Бүгін – Асқар Тоқмағамбетовтің туған күні

Бүгін – Асқар Тоқмағамбетовтің туған күні
Фото: syr-media.kz

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі Асқар Тоқмағамбетов 1905 жылы 19 қыркүйекте Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Өзінің шығармашылық қызметімен ол қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосты. Талантты ақын, прозаик, сатирик жетпістен астам кітаптың авторы. 1930-32 жылдары Мәскеу полиграфия институтын бітірді. “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас алаш”), ”Қазақ әдебиеті”, “Егемен Қазақстан” газеттерінде, “Ара” журналында қызмет істеді. Алғашқы өлеңдер жинағы “Еңбек жыры” деген атпен 1928 жылы шықты.

Асқар Тоқмағамбетов қазақ поэзиясында поэма жанрын дамытуға елеулі үлес қосқан ақын. Оның поэмалары: “Хат”, “Бақыт кілті”, “Қаскелең”, “Өмірге жол”, “Батыр Әли”, “Ақын тағдыры”, “Ажалды жеңген алыптар”, “Батырлар дастаны”, “Уборщица” т.б. тақырыбы жағынан әралуан.

Ақын лирикасының бір саласы – 1930-40 жылдары жазылған “Біздің Сәуле”, “Қош, аман бол!”, “Бәтиманың хаты”, “Күт мені”, “Сүйген жарға” т.б. әнге арналған өлеңдері қалың жұртшылықтың құлағында болып, кең тарап кетті.

Асқар Тоқмағамбетов проза жанрында да жемісті еңбек етті. Ыбырай Жақаевтың өміріне арналған “Қыран тұғырдан ұшады”, Қазан революциясы қарсаңындағы ауыл өмірін суреттейтін “Ақмоншақ” (О. Бодықовпен бірге) повестерін жазды. Қаратау мен Сыр өңірі қазақтары тұрмысынан жазылған “Әке мен бала” романын кейін қайта толықтырып “Қарбаласта” (1975) деген атпен жариялады. ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ ақындары туралы “Жыр күмбезі” атты тарихи роман жазып, оның ішінде Тұрмағамбет Ізтілеуовтің өмірі жайлы құнды деректерден мағлұмат берді.

Ақын шығармашылығының елеулі бір саласы – оның сатирасы. Қазақ кеңес әдебиетінде Асқар Тоқмағамбетов сатиралық поэзияның негізін қалаушы, әрі дамытушылардың бірі болды. Кезінде Мұхтар Әуезов оны “Қырғи тілді Асқар” деп бекер айтпаған. Оның бірнеше сатиралық өлеңдері мен фельетондар жинақтары жарық көрді. Ақын қоғамдағы моральдық нормаларға қайшы келетін нәрселердің бәрін өткір әжуалады.

Асқар Тоқмағамбетов 1983 жылы дүниеден өтті. Ақын аты Қызылорда қаласында Мәдениет үйіне, көшесіне берілген. Облыс әкімшілігі шешімімен А. Тоқмағамбетов “Ғасыр адамы” тізіміне енгізілген.

Т. Раушанұлы