Нибелунгтар жыры

Жыр Рейн жағалауындағы Вормс қаласында өмір сүріп жатқан үш ағайынды патшаның: Гунттер, Гернут пен Гислердің өмір тіршілігін сипаттаудан басталады. Бұл туынды кейіпкерлерінің өмірін жеке-жеке баяндайтын бірнеше үзік әңгімелерден тұрады. Ең алдымен, Крахмилданың өсіп, бойжетіп түс көруі, түстің болжамы баяндалған соң барып, Зигфридтің бозбала кезі жайлы айтылады. Зигфрид бейнесі эпикалық тәсілмен жырланады. Ол жайында жырда: “Бұл бір қиырда өмір сүріп жатқан баланың аты Зигфрид болатын. Оның күші көп, шашы алтын түсті болды. Көзінің өткірлігі күшті болғандықтан, кез келген әйел оның көзіне тура қараудан сескеніп: “Зигфрид, сен бәлкім Құдайсың?”, – дейтін. Оған Зигфрид қуана күліп, атпен шауып теңіздің жағалауына баратын" – деп баяндалады. 

Зигфрид пен Крахмилда бір-біріне ғашық болып, отау құрды. Бірақ Зигфрид қайнағаларының уәзірінің қолынан қаза тапқан соң, Крахмилда күйеуінің кегін алу үшін ғұндар патшасы Атиллаға тұрмысқа шығады. Шайқас Крахмилда мен қайнағалары арасында өрбиді.

Герман ру-тайпалары ғасырлар бойы жырлаған жырда жас батыр Зигфрид әкесінің рұқсатымен патшалықтан бас тартып 12 ер жігітті қасына ертіп, алыс елдерді жаулауға аттанып, алғашқы батырлық сынақтан өтеді. Зигфридтің бөлекше болмыспен жаратылып, ерекше бала болып ержетуі, патшаның ұлы болғанына қарамастан, өзінің ерлігін сынау үшін алыс қиырға сапарға аттануы, ондағы жеңісті жорықтарының ізі баяндалады. Әрине, ол жалғыз аттанбайды, әкесі оның өз өтініші бойынша қасына мұздай қаруланған он екі жарамды жігітті серік етеді.Ол жайында жырда: “Көп ұзамай, Зигфрид өзінің жас серіктерімен кемеге отырды. Жағалауда тұрғанда ол бейне бір жаңа туған нәрестеге ұқсайтын. Бұл жас нәресте қауіпті ойынды бастағалы тұр еді” – делінеді. Жырда баласын сағынып әрі уайымдап қажыған Зигмунд патшаның халі: “Уайымнан патшаның патшалық тәжі ағарған шашымен қоса патшаның басына ауырлық етті” – деп сипатталады. Әкесі баласының жаңа жерлер мен теңіздерді бағындырған хабарының дабысын естіп жатады. Жыр осы тұста Зигфрид ерлігімен қабат Исланд атты аралдағы патшалық пен оның патшайымы жайлы сөз етіп, патшайым Бронхильденің сарайы жайлы бір еске салып өтеді. “Ол өзінің Рейнінің мұнараларынан, теңіз жағалауындағы бау-бақшасынан мұхиттың күшті толқындарының жағаға соғысын, аспанды торлаған қаз бауыр бұлттарды көріп, теңіз құстарының сан түрлі дауыстарын еститін еді. Өзен де ай сәулесімен шағылысып, жарқырап тұратын еді. Сұлу патшайым жас шахзаданың көркем шатырлы, алтын бояулы кемесінің жақындап келе жатқанын көрмеген еді. Жақындары айтқандай, бұл шахзада онымен күш жағынан тең келетін. Оның аты – Зигфрид еді”. Шығарма желісі болашақта өтетін оқиғалардың шетін ғана шығарып қойып, ортасында басқаша баяндаулар енгізіп, сосын оқиғаға қайта оралады. Ешқандай байланыссыз “Атилла аспандық тауқымет” дейтін бір-екі абзацта ғұндардың шөлді аймақтарға шабуыл жасап, "Аттиланың “Аспандық тауқыметпін” деп жар салғандығы баяндалады. Нибелунг жыры әлі қазақ тіліне аударылып, басылған жоқ. Аудармадан бөлек жыр туралы толыққанды зерттеулер, ғылыми жұмыстар да жасалмаған. Тіпті қазақ тілді ауыз толтырып айтар ақпараттың өзі де жоқтың қасы. Мақала осы олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған алғашқы қадамдардың бірі деп есептейміз. Мақалада жырдың мазмұны, оқиғалық желісі бірізді баяндалып қана қоймай, ондағы сюжеттердің тарихи негіздері де назарға алынады.

