Атырауда Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған апталық қорытындыланды

Атырауда Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған апталық қорытындыланды
Фото: ult.kz

Атырауда көрнекті ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдығына арналған апталық қорытындыланды.

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында өткен қорытынды кешке ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрқиса Дәуешов, Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және еліміздің әр өңірінен келген зиялы қауым өкілдері қатысты. Н. Дәуешов ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау лебізін жеткізді.

"Қасиетті Атырау жерінде кешелі бері шоқтығы биік, мағынасы терең үлкен шара өтіп жатыр. Асқақтатып жыр, күмбірлетіп күй төккен тамаша кешті ұлт рухының мерекесі деуге болады. Осылайша, поэзия падишасына арналған мәдени шаралар өз мәресіне жетті, аздаған қимастық сезімі де жоқ емес", - деді ол.

Ал апталықтың әр шарасын қалт жібермей, ақынның жыр-шумағын жатқа айтқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ел рухын асқақтатар мұндай іс-шаралар жалғасын табатынына сенім білдірді.

"Фариза апамызға айтылар теңеу көп. Дегенмен, оның шыншылдығы мен жолдасқа, досқа деген адалдығы бір төбе. Бүгін, міне, соның куәсі болдық. Өйткені, апталық аясында өткен әр шараның басы-қасында елдің арда азаматтары болды. Олар бұл шараның мәртебесін көтергені сөзсіз. Алдағы уақытта мұндай шаралар жалғасын тауып, Фариза апамыздың шығармашылығы кеңейіп, елдің дамуына, өскелең ұрпақтың рухы биік болып қалыптасуына сеп болатын тәрбиелік шаралардың қатары артсын", - деді аймақ басшысы.

Еске сала кетейік, апталық аясында​ "Ар мен ақын" деректі фильмінің​ және "Жыр - менің жалғыз тарланым" аудио дискісінің тұсаукесері өтті. Сондай-ақ Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде​ "Ф.Оңғарсынова – көрнекті ​ ақын, қоғам және мемлекет қайраткері" атты республикалық конференция ұйымдастырылды. Ал Ш.Сәриев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік-өнер музейінде "Поэзия падишасы – бояу тілінде" атты республикалық симпозиум ашылды. Бұдан бөлек, өнер сүйер қауым "Фариза​ жұлдыздары" жас ақын-жазушылар клубының поэзиялық кештерін, "Жыр жұлдызы – Фариза" республикалық ақындар сайысын тамашалай алды.

Т. Раушанұлы