Қазақ әдебиеті парсы тіліне аударылатын болды

Қазақ әдебиеті парсы тіліне аударылатын болды
Фото: Жазушылар Одағы

21 қыркүйек күні Еуразиялық әдеби форум аясында Қазақстан Жазушылар Одағы мен Иран жазушылар қауымдастығының басшылары өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қазақстан Жазушылар Одағы мен Иран жазушылар қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық

​​​​2018 жыл 21 қыркүйек, Астана
(2018 жыл 21 қыркүйектен күшіне енді)

Төменде «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Жазушылар одағы мен Иран Жазушыларының қауымдастығы Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасындағы тарихи, мәдени және әдеби саладағы достық байланыстар мен ынтымақтастықты дамыту және нығайту ұмтылыстарын білдіре отырып, әдеби саладағы байланыстар мемлекеттер мүдделеріне қызмет етуіне сеніп,төмендегілер туралы келісті:

1-бап
Тараптар Қазақстан мен Иран Ислам Республикасы халықтарының тарихи, әдеби байланыстарына сүйеніп, екі ел арасында жоспарлы әдеби-мәдени ынтымақтастықты орнату мен дамытуға алдағы уақытта да көмектеседі.

2-бап
Әрбір Тарап өз оқырмандарына басқа Тарап әдебиетінің жетістіктерімен танысуға кең жол ашып береді.Тараптар өз қарамағындағы мекемелер арасында тікелей ынтымақтастық пен байланыстарды орнатуға және нығайтуға, мүдделі ұйымдар арасында тәжірибе алмасуға мұрындық болады.

3-бап
Иран Жазушыларының қауымдастығы өзіне қарасты және серіктес басылымдарда екінші Тараптың көмегімен қазақ әдебиетіне байланысты айдар ашып, тұрақты түрде жүргізу және Қазақстан Жазушылар одағы өзіне қарасты «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз», «Простор» басылымдарында екінші Тараптың көмегімен парсы әдебиетіне байланысты айдар ашып, тұрақты түрде жүргізу ісі қолға алынады.

4-бап
Тараптар әдеби ынтымақтастықтың екі жақты дәстүрлері мен жобалары негізінде шығармашылық ұжымдар, баспалар, газет пен журналдар қызметкерлерінің және белгілі жазушылардың шығармашылық сапарларын жүзеге асыруға көмектеседі.

5-бап
Тараптар қазіргі заман әдебиетін бір-біріне таныстыру және оқырмандарға ұсыну мақсатында тұрақты түрде екі мемлекетте жылына екі рет ғылыми-практикалық кездесу не конференция (Workshop стилінде) өткізуге келіседі. Бұл кездесуде әр Тараптан кем дегенде екі ақын не жазушы қатысады.

6-бап
Тараптар қазақ ақын-жазушыларының антологиясын парсы тіліне аударып, басып шығару және парсы ақын-жазушыларының антологиясын қазақ тіліне аударып, басып шығару, сондай-ақ, қазақ және парсы ақын-жазушыларының жеке кітаптарын аударып, басып шығару мәселесін ынтымақтаса отырып жүйелі түрде қолға алады..

7-бап
Тараптар жазушыларға, ақындарға, әуесқой шығармагерлерге әдеби-көркем байқауларға, конференцияларға, оқу-семинарларына қатысуына көмектеседі.

8-бап
Екі тарап Қазақстанда Иранның, Иранда Қазақстанның әдеби апталығын өткізуді ұйымдастырады.
Түсіндірме: бұл шараны өткізу мәселелері, жобасы осы Меморандум шеңберінде Тараптармен қосымша келісіледі.

9-бап
Жылына бір рет қазақ-парсы әдебиеті альманахын шығаруға екі Тарап бірлесіп қолдау көрсетеді.

​​​​10-бап
Тараптар кітапхана ісінде кітаптар, баспалар, каталогтар, тағы басқа ақпараттық материалдармен ауысу арқылы ынтымақтастық жасайды.

11-бап
Қазақстандық жас ақын-жазушылардың парсы әдебиетімен жақын танысып, қазақшаға аудару мәселесін қамтамасыз ету және қолдау мақсатында жыл сайын берілетін әдеби сыйлық тағайындау бірлесе қолға алынады.

12-бап
12 баптан және бір түсіндірмеден тұратын осы Меморандум қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Меморандум 5 жыл мерзімге жасалады және Тараптардың бірі оның жүзеге асуын тоқтату туралы өзге Тарапты тиесілі мерзім таусылуынан алты ай бұрын жазба түрде хабардар етпегенше әркез кейінгі бес жылдық мерзімге өздігінен созылған саналады.

Т. Раушанұлы