"Зигфрид", Карл Эмиль Дёплер, 1876 ж

Жырда алғашқы баяндалатын оқиғалардың бірі Зигфридтың Нидерландқа, ата-бабасының жеріне қайтып оралуы, Зигфрид патша мен Зигилинде патшайымның ұлан-асыр той жасап баласына “патшалық құр, үйлен” деп ұсыныс айтуы, бірақ Зигфридттің әлі де әлемді тану үшін саяхат жасау мақсатын көздеп, бәрінен бас тартуы, Зигфрудтың алғашқы сапарынан жеңіспен еліне оралып, өзінің жабайы аңдар мен дәулерді, Фафнер атты айдаһарды жеңгендігін айтып, өзін “Нибелунга патшамын” деп жариялауы сөз болады.

Зигфридтің екінші ерлік сапары – қалыңдық іздеу жолындағы ерлік жорығы. “Ер қаруы – бес қаруы” батырдың серігі, сиқырлы әрі ерекше жасалған семсері Балмунгасын асынып, әкесінің “әйел ал” деген сөзін құлағына ілместен, анасының ақылын тыңдамастан, Бургундар елімен қастасып, соғысуға аттанады. Яғни, ата-анасы бұл сапарының қауіптілігін, ондағы бургундардың дәстүр-салтын қатты ұстанатындығын және Һаген сияқты залым адамдардың бар екендігін айтып қанша сақтандырғанымен, Зигфрид алған бетінен қайтпайды, қасына әскер ертпей, қалыңдық алуға аз ғана сарбазбен, он екі адам ғана ертіп кетеді. Зигфридтің Рейн жағалауына еркін басып кірген жорығының өзі оның жүректілігін танытады.

 Бургундықтардың алдындағы Зигфридтың айбыны мен батырлығы, ештемеден қайтпайтын қайсарлығы, бургундықтардың одан қатты сескеніп, бейбіт мәмілеге келуге ұмтылуы, достасуға шақыруы баяндалады. Осылайша Зигфрид Вормста қалады. Зигфридтің айдаһарды жеңіп, оның қанына шомылып күшіне ие болуы батырдың жаны сиқырмен, магия мен байланысты, тылсыммен тамырлас дейтін көне ұғымдардың елесі. Қалыңдық іздеп келген Зигфрид Бургундардың елінде сайран сап, ән тыңдап, шарап ішіп аң аулап жүреді. Бірақ Кримхилдамен көп уақыт жүздеспейді. Алайда қыз оның келгенін біліп, сөзін тыңдап, сырттай ынтығып жүреді. Осы кезде Зигфридтің батырлығы сынға түсетін тағы бір сәт туады. Яғни, ол ертегі кейіпкерлері секілді өз қалыңдығының елін жаудан қорғасып, кегін қуысады. Мұнда бургундар мен саксондардың соғысы, соғыс алаңындағы жекпе-жек, батырлардың ержүректігі тәтпіштей суреттеледі. Осы соғыста саксондардың өзінің соғысып жүріп, Зигмундтың қалқанынан танып қалып, әскерін соғыстан қайтаруы оның даңқының қаншалықты эор екендігін танытады. Зигфридтің осы соғыстағы ерлігін естіген Крахмилданың ғашықтық сезімі күшейе түседі.

Осы жырдағы ерекше көңіл аударарлық тұс: бургундардың жеңілген қарсыластарына деген батырлық құрметі. Өлгенін жерлеп, жаралысының жарасын таңып, сол салтқа халықтың да патшаның да бағынуы ол елдің ежелгі ерлік салтын берік ұстанатындығын, ауызбірлігінің биіктігін көрсетеді.

Ендігі ретте Зигфруд қалыңдығының ағасының қалыңдығын іздеуге аттанады. Бірақ бұл сынақта Гунтер патша мен Зигфрид күшпен емес, сиқырмен (сиқырлы шапанның көмегімен), айламен ғана жеңеді. Көзге көрінбей әрекет етіп, яғни ертегілік тәсіл қолданылады. Жырдағы Фольгер ақынның өлеңі оқиғалардың арасын байланыстырушылық қызмет атқарады. Осы жердегі Зигфридтің Һагенге айтып беретін Нибеленугтардың еліне баруы, дәулермен шайқасып, олардың патшасы, қараңғылық қожасы кішкентай Алберикті жеңіп, оның бұған тізе бүгуі, Зигфридтің олардың әскерін ертіп Бургундар еліне алып келу әңгімесі мәні зор копозициялық бөлшек. Яғни , Зигфрид Гунтер патшаның қалыңдығын алысып келіп, жауын жеңісіп бергені үшін “қарындасымды берем” деген уәдесін есіне түсіреді. 

Жырдағы Зигфрид ежелгі батырларша ерекше жанға, өлмейтін рухқа ие. Ол жайында Крихмилда ғана біледі.: “Жұбайым, Фафнер айдаһарды өлтірген соң, айдаһардың қанына шомылды. Бірақ бір жапырақтың кесірінен кеудесінің бір кішкентай бөлігіне қан жағылмай қалды. Сол кеудесіндегі кішкентай жер арқылы денесіне зақым келтіруге болады” – деп әйелдік аңғалдықпен батырдың құпиясын ашып қояды.

