Зейнеп Ахметова: "Жақсы келін – ұлағатты ана, ұлағатты ана – кемеңгер әже"

Зейнеп Ахметова: "Жақсы келін – ұлағатты ана, ұлағатты ана – кемеңгер әже"
Фото: massaget.kz

2019 жылы 19 сәуірде сағат 11.00-де Үмбетәлі Кәрібаев атындағы орта мектепте биылғы жастар жылына орай және "Рухани жаңғыру" бағдарламасының жобасы бойынша қоғам қайреткері, жазушы Зейнеп Ахметовамен кездесу өтті. 

Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы аясында Зейнеп Ахметовамен кездесу арқылы елжанды, отансүйгіш, ойлы оқырман тәрбиелеу, оқушылардың өз ұлтына көзқарасын кеңейту, өз дәстүрін сүйіп өсуге тәрбиелеу. 

Кездесу барысында оқушылар қазақтың салт-дәстүрін терең түсініп, еліне деген сүйіспеншілігін, ынта-ықыласын арттырып, өздері оқыған шығармалары туралы ойларын ортаға салды. 

Кездесу нәтижесінде оқушылар өз ата-бабасын мұрасын ұмытпай сақтау үшін және салт-дәстүрден нәр алып өсуіне, туған жерге, оның мәдениетіне айрықша іңкәрлікпен атсалысып, қастерлеуге үйренді.

Іс-шара басталмай тұрып, Зейнеп Ахметова мектепті аралап, ардагер ұстаз Нөсербаева Жібек Жанайбекқызының атына берілген "Қазақ тілі мен әдебиеті" кабинетіне арнайы келді. Айта кететін жайт, әулетінен ұстаздықты мұрат тұтқан ерлі-зайыпты қос ұстаз – Болат Қарабалин мен Нөсербаева Жібек Жанайбекқызы Үмбетәлі ауылына 1975 жылы көшіп келеді. Мектепте Болат Жолмұратұлы дене шынықтыру пәнінен, ал Жібек Жанайбекқызы қазақ тілі мен қазақ әдебиетінен сабақ бере жүріп, Үмбетәлі ақынның шығармашылығына терең бойлап, ақын турасында зерттей бастайды. Бастапқыда оның шығармашылығын таныту мақсатында сыныпта бұрыш ашылса, кейін мектеп дәлізінде стенд қойылады. Әр жылдары Жібек Жанайбекқызы Үмбетәлі Кәрібаевтың 90 және 100 жылдығына орай салтанатты шаралар ұйымдастыруға белсенді араласады. 80 жылдары Жібек Нөсербаеваның бастамасымен ақынның музей-үйі ашылып, кейін ол мемлекеттік музейге айналды. Мектепте 40 жылдан аса уақыт жұмыс істеген Нөсербаева Жібек Жанайбекқызы "Еңбек Қызыл Ту" орденімен, "Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі", "Жоғары категориялы мұғалім" атақтарын алады.  40 жылдан астам ауыл мектебінде жұмыс істеп, көптеген ұрпаққа білім мен тәрбие берген қос ұстаз 2014 жылы "Жамбыл ауданының құрметті азаматы" атанды. Бұл марапаттың төсбелгісі аудан бойынша тұңғыш рет ерлі-зайыптыларға тағылды.  2015 жылы 40 жылдық ауданның ағарту ісіне сіңірген еңбегі мен Үмбетәлі Кәрібаев шығармаларын болашаққа жеткізуге қосқан үлесі үшін Үмбетәлі Кәрібаев атындағы мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті кабинетіне Нөсербаева Жібек Жанайбекқызының аты беріледі. 

Осыдан соң мектептің акт залында іс-шара басталды. Аталмыш іс-шараға Жамбыл аудандық білім бөлімінің әдіскері А.О. Зейнеллаева, Жамбыл ауданының Аналар алқасының төрайымы Күміс Бармашқызы, мектеп директоры О.Т. Асымханова, зейнеткер ұстаздар, ата-аналар, мектеп оқушылары, мұғалімдер қатысды.

Жазушы кіріспе сөзінде: 

"Менің бір ғана артықшылығым болды. Мен сұмдық құйма құлақ болдым. Атаның (Бауыржан Момышұлының) айтқан сөздерін қағазға түсіріп отырдым. Олар кейінгі ұрпаққа "Шуақты күндер", "Бабалар аманаты" болып жетті. Ата: "Балам мен саған бабалар аманатын айтамын. Сен оны балаңа жеткізсең, ол баласына жеткізсе, тым болмаса бір үйде қазақтың иісі сақталады", – дейтін. Сондықтан өзімді бабалар аманатын арқалап жүрмін деп есептеймін. Шамам келгенше жазып, айтып келе жатырмын.

