіңірген арда азамат болары анық. Аслан жас ұрпақтың бойына тарих тағылымын сіңіру арқылы оларды озық азамат болып қалыптасқанын қалайды. Ақынның бұл мақсаты өз нәтижесін беріп келеді, - дейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Тіл игеру үшін балалар әдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алған жөн» - деп балалар әдебиетіне басымдық бергенінің өзі – болашақты бала шақтан бастау керек дегенді білдіреді. Ендеше болашақты тәрбиелеу жолында Аслан секілді авторлардың көп болуы, тың дүниелер тудыра беретініне сенімдіміз.

Н. Үсенова