"Зигфридтің өлімі".  Юлиус Шнорр фон Карольсфельд, 1847 ж.

Оның осы құпиясын Һаген қулық, зымияндықпен әйелін алдап біліп алып, қапыда өлтіреді. Зигфридтің аюмен бетпе-бет алысуы да оның көзсіз батырлығын танытады. Кеудесінен сұғылған найза Зигфридтың алдыңғы жағынан бірақ шықты. Зигфрид суды қодарынан жерге қарай төгіп басын жоғарға қарай көтеріп қорқынышты әуенмен: “Мені өлтірді. Патшалар мені өлтірді! Сіздер, бейшаралар! Менің семсерім! Мен сізге не істеп едім?!”, – деді. Орнынан тұрды. Найзаның ұшы жүрекке жақын жерде орналасқан еді. Ол төсіне тығылған найзаны қан көпіршіктерімен суырып алды. Ол: “Менің семсерім! Сұр жыландар! Сіздерді бұдан былай ешкім “қаһарман” деп атамайды. Бәлкім Бургундилерді бұдан соң “арсыз” деп атайды. Халық беттеріңізге түкіретін болады. Сіздердің аяқ астыларыңыздағы топырақты, дем алып отырған ауаны қарғыс ататын болады. Сіздер халықтың сорысыздар! Қылмыскерлер!”, – деді. Зигмунд (Зигленд)тың ұлы гүлдердің арасына құлады. Гунтер патша зарлай берді. Зигфрид болса оған қарап тұрып: “Сен өзіңе жылап отырсың ба әлде өзіңнің арсыздығыңа ма?”, – деді. Топырақ қанмен араласып, жас батырдың ауызы тұнық судың жанында ашылып қалды. Һаген: “Ұлылығы мен айбындылығы аяқталды”, – деді.Досына қанша адал болғанымен, батыр сатқындық пен аярлықтың құрбаны болып қапияда қаза болады. Жыр Зигфридтің ерлігін мадақтап, оның өлі денесінің өзін қимай су үстінде тапжылмай сақтап тұрған кемедегілер жайлы баяндайды.

Ал Аттила образы жырда қалай көрінеді деген мәселеге келсек, жырдың алғашқы бөлімінде Аттиланың “Аспандық тауқымет” деп, аталғаны жайлы ғана аздап мағлұмат беріліп кетекені болмаса, ол жайында басқалардың аузымен айтылған пікірлер арқылы ой өрбиді. Жырдың ішінде бургундардың өзара әңгімесі арқылы ғұндар патшасы Аттиланың қаһарлы дақпырты жайлы сөз етіліп, оның атын айтудан сескенетіндіктері байқалады. Ал 2 бөлімде Атиланың әрдайым өз ісіне есеп беріп отыратын адам ретіндегі тұлғасы танылып, маңындағылармен кеңесінен хабар беріледі. Аттилаға қатысты тараушада оның сарбаздарымен бірге көшпелі ат үстіндегі өмірді ерекше бағалайтындығы байқалады. “Бауырым, мен құрған орданы жинамаймын. Мен атқа мініп, бір жерден екінші жерге көшіп жүріп, өмір сүргенмін. Барлық жұрттар маған қарғысын айтып, жанымнан қашып кеткен. Сондай-ақ мені өздерінен алшақтатуға күш салған. Қашанға дейін олар мені аспаннан жауған пәледей көрулері керек? Қашанға дейін олар мені өздерінің патшалары деп санамаулары қажет? Мен ордамды жинап, осы сарайды салдым. Олар кез келген мекенге қарағанда бекемдеу. Менің асау атым, тұяғын жерге соғатын, ал енді жуас құлындай осы жайлаудағы гүлдердің арасында жайылады. Ал мен сарайдан сыртқа қарай шыққан сәтте жартылай ашылған әртүрлі гүлдер мені бөтен қонақтай қарайтынын сеземін”.– дейтін ойлары арқылы өзінің сенімді серігі Рудигердің ақылымен Гунтер патшаның қарындасы Кримхилдаға құда түспекке келіседі. Осы тұста да Аттиланың қарапайым, адами мінезі көрінеді. Әлемді аузына қаратқан патша болса да, әдепке бағынады. Зорлыққа, күшке салмайды.

Жырда Аттиланың құдіреті мен әмірінің күшін көрсететін жекелеген мысалдар бар. Мысалы Крихмилданы қарсы алуға шыққан Аттила әскері былайша суреттеледі. “Бір күні таңғы уақытта аспанға көтерілген шаңды бұлтты көрді. Аттардың тұяғымен, сондай-ақ атты әскердің айқайынан күркіреген найзағайдай дауысы шықты. Мейірімді әмір сөзге келіп: “Кримхилда, қорықпа. Сені қарсы алуға келген Атилла және оның жауынгерлері”, – деді.