Ата бізге: "Халық деген ұлы күш. Сені аспанға көтеретін де, жерге түсіретін де халық! Сондықтан қатарыңнан озсаң да халықтан озба. Халыққа басыңды иіп жүр! Халық жолымен жүріңдер адаспайсыңдар, халықпен бірге болыңдар жалғыздық көрмейсіңдер!", – деп үйретті. Осыны түсіну үшін, ұғу үшін том-том кітап оқудың қажеті жоқ. Сосын айтатын: "Жақсы адамның жақсылығын айт, бірақ жағымпазданба, жаман адамның жамандығын бетіне айт, бірақ жала жаппа", – дейтін. Өйткені ата жақсы адамның бойында да бір кемшілік болады, өте жаман адамның бойында да бір жақсылықтың ұшқыны болады деп есептейтін. Сондықтан болар ата сені мақтап аспанға көтеріп отырып, бір сөзің үшін әп-сәтте жерге бір-ақ ұратын. Ата сондай ешқандай қалыпқа сыймайтын тұлға болды. Ата бірде дана, бірде бала болды. Ал дананы түсініп, баланың бабын табу оңай емес.

Мен атаның қолына келгенде, Ержан (баласы) 3 жаста, өзім 25 жаста едім. Мен де басқалар секілді бірден арыстанның апанына түсіп кетемін деп ойламадым. "Тозаққа түссең сайтанмен де достас" деген сөз бар. Сондықтан Тәңір сенің маңдайыңа осындай адамның келіні болуды жазғасын, өл-тіріл шыдауың керек. Талай жыладық.... Ол кезде жаспыз ғой түрлі оқыс жағдайлар болып жататын. Бірақ соның барлығы мені шыңдап, пісіріпті. Қызылды-жасылды дүниеде әділеттен гөрі әділетсіздік басым болып жатады. Сондай кезде жаманның да жақсының да аяғының астында тапталмасын, басына шығармасын деп мені қайрай беріпті. Мысалы, пышақты өткірлеу үшін де қайрақ керек қой. Сол секілді атаның қайрақ-сөзіне пісіп, адам болдық", – деді.

Осыдан соң жиналған қауым Зейнеп Ахметоваға көкейде жүрген сауалдарын қойды. Кәрібаев мектебінің 11 сынып оқушысы "Бұрынғы мен қазіргінің келіндерінің айырмашылығы қандай?" деген сұрағына Зейнеп Ахметова:

"Асылы, келін болу оңай емес. Келін болу – өнер. Оның ішінде қазаққа келін болу тіптен қиын. Себебі, қазақ халқының атам заманнан қалыптасқан жолы, салт-дәстүрі бар. Келіннің инабатты болуы қыздың қандай тәрбие алғанына байланысты. Өйткені, басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады. Үйінде жақсы тәрбие алып, уызына жарыған болса, барған жерінде де жақсы келін болады. Жақсы келін ұлағатты ана, ұлағатты ана кемеңгер әже болады. Әйел адамның үш бақыты бар. Үш рет үлкен бақытқа ие болады. 

Біріншісі, ата-ананың ортасында, қызғалдақ қыздай болып құлпырып жүру. 
Екіншісі, сүйгеніне қосылып, жар болу бақыты. 
Үшіншісі, ана болу бақыты. 

Бұрынғы келіндермен қазіргі келіндерді мүлде салыстыруға болмайды. Қазіргі келіндер атасының көзінше шалбар киіп жүре береді. Айтсаң "бұл мәдениет" дейді. Осылай мәдениет пен өркениетті шатастырады.

Маған кейде енесін жамандап келетін келіндер бар. Мен:

– Күйеуіңмен сүйіп қосылдың ба?, – деп сұраймын. 
– Иә күйеуім жақсы адам, – Бірақ енем, жаман! Енем сұмырай, – дейді. 
– Айналайын, күйеуің жақсы да, сол күйеуіңді тәрбиелеп адам етіп шығарған енең жаман ба?! Күйеуіңді тәрбиелегені үшін, адам еткені үшін енеңді жақсы көруің керек, алдында бас иуің керек! – деймін. Міне, менің енесін жамандайтын келіндерге қысқа ғана айтар жауабым. Себебі, ене біріншіден – ана! 

Келіндерін жамандайтын енелер де болады. Оларға айтамын: "Көкетай шыбықты бір жерден екінші жерге көшіргенде ерекше күтім жасамай ма? Ол жер құнарлы болса ғана жапырағын жайып, жемісін бермей ме? Сен алдымен үйрет оған. Ененің мектебі деген сол. Бірге істеп үйрет. "Кел келін, мен ет пісірем, сен нан иле" дегендей, алдымен көрсет, шаңырақ дәстүріңді үйрет. Содан кейін түсінбей жатса ғана ұрсуға болады. Жоқ! Бізде келінді келе сап сынға алады. Сондықтан, тек, ене немесе келін жаман деп кесіп айтуға болмайды. Егер келіспей жатса кінәрат екі жақтан да болады. Ең бастысы, үлкен үлкендей, кіші кішідей бола білсе, үйде де берекет болады.

