Әлем әдебиеті өкілдері қазақ жерінде бас қосты

Әлем әдебиеті өкілдері қазақ жерінде бас қосты
Фото: Массагеткз

Бүгін Алматыда "Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің рөлі" тақырыбында жазушылардың І Халықаралық форумы басталды. Әлем әдебиетшілері қазақ елінде 3 күндік шара аясында бас қосып, қазіргі заманғы әдебиет хақында пікір алмасады.

Әдебиет әлемінің өкілдері үшін соңғы жылдардағы аса маңызды шаралардың бірі белгілі публицист, Халықаралық қазақ ПЕН-клубының президенті Бигелді Ғабдуллиннің мұрындық болуымен іске асып отыр. Маңызының басым болатын себебі, Қазақстан 1973 жылдан бері мұндай ауқымды халықаралық деңгейде әлем жазушыларының басын қосып көрмеген екен.

Бүгін таңғы сағат 8-ден бастап Алматыдағы Рахат Палас қонақүйіне сөз шеберлері мен көркем  әдебиет көсемдері бірінен соң бірі келіп жатыр.

I Халықаралық Жазушылар форумына Франция, АҚШ, Англия, Польша, Израиль, Қытай, Палестина, Түркия, Моңғолия, Чехия, Марокко, Израиль, Германия, Литва, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа да 16 елден аса көрнекті сөз зергерлері қатысып отыр.

Форумды осы шараның ұйымдастырушысы Бигелді Ғабдуллиннің өзі ашып, жиналған қауым ішінен жасы үлкен ақсақал, қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпеисовке сөз берді.

94 жасқа келсе де, өзін ортада сергек ұстаған жазушы нағыз әдеби мәнерде ерекше көркемдікпен сөйлеген сөзін "Сөз —  бұл Тәңір" деген оймен аяқтап, өзінен кейінгі буынға кезек берді.

Екінші кезекте форум мінберіне 2019 жылғы Нобель сыйлығының номинанты Атанас Ванчев де Трасси француз әдебиетінің өкілі ретінде қазақ әдебиетіндегі Әбдіжәміл Нұрпеисов сынды жақұттарды құрметтейтінін жеткізді.

Кейін форумның негізгі тақырыбына қатысты пікірін білдіру кезегі "Желідегі жалғыздық" романының авторы, поляк әдебиетін барша жаһан жұртшылығына танытып жүрген жазушы, туындылары кез келген кітап дүкенінің "Заманауи проза" бөлімінде бетселлер деп көрсетілетін  Януш Вишневскийге келді. Ол өз сөзінде: "Әдебиеттің негізгі миссиясы – түсінік қалыптастыру",– деді. Ол жазушының белгілі бір оқиғаларға қатысты қалыптасып қалған стереотипті, біржақты пікірлерді жойып, жаңаша ойдың пайда болуына ықпал ете білу қасиетін жаһандану заманында да әдебиеттің әсері күшті болуының кепіліне балайды. Осылайша форум мінберіне бірінен соң бірі әр ел әдебиетінің өкілдері шығып, сөз кезегін алып жатты.

Рахат Палас қонақүйінің Абай/Махамбет залына жиылған дүйім жұрт қатарында Олжас Сүлейменов, Дулат Исабеков, Несіпбек Дәутайұлы, Иран Ғайып, Есенғали Раушанов, Ұлықбек Есдәулет, Жүсіпбек Қорғасбек, Дидар Амантай, Ханаан Аваад, Алексей Цветков, Юсуф Амине Элалами, Бақыт Кенжеев, Сергей Гандлевский сынды жазушылар, ақын, драматург, философ және аудармашылар болды.

Шараға қатысушылар "Құбылмалы әлемдегі қазіргі заманғы әдебиеттің рөлі" тақырыбынан бөлек, "Жаһандану және ұлттық әдебиет", "XXI ғасыр талаптары және әдебиет" сынды өзекті мәселелерді талқылайды. 

"Әдебиеттің өзі ұлттық құндылық болса да, онда шектеу, шекара болмауы тиіс. Себебі, әлем халықтарын байланыстыратын бір дүние болса, ол — әдебиет" деген Бигелді Ғабдуллинге осындай шара ұйымдастыру идеясы осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын келген екен. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы модернизациялау" бағдарламасы себеп болған. Осы идеямен ол Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырзаға өтініш білдіріп, қаржылық қолдау көрсетуін сұрады. 

Форум өткізу идеясы отандық жазушыларымыз шетелден жаңа достар тапса, әріптестерінің өмір салтымен танысса және жаңа әдеби аудармашылармен жолықса деген тілектен туындаған.

Жаһандану дәуіріндегі қазіргі әдебиеттің жай-күйі мен оның қазақ әдебиетіндегі көрінісі жан-жақты талқыланатын мұндай маңызды жиынды тек биылғы 3 күндік отырыспен шектемей, жыл сайын өткізу  жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, форумның үшінші күні, яғни, 12 қыркүйек сағат 19:00-де Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында Олжас Сүлейменов, Алексей Цветков (Израиль), Сергей Гандлевский (Ресей) және Бахыт Кенжеев (АҚШ) секілді талантты ақындар қатысуымен поэзия кеші өтеді.

А. Оралқызы