Бургундықтардың ғұн жеріне келгендегі әсері жайлы жыр: “Бірақ олар атқа мініп, үрей туғызатын жауынгерлердің орнына, бағалы бұйымдар тағып, қымбат киімдерді киіп, олардың алдынан шыққан адамдарды көріп қайран қалды» – деп баяндап, Аттила патшалығының мәдениетінен хабардар етеді. “Шебер жауынгерлер қалқандар мен қымбат перделерді тақтайларға іліп жатты. Мереке басталды. Ғүндар патшасы (Атилла) бөлмедегі үстелдің артында, Кримхилданың жанында, Бургунди патшаларының қасына жайғасты. Қызметкерлер қонақтар үшін бағалы кеселерге шарап құйып алып келді. Қонақтар шарап ішуге дайындалып жатқан сәтте жауынгерлердің айқайлаған дауысы мен олардың жақындап келе жатқан дыбыстарын естіді. Бұл жерде Аттила кішіпейіл, қонақжай адам ретінде көрінеді. Ол кең пейіл, қарапайым адам бейнесінде тұлғаланады. Бұл мамыражай халді Аттиланың ағасы Белуделдің Крихмилданың айдап салуыменНебилунгдықтарға шабуыл жасауы ушықтырып, Һагеннің жауыздықпен Аттиланың ұлының басын шауып алуы, қаһарына мінген Атилланың: “Сендер менің жерімді жетіммен толтырдыңдар! Сендерді мерекеге шақырған уақытқа қарғыс айтамын! Сондай-ақ Рейн жағалауларыннан кеткен уақытқа лағнет жаудырамын! Мен сендерге ұлылықпен қарап, құрмет көрсеттім! Бір қабырғадай сендермен бірге бауырым мен жауынгерлерімнің арасына тұрдым! Сендер осы қабырғаны қираттыңдар. Бургундилар осы қабырғаның күл-талқанын шығарды! Мен тек қана күн батқанға дейін сендердің жандарыңды аламын!”, – деп қаһарлануы жырдағы оқиғаның шарықтау шегі болып табылады. Бұл жерде Аттила бейбітілік сүйгіш адам ретінде көрінеді. Жауына да адалдық танытқанымен, Фолгердің қолынан досының жансыз басын көріп, оған арыстандай ақырып, жауыздықтан соң қайта қаһарына мінеді.

Жырдағы толыққанды бейнеленетін Бронхилде образы. Ол жайында Зигфридтің ерлігі баяндалған тұста қатар айтылып, Исланд атты аралдағы патшалық пен оның патшайымы жайлы сөз болады. Бронхильда теңіз ортасындағы аралда жалғыз тұратын, ерлігіне ешкім теңеспеген батыр әйел.Ол жайында жырда: “Осы жердің ең биік тауының шыңында осы ұланғайыр жерлердің патшайымы Бронхильденің сарайы орналасқан еді. Бронхильде осы шалғай патшалықтың патшайымы еді. Ол өзінің Рейнінің мұнараларынан, теңіз жағалауындағы бау-бақшасынан мұхиттың күшті толқындарының жағаға соғысын, аспанды торлаған қаз бауыр бұлттарды көріп, теңіз құстарының сан түрлі дауыстарын еститін еді. Өзен де ай сәулесімен шағылысып, жарқырап тұратын еді. Сұлу патшайым жас шахзаданың көркем шатырлы, алтын бояулы кемесінің жақындап келе жатқанын көрмеген еді” – деп баяндалады. Бронхильде Зигфридтің келетінін түс арқылы алдын-ала сезеді. Сондықтан батырды бір көргеннен жазбай таниды.

Жырдың қызықты тұсы – қалыңдық алу үшін көне замандардағы батырлық сынақтан өту салтының негіз болуы. Бронхильде бейнесі анеаеркі дәуіріндегі батыр қыздардың образын еске салады. Ол өзіне көңіл білдірген жігітпен өзі жекпе-жекке шығады. Қазақтың эпикалық Дариға, Нарқыз сияқты Батыр қыздардың тұлғасы елес береді. Ол мәтінде былай беріледі: “Ол соншалықты ауыр болды. Бронхильде көйлегінің жеңін түреді. Оның білектерін көрген Гунтер патшаның түрі өзгерді. Бронхильде семсерді бір қолына алып, бір қантардай (бір қантар − 100 килограмм – Ю.П.) салмағы бар темір мен алтын араластырып жасалған қалқанын басқа қолына алды.

Һаген Тронг алдыға барып, патшайымның Патшайым ашумен бір үлкен тастың жанына жүгіріп барып, адам сенгісіз күшпен сол тасты алып көтеріп, алысқа қарай лақтырды. Сүйкімді қыздың сауытынан шіркеудің қоңырауларындай дауыстар шыға бастады алдына тұрып басын иіп: “Ей патшайым, Сіздің батырлығыңыз жайлы хабар Рейн өзенінің жағалауына жеткен. Егер сіз әдемілігіңіз сияқты соншалықты мейірімді болсаңыз, онда әлемде сізге ұқсайтын патшайым болмайды”, – деді. Бронхильде, оған қарамастан: “Алғашқы сынақ, семсерді лақтыру сынағы. Қазірден-ақ айтып қояйын, ол жеңіл семсер емес. Егер осы сынақтан аман-есен өтсеңіз, онда тас лақтыру сынағы басталады. Бұл тастың да жеңіл емес екенін басынан-ақ аңғартып қояйын. Сосын сіздер менен қашуларыңыз керек. Енді жақсылап ойланыңыдар. Осы сынақтан бас тартуларыңызға әлі уақыт бар”, – деді.

