Ақберен Елгезек:

Ақберен Елгезек: "Әдебиет академиясы қазақтың ой-өрісін жаңа асқарларға шығарады"

Осыдан 10-15 жыл бұрын Мәскеудегі М.Горький атындағы әдебиет институтына оқуға түсіп, қазақ әдебиетінің классиктері Әбділдә Тәжібаев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжімеденов, Олжас Сүлейменов, Қалихан Ысқақ, Сәкен Жүнісов, Тынымбай Нұрмағанбетов, Әкім Тарази, Марфуға Айтхожина, Иран Ғайып, Ұлықбек Есдәулет, Айгүл Кемелбаева сияқты аға-апаларымдай мен де «Жоғары әдеби курстарын» бітіріп келуді армандаушы едім.

Тіпті, қайбір жылы М.Горький институтының түлегі Роллан Сейсенбаев мені сол жерге түсірем деп ректорына хабарласып, біраз әлектенген болатын. Обалына не керек, ол жақтан біздің жеке басымызға еш қарсылық бола қойған жоқ. Бізді шетелден келіп оқитындарға институт тарапынан қойылған талаптары, анығырақ айтқанда оқуға төленетін ақшасының көлемі тоқтатып тастап еді.

Жолдамамен топ етіп түсе қалатын Кеңес заманындай жағдай жоқ. Қысқасы, болмады. Бірақ, қалайда басқа ештеңемен айналыспай, тек әдебиет саласындағы білімімді жетілдіру – үлкен армандарымның бірі болып жүретін. «Болашақпен» оқуға тіл білмейміз. Жасымыз болса 40-қа таяды. Тіл меңгергенмен жас келмейді. Анамен-мынамен айналысып жүргенде, уақыт қасқа шауып өте шықты. Бұл шаруа бір рет берілетін фәни өмірде енді орындалмайтын арман боп қалатын болды ғой деп жүретінмін.

Сөйтіп жүргенімізде Құдай айдап, Жазушылар Одағына жұмысқа келдік. Бұл жерде аса көп мүмкіндік болмағанымен, айтатын мінбер бар. Әдебиетке қажетті шаруаларды жоғары жаққа айтуға жағдайлар туды дегендей. Іле-шала Мәдениет және спорт Министрі жанынан құрылған Жас қаламгерлердің республикалық кеңесі құрылды.

Баршаңыз куәсіздер, Кеңестің бірінші отырысында Орталық Азия Әдебиет Академиясын құру жөнінде ұсынысты ортаға салдым. Жастарға сондай бір оқу орны құрылса, сол жерде олар өз білімдерін жетілдірсе деген сыңайда. Мақсат – әлгінде айтқан арманымызды жастар көрсін деген ниет.

Сол ұсынысымызды бүгін талантты ақын інім Мерей Қарт Елбасының алдында қайталап айтты. Көрдік. Жарайсың, Мерей!

Бұл ұсыныс та, өзге ұсыныстар секілді Үкіметтің жоспарына кіреді деп сенемін.

Ендігі міндет - осы үлкен жобаны біз ойлағандай, біз қиялдағандай етіп жүзеге асыру.

Академия құрылып, оның оқу бағдарламасы тиісті деңгейде ұйымдастырылса, бұл біздің әдебиетімізді жаңа белестерге көтерері сөзсіз. Себебі, әдебиетке келіп жатқан жастар университеттер мен өзге де оқу орындарында алған білімдеріне қоса таза әдеби-гуманитарлық білім алса, олар болашақта ұлы шығармалар жазатыны анық.

Бұл Академияның факультеттерінде дейміз бе, бөлімшелерінде дейміз бе оқып жатқан жас әдебиетшілерге өзіміздің мүйізі қарағайдай классиктеріміз дәріс оқып, қазіргі интернеттің бар мүмкіндіктері арқылы немесе Академияға арнайы шақырылған әлемге әйгілі қаламгерлер, философтар, мәдениеттанушылар, өнертанушылар, дінтанушылар, жаратылыстану ғылымдарының озық ойлы ғалымдары лекция оқыса, отандық және шетел классиктерінің жеке-жеке шеберханалары жұмыс істеп тұрса, бұл жас ақын-жазушылардың интеллектуалдық деңгейін мүлде басқа кеңістікке шығарып жіберер еді.

Ой – осы. Орындалуы – жоғары деңгейде болсын деп тілеп отырмыз. Сонда ғана біз бәсекеге қабілетті, ертең адамзатқа үлкен ой айта алатын, әлемді өзінің шығармаларымен тәнті ете алатын, қазақтың рухани әлемін барлық бояуларымен құлпырта көрсетіп, паш ете алатын, ұлттық әдебиетіміздің әлемдегі орнын сенімді бекітіп беретін ерекше толқынды, мүлде айырықша буынды тәрбиелей алар едік. Ал, бұл өз кезегінде қазақтың ой-өрісін жаңа асқарларға шығаратыны ақиқат.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Чемпиондар лигасы: 1/4 финалдың жеребесі тартылды
Чемпиондар лигасы: 1/4 финалдың жеребесі тартылды
"Пандемия кедергі емес". Қазақстандағы Алтайда қалай демалыс өткізуге болады?
"Пандемия кедергі емес". Қазақстандағы Алтайда қалай демалыс өткізуге болады?
Данышпандық — әйелдерге қарағанда ерлерге көбірек тән қасиет
Данышпандық — әйелдерге қарағанда ерлерге көбірек тән қасиет
Дұрыс тамақтану жайлы нақылдар
Дұрыс тамақтану жайлы нақылдар
Жыландар қалай ұшады?
Жыландар қалай ұшады?
Жер сілкінісі де тоқтата алмайтын жолаушылар пойызы
Жер сілкінісі де тоқтата алмайтын жолаушылар пойызы