Сәкен Сыбанбай. Телефон мәдениеті

Сәкен Сыбанбай. Телефон мәдениеті

Үйдегі телефон шырылдады. Тұтқаны көтердім.

– Қалайсың? – дейді бейтаныс біреу.
– Жақсы.
– Не жаңалық? 
– Пәлендей жаңалық жоқ. – Дауысынан кім екенін ажырата алар емеспін.
– Бала-шаға шауып жүр ме? – дейді ол етене араласатын жанша еркін сөйлеп.
– Шауып жүр. – «Біреудің бала-шағасында жұмысың қанша, кімсің өзің?» дегім келіп тұрса да, сабыр сақтадым. Таныс кісілердің бірі болып шығуы да мүмкін ғой.
– Мені таныдың ба? – деді ол тура сол ойымды оқып қойғандай.
– Жыға танымай тұрғаным... – деп күмілжідім, «Шымкент-шоудағы» Күлпаш келінше «Танитындай «МузАрт» па едің, не?» дей жаздап.
– Неге танымайсың? – дейді анау сыздай түсіп. – Кісі боп кеттің бе?..
– Кісіліктің қатысы қанша бұған, кім болдыңыз енді, айтсаңызшы?
Кергіп отырып, мені тергеп-тексеріп отырып, ақыры кім екенін айтты-ау. Сөйтсем, араласпай кеткенімізге жеті-сегіз жыл болған бір ескі танысым болып шықты. Сонша жыл сөйлеспеген адамды мен бірден тануым керек екен. Қызық, ә!

Бірде (бұрынырақтағы оқиға) жұмыста едім, телефон тағы безілдей жөнелді. Аядай кабинетте алты адам отырамыз, телефон маған жақын тұр еді:
– Әлеу, – дей қойдым.
– Көмекбай, әлгі Сәбетханның тойы сағат нешеде еді? – дейді сымның ар жағындағы біреу.
– Кешіріңіз, мен Көмекбай емеспін, қазір шақырайын оны, – деп тұтқаны кабинеттің ана шетіндегі қызметтесіме бердім...

...«Мәдениет» дегенде біз оны негізінен театр, кино, музыка, музей, бейнелеу өнері салаларына ғана тән түсінік деп білеміз. Қарым-қатынас мәдениеті, сөз мәдениеті, сөйлеу мәдениеті деген ұғымдардың да бар екенін, оның маңызы басқалардан тіпті де кем еместігін ескере бермейміз. Қоғамдық орындарда, көшеде, жиын-тойларда адам өзін-өзі қалай ұстап, қалай сөйлеуі керек деген мәселелерге де мән беруді ұмытқандар аз емес. Енді, міне, тым болмаса телефон арқылы тілдесудің жөн-жосығын білуді өзіне тең санамайтындар да шықты.

Мәселен, жеті-сегіз жылдан бері сөйлеспеген адам әуелі «есіңде ме, ұмытып қалған жоқсың ба, мен Пәленшемін ғой» деп өзінің кім екенін айтып, амандық-саулықты сосын сұрағаны жөн емес пе? Ал мекемеге қоңырау шалып отырған кісі бір кабинетте жалғыз Көмекбай отырмайтынын, тұтқаны басқа біреудің де көтеруі мүмкін екенін ойлап, бірінші сәлемдесіп алып, сонан соң ғана «Көмекбайды телефонға шақырып жіберіңізші» деп өтінсе болмас па еді? Бала емес, шаға емес, дардай адамдарға осындай ұсақ-түйекті де ескертіп, үйретіп отыру керек пе сонда? Түсініксіз.

Телефон таң атпай шырылдаса да, түннің бір уағында безілдесе де, «Апыр-ай, бұл кім екен, тыныштық болса жарар еді...» деп, кез келген адам секем алып қалады. Кейде сондай қорқыныштан ұйқыңыз шайдай ашылып, тұтқаға жармасқанда еститініңіз – «Мен ғой, әлі тұрмағансың ба, немене? Жай, кеше қол тимегесін, бүгін хабарласып жатқаным ғой...» немесе «Жатып қалмап па едіңдер, бағана күндіз айтуды ұмытып кетіппін, әлгі ше...». Сондағы айтатындары – болмайтын әңгіме, кәкір-шүкір, ұсақ-түйек. Соларды құлқын сәріде немесе жеті түнде емес, тәуліктің хабарласуға қолайлы басқа уақытында да айтуға болады емес пе?.. «Негізінде, оқыс оқиға болып қалмаса, таңғы сағат 8-ге дейін, сосын кешкі сағат 10-нан кейін телефон соғуға болмайды» деп жас балаңызға үйретерсіз, ал соны сомадай болғанша санасына сіңірмеген сабаздарға қалай түсіндірмексіз... 
Ұялы байланыс пайда болғалы бері жағдай тіпті ушыға түсті. Енді жұрт уақыт есептеуді де қойды, күн демей, түн демей қолынан телефон түспеуге айналды. Номерін жасырып қоңырау шалу дейтін үрдіс шықты. Сіз кім екенін біле алмайсыз, бірақ ол ойына келгенін істей алады, қысқа қоңырау тастап, мазақ қылады. Қайыра хабарласайын десеңіз, номері көрсетілмеген. Бұрқылдап-бұрқылдап, өзіңізге өзіңіз ұрсып, ақыры басыласыз.

...Бірде түннің бір уағында телефон тағы баж ете түсті.
– Алло, Серік бар ма екен? – дейді бір жастау жігіт.
– Қайдағы Серік? Бұл үйде ондай адам тұрмайды.
– А-а-а... Ал сіз кімсіз?
Не жұмысы бар? Әбден жыным келді. Жеті түнде мазаны алғанымен қоймай, тағы менің кім екенімді сұрайды.
– Шырағым, Серіктің бұл үйде тұрмайтынын білдің, енді менің кім екенімде шаруаң қайсы? Жалпы, қазір сағат түнгі бір, мұндай уақытта қоңырау шалудың әдепке қайшы екенін білмейсің бе?
– Өзіңіз түнгі бірде неғып ұйықтамай отырсыз?
Мұндай адамға дауа жоқ екенін ұққан мен қолымды бір сілтеп, Оспанханша айтқанда, "телефонды тура ұрып жықтым"...


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар

Марсель – Жан ана