Бұл сынақта Гунтер патша мен Зигфрид күшпен емес, сиқырдың күшімен, сиқырлы шапанның көмегімен, айламен ғана жеңеді.

Шығарманың өте әсерлі сәті – Бронхильданың өзінің патшалық құрған туған елінен ұзатылып бара жатқандағы көңіл-күйін суреттейтін мезет.

“Кемедегі қыздар егіндік жерлерге, сарайға, жартастаға қарады. Теңіз көбіктері жағалаудағы жартастарға соққы бере берді. Оларды теңіздің үстінде алдыға қарай жылжыта берді. Жердің шеті толқындардың арасында көзден алшақтай берді. Қыздар туған жерін қимай, кеменің алдыңғы жағындағы қашалған өрнектерді ұстап, жылай бастады.

Бронхильде шексіз теңізге қарап: “Жасыл шабындықтарым, менің мұнараларым, және менің елімдегі жартастар қайда? Бұл жылап жатқан қыздар қайдан келді, бет-жүздері қызарған жауынгерлер өз кемелерімен бізді қай жаққа алып бара жатыр?”, – деді. 

Шығармада Бронхильде бейнесі мейлінше толық ашылып, дараланады. Ол батырлық сертке берік, жеңілгенін мойындап, шарттың заңына бағынып, Гунтер патшаға күйеуге шығады, бірақ кейін Зигфридтің қызметші емес екенін білгенде ашуға булығып, күшіне қайта мініп, Гунтер патшаны көйлегінің белдігімен жоғарыға іліп қояды. Гунтерге көмектеспек болған Зигфридпен Бронхилданың қараңғыда алысуынан сарайдың дірілдеуі, ақыры Зигфридтің жеңу оқиғасы да қызықты баяндалады. Екі әйелдің қақтығысында да Бронхилданың сөзге беріктігі, өз елінің салтын қатаң ұстанатындығы көрінеді. Мысалы ол: “Менің елімде: “Айтылған сөз тастай бір жолды немесе көрді көрсетеді”» деген мәтел бар”, – деп өз жұртының қағидасына беріктік танытады. Бургундар патшасының қорқақтығы, Бронхилданың алдындағы дәрменсіздігі, оған көмектесіп, жақтасам деп Зигфридтің басының бәлеге қалуы, Гунтердің қарындасы Крихмилданың да ақымақтығы мен күншілдігі ақыры Зигфридтің беделін түсіреді. Бұл шығармада өте керемет сомдалған жамандық пен сұмдықтың жиынтығы Һаген осы оқиғалардың бәрін өзінің арам пиғылын іске асыру үшін пайдаланады. Бронхильданың Зигфридке қарсылығын да өзі үшін пайдаланады. Жырдағы Бронхильденің ақыры өз теңізіне оралып, Зигфридтің сүйегі күзетілген кемені ерлікпен алып кетуі де оның тұлғасын ерекшелендіре түседі.

Жырдағы Зигфридтің іздеп келген қалыңдығы Крихмилданың сұлулығы фольклорлық тұрғыдан әсірелей суреттеледі. Жырда ол: “Кримхилда келгенде таң атқандай жарқыраған көрініс болды. Ешкім өз жанындағыларды көре алмайтын. Сол сияқты күндіз де кішігірім жұлдыздарды ешкім аспанда көре алмайды” – деп беріледі. 

Шығармадағы Кримхилда бейнесі қайшылықты бейне. Ол патшалықтың еркесі саналған, үш ағайынды патша ағаларының арасында бұлаңдап өскен кекшіл , қызба мінез иесі. Алғашқы балалық мінезі, түс көріп болашақты болжауы, Зигфридтің ерлігіне сүйсініп ғашық болған сезімі, сұлулығы жайлы жырда тамсана суреттеледі. Ол кейіннен Ғұндардың қошеметіне бөленіп, сән-салтанатта өмір сүргенімен, оның өз жақындарына деген кегі жанын жай таптырмай, ақыры небір қателіктерге ұрындырады. Кримхилдада болащақты түс көру арқылы болжайтын қасиет иесі. Жары Зигфридтің осал жерін жауына қапияда ашып берген аңғалдығына өкініш, оны өлтірген жауыз Һагенмен оған жақтас болған өз бауырларына деген өшпенділік пен кек, нибелгундардың қазынасыныан айрылып қалған өкініші жанына тыншу бермейді. Оның Аттилаға жар болуға келісім беруінің өзіне де осы ішкі есебі себепкер. Ұзақ жылдар бойына сыртқа шықпай өзімен-өзі торығып, оқшаулануы да оның образының ерекшелігін көрсетеді. Ғұндар патшасы барлық құрмет пен сән-салтанатқа бөлеп, қолына билік бергенімен, жанын жегідей жеген ескі кегінен арыла алмай ақыры Аттиланы өз төркіндерін шақыруға көндіріп, өз пиғылын жүзеге асырмақ болады.