Келісі сұрақты Жарқын есімді 11 сынып оқушысы қойды. Ол болашақта Зейнап ападай кітап жазғысы келетінін айта келе:"Бауыржан Момышұлы қатал кісі болған екен. Атаңыздың көңілінен үн-түнсіз қалай шыға білдіңіз? Оның сыры неде?, – деп сұрады.

Зейнеп Ахметова: "Атаның қас-қабағына қарап, не айтқысы келетінін айтқызбай-ақ зерттеуге кіріскен адаммын. Онсыз болмайды. Ата ішіңдегіні білетін психолог адам еді. Алғашқы кезде кейбір нәрселердің қиюын келтіре алмай жылап та жүрдім. Бірінші келген күні-ақ, атаның шашылған кітаптарын жинаймын деп ұрыс естіген жайым бар. Ол кезде ата шипажайға кеткен еді. Қайдан білейін... Үстелінің үсті шашылып жатыр екен. Бақытжан сұмдық ұқыпты болатын. Қағаздарын жинап жүретін. Соған үйренген байғұс басым ананы да жым-жылас етіп жинап тастағанмын. Ата келгесін "ойбайын" салды. "Мынаны кім жинады" деп айқайлады. "Мен жинадым" деп едім. "Бүйтіп жинағаның құрысын, бар жоғал!" деп ақырды. Зытып бердім десем өтірік болар. Аяғым шүберек болып қалған. Қабырғаға сүйеніп асүйге зорға жеттім. Біліп тұрмын, көз жасым іркіліп тұр. Ернімді тістеп алғанмын. Аузымды ашсам, бақырайын деп тұрмын. Өйткені атаның айқайы өңменімнен өтіп кетті. Ол кісі жай адам емес, біріншіден ол қайын атаң! Еще Момышұлы!

Бірінші күннен-ақ, айқайлағаны сұмдық емес пе? Содан неде болса ваннаға кіріп жылайын дедім де, ішке кіріп судың бәрін ашып қойып, ой, жыладым-ау. Судың ағыны сияқты, көз жасым төгіліп жатыр. Суды ағызбасаң жылағаның білініп қалады емес пе?! Содан орамалымды дұрыстап тағып айнаға қарасам, жылағаным білінбейді екен. Енді шығайын десем шыға алмаймын. "Ойбу, мына келінді құдай атқан екен. Тапа-тал түсте суға түсіп жатыр дейтін болды-ау", – деп ойладым да ақырын есікті ашып сығаласам, баласы екеуі жайбарақат сөйлесіп отыр екен. "Дауыл басылып, арқыраған өзеннің ағымы қайтқан екен" деп ақырын шықтым. Қабырғаны жағалап асүйге қарай кетіп бара жатыр едім ата:

– Бері кел-гін!!! – деді. Келуін келдім, Бақытжанның артына тығылып тұрдым. "Балам есіңде болсын, "Мой беспорядок – это есть высший порядок!" деді. Оны кейін түсіндім, атаның жұмыс істейтін реті солай екен. Әдейі дайындап қояды екен. Мысалы, қолжазба мына жерде, кітап мына жерде... дегендей. Содан қайтып қағаз-қаламына тиіспейтін болдым. Сосын: "Кешіріңіз ата, енді тиіспеймін" дедім. Сонда атам: "Әй, балам бұдан былай жылағың келсе, суды сарылдатпай-ақ жылай бер" деді.

Алғашқы кезде айғайды көп естідім. Бірте-бірте айғайына да үйреніп алдым. Өйткені ата кейісе де ешқашан кек сақтамайтын. Ата ұрысқанда, ата айқайлағанда менің дымым шықпайтын. Ол оңай емес. Кейде өтің жарылып кетейін дейді. Осы есікті тарс жауып шығып кеткің де келетін кездер болады. Бірақ маған Құдай күш берген шығар, анамның тәрбиесі етеңімнен ұстап жібермеген шығар, ата ашуланғанда үндемейтінмін. Сәлден кейін, егер өзі дұрыс істемеген болса, алдыңа келіп кешірім сұрайтын. "Әй, балашка, мен артық кетіппін, кешір" дейтін. Мен мұны бірінші рет естігенде құлап қала жаздағам. Бауыржан Момышұлының келінінен кешірім сұрауы, бала екеш баладан кешірім сұрауы ұлылық! Атаның алдында үндемегеннен өкінген жерім жоқ. Жалпы, үлкеннің алдында үндемегеннен ұтылған емеспін. Айналайын жастар, ә десе, мә демей үлкеннің алдында үндемей сабырлылық сақтасаңдар, көп өтпей өздері де сабасына түседі. Атаның алдында сабырлылық арқылы талай ашуына төтеп бердім. Осылай-осылай атаның сынынан өттік. Адам болдық", – деді. 

Кездесу соңында ауыл адамдары өз өнерлерін ортаға салып, Зейнеп Ахметоваға рахметін айтып, орамал жапты.

Т. Раушанұлы