Бауыржан Бабажанұлының "Тәңіріме бір уәде беріп ем..." атты шығармашылық кеші өтті

Бауыржан Бабажанұлының "Тәңіріме бір уәде беріп ем..." атты шығармашылық кеші өтті

2019 жылы 15 наурыз күні  Ақтөбе қаласындағы Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында белгілі ақын, "Ақтөбе" облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы  Бауыржан Бабажанұлының 50 жас мерейтойына арналған "Тәңіріме бір уәде беріп ем..." атты шығармашылық кеші өтті. 

Аталған кешке еліміздің әр аймағынан белгілі ақын-жазушылар, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген белгілі адамдар, атап айтар болсақ Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушанов, жазушы Мереке Құлкенов, "Қазақ әдебиеті" газетінің Бас редакторы, жазушы Дәурен Қуат, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маралтай Райымбекұлы келді. Шығармашылық кешті белгілі ақын Ертай Ашықбаев жүргізді.

Аталған мерейтойға Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов пен Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова келіп, жылы лебіздерін білдірді. Ал Шымқаладан арнайы келген Досайбек Әшіров ақынға темір тұлпар сыйлады.

Света Айтбаева ақынның сөзіне жазылған "Ауылға хат" әнін орындады. Астанадан ат арылтып келген ақын Жанат Әскербекқызы Бауыржан Бабажанұлына арнаған өлеңін оқып берсе, ақын Маралтай Райымбекұлыда ағаларға деген ақ тілегін жаудыра отырып, "Махамбеттің мүсіні" атты өлеңін оқыды.

Т. Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының актерлері ақынның өлеңдері негізінде арнайы сахналанған қойылым қойды. Кешке арнайы келген белгілі әнші Елена Әбдіхалықова "Сағыныш ғұмыр" атты әнін орындады.

Елімізге белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлы 1969 жылы 21 ақпанда Қарақалпақстан Республикасы Мойнақ ауданында туған. 1995–1996 жж. ҚР ҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер, 1996–1999 жж. "Жалын" журналында", "Ана тілі" – "Жалын" бірлескен басылымдарында бөлім меңгерушісі, 2000 жылы "Алтын Орда" тәуелсіз апталығында бас редактордың орынбасары болып қызмет істеген.

Өлеңдері "Толқыннан толқын туады", "Жас ақындар антологиясы" атты ұжымдық жинақтарға енген. 2001 жылы "Отырар кітапханасы" сериясымен "Аспан мен жердің арасы" ("Елорда") және 2006 жылы "Уәде" ("Жазушы") атты кітаптары жарық көрді. "Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл" және "Астана қаласының 10 жылдығы" медальдарының иегері.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Бүгін үш ойын өтеді