Крахмилданың өз кегін алу үшін Аттилаға да сатқындық жасайтын жері бар. Ол Аттиланың ағасы Белуделге айтылған мына сөзден көрінеді: “Сенің бүгін жауынгерлеріңе қарсы семсер көтеруге рұқсат бергеніңді мен білемін. Ал онда сенің батырлығың қайда? Сенде Атилла сияқты барлық Ғұндарды билеуіңе хақың бар. Бірақ сен өзіңнің арың мен абыройыңды ағаңның қолына тапсырдың! Сені қорлауға жол бердің!”, – деді. Белудел: “Патшайым, мен не істей аламын?”, – деп сұрады. Ол: “Ғұндарды Бургунди тарапынан төніп тұрған қауіптен құтқара аласың! Бургунддықтар бір жауынгерді өлтірді. Бір батыр жауынгерді солардың қолынан құтқармаса, онда өзгелер де ажалға тап болады! Осы түнде, барлық нибелунгалықтарды өлтір! Олардың қорғанына барып аяқ астынан шабуыл жасап, олардың шаруасын тыңдыр! Мен Дануб пен Рейн сарайларын саған беремін!”, – деді. Крихмилданың іс-әрекеті екі түрлі мақсатты көздейді. Бірі – күйеуі Зигфридті қапыда өлтірген бургундықтардан, яғни өз бауырларынан кек алу болса, екіншісі: Нибелун қазынасын қолына түсіруді көксеуі. Осы екі мақсат жолындағы ессіздік ақыры оны Һилд Браунд семсерінің найзазына түйретіп, ажалына себепкер болады.

Һаген Небулунгтар қазынасын суға батырып жатыр". Петер Йозеф фон Корнелиус, XIX ғ.

Жырдағы тартысты ушықтырып, кейіпкерлерді әрекетке бастайтын өте белсенді айшықты образ – Һаген бейнесі. Ол бір қарағанда жауыздықтың, аярлықтың айқын бейнесі, ал екінші тұрғыдан қарағанда өз сертіне берік, өз жұртының намысын таптатпайтын батырлық мінездің иесі ретінде сомдалады. Бүкіл жырдың сюжетін өрбітіп, оқиғаны ширықтыра түсетін осы Һагеннің әртүрлі айла-шарғысы мен қулық-сұмдық әрекеттері. Оқырман ең алдымен, жырда бұл образбен Зигфридтің Вормасқа баса-көктеп кірген тұсында танысады. Гунтер патшаның қысылғанда ақылшысы, патшалықтың айбыны ретіндегі беделі осы тұстағы оны дереу іздетіп соған ақыл салуынан көрінеді. Келген батырдың айбынынан сескенгенін сездірмей, салқынқандылық танытып, қонақжайлылықпен қарсы ала отырып, жағдайды барлауынан оның өте әккі адам екені байқалады.Оның жауыздығының аса қатты көрінетін тұсы: сол Зигфридттің қапысын тауып, қапияда өлтіруі. Ол Бронхилданың кегін алмаққа уәде беріп, Зигфридттің әйелін алдап-сулап, батырдың ең осал жерін біліп алады. Әйелдің аңғалдығын пайдаланып, Зигфридтің жанды жері екі иығының арасы екенін біліп, «сол жерді белгілеп тігіп қой мен оны сақтайтын боламын» деп сендіреді. Бірақ тура сол жерінен семсер тығып, “Зигфридтің ұлылығы мен айбындылығы аяқталды” деп жар салып, оның балмунгасын өз беліне байлап, өзін “қолбасшы” деп жариялап, өзіне құрмет талап етуі оның арсыздығының шегіне жеткен жері. Һагеннің залымдық істері мен қатар жырда біраз артықшылықтары да жырланады. Ол Крихмилданың шақыртуына толық сенім білдірмей, өздеріне құрылған қақпан екенін алдын-ала сезіп, даярлық жасайды. Басқаларды да сақтандырады. Бірақ оның сөзіне ешкім құлақ аспайды. Һаген әліне қарамай өзінше әскер жинайды. Үлкен қолмен аттанады. Оған Дін қызметкері: “Һаген, сенің бұл ниетің тақуалыққа жатпайды. Біз Атилланың Рейніне Кримхилданың ұлын шомылдырып, шоқындыруға барамыз”, – дейді. 

