2019 жылғы Нобель лауреаты Петер Хандке кім? (жалғасы)

2019 жылғы Нобель лауреаты Петер Хандке кім? (жалғасы)
Фото: vk.com

басы

Өткен аптада әдебиет саласы бойынша Нобель марапатының лауреаттары анықталған еді. Бір қызығы, биыл бұл атақ қос бірдей қаламгерге бұйырды.

Сонымен, 2019 жылғы Нобель лауреаты Петер Хандке кім?

Әдебиет корифейлеріне қарсы шыққан жас қаламгер Петер Хандке осындай еді

► Алғашқы мойындау

1966 жылдың көктемінде, яғни, "Аралар" романы әлі жарық көрмеген кезде Петер Хандке Принстондағы "47-топ" отырысында елді дүрліктірген сөз сөйлейді.

Ежіктемей тура сөйлеуді әдетке айналдырған жас әдебиетші өзінің аса беделді әріптестерінің жұмыстарын ұнатпайтынын, олардың барлығы "Суреттеу импотенциясына" шалдыққандарын айтады. Әдеби сын да "солар жасайтын әдебиеттің өзі секілді еш мәнсіз" екенін тағы қосады.  

Осы отырыстың аудио таспасын тыңдайтын болсаңыз, жиылған қауымның абыр-гүбірін естисіз. Кей мықтылар жас жазушының пікіріне қарсы шыққанмен, өзгелері кейін оның сөзін сәл "жұмсартып" айтып жүрген еді. Әдебиет корифейлерін тас-талқан қылған бұл отырыс ұзаққа дейін талқыда болды.

Сол жылы Хандкенің "Қоғам зәбірі" деген пьесасының премьерасы болды. Қойылым режиссері Краус Пайман автормен әлі күнге дейін жақсы қарым-қатынаста екен.  Театр сыншылары бұл туындыға провокациялық, новаторлық шығарма деген баға берген. Бұл арқылы Хандке өзінің enfant terrible (өзгелерді күнәсіз туралығымен ыңғайсыз жағдайға қалдыратын адам) деген статусын тағы бір дәлелдеді.

Кейін Гюнтер Бюх басшылық ететін "Оберхаузен" театрында Петердің "Сәуегейлік" (1964) және "Өз-өзіңмен бітімге келу" (1965) атты пьселары да қойылды.

Осылайша айналдырған бір-екі ай ішінде Петер Хандке неміс әдебиетінің жұлдызына айналып шыға келді.

Сол жылы Петердің сүйіктісі, актриса Либгарт Шварц Forum Freies Theater ("Форум фрайес театер") театрынан шақырту алады, тамыз айында ғашықтар Дюссельдорф қаласына көшіп кетеді.

Хандкенің бірінші әйелі, актриса Либгарт Шварц

► Дюссельдорф, Париж, Кронберг

Дюссельдорф қаласында Хандке 1 жыл ғана тұрды. 1967 жылы "Тасымалдаушы" романы жарық көргеннен кейін Либгарт Шварцпен шаңырақ көтереді.  

Алғаш үйленген кездерінде Томас Бернхардтың "Абдырау" (Verstörung) романын оқып, үлкен әсер алады. Бұл туралы "Мен Томас Бернгардтың "Абдырау" туындысын қалай оқыдым" деген эссе жазады. Осыдан кейін аустриялық жазушылар арасында екеуара түсініспеушілік орнайды.

1968 жылдың 11 мамырында Петер Хандкенің "Каспар" атты пьесасы Франкфурт (режиссёр Клаус Пайман ) пен Обергаузенде (режиссёр Гюнтер Бюх) қойылады.

1968 жылы жас жұбайлар Берлин қаласына көшеді. 1969 жылдың 20 сәуірінде екеуі қызды болып, атын Амина қояды. Баланың дүниеге келуімен байланысты жүктелген жауапкершілік туралы Петер "Өз үйімде отырып қақпанға түскендей болдым. Түн ортасында жылаған қызымды жұбатып жүріп бар қиялымнан айырылып қалғандай күй кештім" деп жазады. Бұл оқиғадан бірнеше жыл өткеннен кейін оның өміріндегі аса маңызды қадам болғанын айтады.

Петердің үлкен қызы – Амина Хандке

1970-жылдары отбасымен Парижге көшіп барады. Сол жылдың күзінде Кронбертегі орман жанынан жеке үй сатып алады. Бұл кездерде жұбайлар арасы суып, ажырасудың аз-ақ алдында еді. 

► Әдеби марапаттар 

1971 жылы 20 қараша күні Петердің анасы Мария Хандке өз-өзіне қол жұмсап, өлім құшады. Бұл оқиға туралы "Ниет жоқ болса, бақыт та жоқ" (Wunschloses Unglück) деген әңгіме жазады, кейін ол экранизацияланады.

Анасы өмірден өтер алдын Петер отбасымен АҚШ-қа саяхат жасап, сапары туралы "Ұзақ қоштасуға жазылған қысқа хат" (Der kurze Brief zum langen Abschied) атты шығармасын жазады.  

Қайтып келген соң Парижге орнығады. 70-ші жылдары көптеген марапаттатрға қол жеткізеді, олардың қатарында Шиллер премиясы, Георг Бюхнер премиясы, Неміс тілі және поэзиясы академиясы марапаты бар.

Сол кездері Петердің досы, режиссер Вим Вендерс "Жалған қозғалыс" (Falsche Bewegung) туындысын экранизациялады. Осы жылдары оның шығармашылығы жоғары бағаланып, ел аузында болды. Әйгілі француз актрисасы Жанна Моромен де сол кезде танысқан.

► Күйзеліс, саяхаттар, Нобель

1979 жылы жазушы Отанына оралады. Кейде Еуропаның түрлі қалаларына саяхат жасап жүреді.

Кейін ұзақ сапарларға аттанады. 1987 жылы 19 қарашада Словенияның Есеница қаласынан автобуспен Югославияға, одан Грекияға жетіп. Мысырға өтеді. 1988 жылдың қаңтарында Еуропаға оралып, Париж, Берлин, Брюссельде болады. Одан Жапонияға кетеді. Оралған соң Анкоридж (Аляска), Лондон, Лиссабон, Испанияның бірнеше қаласында болады. Саяхат Италия, Аустрия, Германия мен Франция арасында жалғаса береді.

Екінші әйелі Софи Семенмен

1990 жылдың жазында Петер Хандке Париждің солтүстік-батысынан үй сатып алады. Көп уақыт өтпей француз актрисасы Софи Семенге үйленеді. 1991 жылы 24 тамызда қыздары Леокадия дүниеге келеді.

Одан бергі уақытта автордың түрлі жолжазбалары жарық көріп, туындыларын бойынша көптеген кинокартиналар түсірілді.

2007 жылы 6 желтоқсанда Питер Хандке Аустрия Ұлттық кітапханасының әдеби мұрағатына соңғы жиырма жыл ішінде жазған барлық қолжазбалары мен басқа да материалдарын 500 000 еуроға сатты. Бұл мәмілетті Федералды Білім, Мәдениет және Өнер Министрлігі растаған. Сонымен қатар, 2008 жылдың басында автор Марбахтағы неміс әдеби мұрағатына 1966 жылдан 1990 жылға дейін жазылған 66 күнделігін сатқан екен.

Енді ол Нобель лауреаты атанды.

А. Оралқызы