Жырдың оқиғасын дамыта түсетін әрі Һагеннің образын терең аша түсетін бір оқиға – Һагеннің шомылып жүрген су перілерін көріп, киімдерін ұрлап алып, оларға киімдерін беру үшін болашақ жолын, өткелді болжатып алуы, перілердің бірінің алда болатын зор қауіпті ескертуі, Һадбург дейтін су перісінің , “дін қызметкерінен басқасының бәрі тірі оралмайды” деп болжауы кірістірілген. Ғұндарға баратын жолдың қиындығы көне мифологиялық түсініктегідей киелілік күшке ие кеңістік. “Өзеннің арғы бетіндегі жағалауда тастан жасалған мұнара болды. Ол сол жердегі жартастардан жасалған болатын. Һаген Фолгерге: “Бұл жердің қолбасшысы бір қанішер адам. Оның аты Глипфрат Де Бавар. Иә, өзеннен ешкім өте алмайды. Тек ғана жанын өлімге тіккен адам ғана өтеді. Сол өзеннің қайықшысы мұнараның күзетшісі болып саналады. Өзеннен өту үшін оны алдауға тура келеді. Оны Һадбургтың өзі маған айтты. Һадбург оны жақсы таниды. Қайықшы тек ғана Амелрик деген атауды айтқан кісінің аузынан естіген жағдайда оған жәрдем береді. Амелрик қайықшының бауыры болады. Ол біраз уақыт бұрын осы жерден қашып кеткен болатын. Бірақ қайықшы оны әлі қайтып келеді деп күтіп отыр”, – деп, Һаген сол күзетшіні ақыры өлтіріп, өзі бургундықтарға теңізде жол көрсетуші болады. Һаген керемет шебер теңізші, бірақ оның барлығын ол жауыздыққа жұмсайды. Жауыздықпен дін қызметкерін суға ағызады.

Яғни, бүкіл жамандық атаулының жиынтығы бейнесінде сомдалған Һаген барлық өнерін, қасиетін тек арам пиғылын іске асыру үшін пайдаланады. Оның Вербелдің екі қолын шауып тастауы, Аттиланың баласын өлтіріп, найзаға шаншып әрі-бері лақтыруы, жараланып жатқан жауынгердің қанын құйып ішуі, өзгелерге де іштіртуі сияқты жауыздық әрекеттері ашыла түседі. Ол Аттиланы қорлау үшін саксондық, даниялық әскерлерге аяусыздық танытады. Ақыры Аттиланың қол астындағы Дитриш найзасынан жеңіліске ұшырайды. Бірақ ол өле-өлгенше бас имей өткен бейне ретінде есте қалады. Ең соңғы тізе бүккен сәтінің өзінде Крихмилданың алдына жетектеп келгенде де бас имей өз залымдығын асырып, Крихмилданы ағасына айдап салып, бауырын өлтіртіп, Нибелунга қазынасының құпиясын беймәлім күйде қалдырады. Бұл туралы жырда: “Һаген айқайлап, аттар үркіп, қамалдардың қабырғаларын дірілдетті. Аяқталды! Енді Бургунди патшаларының шаруасы бітті. Енді мен осы ашылмаған сырмен бірге бақилық боламын. Гунтер ешуақытта сөз айтпайды. Сен еш уақытта Небилунг қазынасын көрмейсің! Өлгендердің мұралары осы Рейн суының терең тұңғиығында мәңгілікке қалады. Атилланың Небилун қазынасына қолы жетпейді!” – деп айғайлап көз жұмады. Кримхилданың ерлігі жарының семсерімен жауыз жендеттің жанын алып, өз жаны да тыншу табады.

Әйелдер образының ішінде Утар ханым бейнесі бейбітшілік сүйгіш, адам сүйгіш ізгі бейне ретінде көрінеді. Ол Бронхилдаға да қамқорлық танытып, Зигфридтің батырлығына бас иіп, оның қазасына қатты қайғырады. Қызы мен ұлдарының арасын бітістірмек болып, Крихмилданың кегін жұмсартпақ болып біраз әрекеттер жасайды. Ута ханымның балаларын діншілдікке үгіттеуі, Зигфридке жақтасуы арқылы ізгілікті қолдауы жырдың негізгі идеясымен өзектес.

Жырдағы аз ғана көрінгенімен, ерекше есте қалатын образ Крихмилданың екінші патша ағасы – Гислер. Оны Крихмилда ерекше жақсы көріп, қауіп-қатерден қанша сақтандырып, бірнеше рет мүмкіндік бергенімен, ол өз әскерін, бірге жүрген жолдаастарын сатпайды, қайта солармен бірге басын бәйгеге тігіп, қауіп-қатерге қарсы жүреді. Кримхилда Гислерді құшақтап: “Неге олармен бірге келдің? Саған белгі берген болатынмын ғой? Қасқырдың сұр бояуына көңіл бөлгің келмеді ме?!”, – деп сыбырлады. Гислер: “Жоқ, құрметті қарындасым, сені көргім келді”,– деді. Гислер амалсыздан Кримхилданың жанына баруға мәжбүр болды. Кримхилда Вормс халқының тілімен оған: “Сенің қақпанға түсуіңді қаламаймын! Осы жерден кет. Атыңа ертоқымды ерттеп кет. Осы жерде біреу сізге қақпан құрған!”, – деді. Ол: “Жоқ, құрметті қарындасым. Мен қашпаймын. Мен ағаларым мен Бургундилер тұрған жерде қаламын!”, – деді. Ол: “Бұл сәбидің қылықтары! Сен неліктен өзгелердің күнәсін өз мойыныңа алғың келеді? Әмірдің қызы сені күтіп отырғанын мен жақсы білемін. Ол өте әдемі. Гислер, барып оған қосыл!”, – деді. Гислер: “Бара алмаймын, Кримхилда. Егер бір нәрсенің құнын төлейтін болса, онда мен де өзгелер сияқты оны төлеуге тиіспін!”, – деді. Ол: “Сен өте ақмақсың! Сен Бургундидың патшасы боласың!. Біз екеуіміз бірігіп, Рейндегі қазынаны тауып алып, бірге патшалық жасайтын боламыз!”, – деді. Ол: “Бургундида үш патша бар. Сенімен бірге үш патша қайтып оралады. Немесе бізден ешкім қайтып оралмайды!”, – деді. Сол сәтте патшайым айқайлап: “Сен өзің осыны қаладың! Онда өз патшаңның жанына бар. Қолыңды Һагенге бер. Ол сені өлімге итермелейді! Баршы! Бар…”. Яғни, Гислер де өз патшалығының ар-намысын биік ұстаған сертке берік, ержүректігімен дараланады.

Жырдың көңіл аударарлық ерекшелігінің бірі – ақын, әншілер рөлінің белсенділігі.

Мысалы: Бургундилер арасындағы Фолкер әрі ақын әрі болжаушы бақсы функциясын атқарады. Себебі, ол алда болатын жайларды, Бронхильденің батырлығы мен оның бір батырдың жолын тосып жүргенін болжап жыр айтады. “Сарай бөлмелері алтынан жарқырап отыр. Бұл алтындар шын мәнінде, патшалардың теңіз патшайымды іздеу мақсатында кемемен барып тапқан дүниесі. Олардың барлығы Бронхильде деген дара әйелден жеңіліп қалыпты. Бұдан кейін ешкім сол жартастардың жағалауына жақындау үшін өз жанын қәтерге төндірмейді. Бронхильде өзі таққа отырып, теңіздің толқындарына назар салып жатыр. Ол, өзін жеңетін бір батырды күтіп отыр…”, – дейді. 

Бұл – болашақта баяндалатын оқиғаның алғышарты. Жырда Фолькердің бойындағы батырлық қасиет те ерекше көрінеді. Алғаш Зигфрид баса-көктеп келгенде оған қарсы шығуға оқталатын да осы – Фолькер! Бұл жайында Һагеннің: “Біз Вербелдің әнін тыңдадық. Ол өте қабілетті әнші, әрі жақсы ән шырқайды. Бірақ менің әншім тек қана ән айтпайды, ол сондай-ақ жақсы семсерлеседі. Осындай әншінің пайдасы өте көп” – деген сөзінен де аңғарылады.Яғни бургундық Фолькер ерлікті, соғысты мадақтап жырласа, Вербель Кримхилданың жүрегіндегі қасіретті кегін Аттилаға жеткізуші.

Жырдағы соғыс суреті де әсерлі суреттеледі: “Бұтақтар сынып, дулығылар аспанға қарай ұша бастады. Семсерлер бір-біріне соғып, түнде олардың дауысы, аттардың кісінеуі барлығы мұң мен зарға толы болды”.

Жинақтай келгенде назарларыңызға ұсынылып отырған бұл “Нибелунгтар туралы жырда” бургундардың ерлігі, бірлігі баса көрсетілегенімен, Һагеннің озбырлығының кесірінен жеңіліске ұшырайды. Жырдағы Аттила салқынқанды, сабырлы мінезімен, бейбітшілік сүйгіш, қонақжай қасиетімен ерекшеленеді. Жыр идеясы – озбырлықтың, ашу-ыза кектің кесірі тұтас бір халықты жоюға алып келетін қауіп екендігін ескертеді.

Мақала авторы: Пилтан Ю. Б.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, ғылыми қызметкер,

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Жерар Шалян. Әлемнің эпикалық қазыналары. / Аударған: Алиасқар Саиди. 2009.

2. Исмайыл Сағадат. Тегеран: "Сруш".Неибунген жыры Парсы тіліне аударма− 2002

3. Ю.Б. Корнеев. Песнь о Нибелунгах. 1972

4. Пётр Николаевич Полевой, Юрий Корнеев. Песнь о Нибелунгах. Переводчики: 1975

5. В. Г. Адмони .Песнь о Нибелунгах. ИздательствоНаука 1972

6. Лебедева Виктория Песнь о Нибелунгах.. Аудио.

7. Москва.Песнь о Нибелунгах.Издатеьство "Художественная литература". 1975