Өтежан Нұрғалиев: “Ақша ешқашан жетпейді...”

Өтежан Нұрғалиев: “Ақша ешқашан жетпейді...”
Фото: http://qasym.kz

Биыл қазақтың аса дарынды ақыны Өтежан Нұрғалиевтің туғанына 80 жыл толды. Әдебиетке алпысыншы жылдары "Менің махаббатым" атты жыр жинағымен келген ақын өлеңдерінде жаңа бояу, тың үн, тосын мінез бар. Ақынның өзі де әдебиетке жаңбыр болып қүйып, нөсер болып төгіліп келді. Әдебиетке жаңа леп, жаңа тыныс қосылды. Өзі де өлеңдері де ешбір қалыпқа сыймай кетті. Осы орайда белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғайдың Өтежан Нұрғалиев туралы естелігін сіздермен бөлісуді жөн көрдік.

Баспада редакторлардың айлығы мардымсыз. 140-145 сомның көлемінде. Ал аға редактор болу үшін кемінде төрт-бес жыл қызмет атқаруың керек. Онда да басшылардың көңілін таппасаң, жуық арада дәрежең өспейді. Аға редактор болғаннан соң айлығың 160 сомға көтеріледі. Сондықтан тоқсан сайын бір рет берілетін сыйақы үшін жан алысып, жан берісіп жұмыс жасаймыз.

“Жалын” баспасына қызметке келген соң редакторлардың жағдайы аса мәз емес екеніне Өтағаңның да көзі жетті. Басымыз қосылған бірде осы айлық пен сыйақы жөнінде әңгіме бола қалды. Әркім өз жағдайының ауыр екенінен хабар беріп, ішсең асқа, кисең киімге жарымайтынымызды айтып жаттық.

– Ақша ешқашан жетпейді,– деді Өтағаң бір ұзақ әңгімеге кірісетін сыңай танытып. Біз енді оның аузына қарадық.

Өтағаң көзі күлімсіреп, өзі “бастан кешкен” бір жағдайды баяндай бастады.

– Алматыға келген соң менің де ел қатарлы өмір сүргім келді,– деді ол.– Біздің қатарымыз үйлі-жайлы болған. Көбісінің саяжайы бар. Жеңіл машина мініп жүргендері қаншама. Ең бастысы, бірқатар ақын-жазушылардың жинақ кассасында ақшасы бар. Бәрі де ақша жинаған ғой. Ішпей-жемей жинады ма, пара алды ма, кітап шығарып қаламақысын жинақ кассасына салып отырды ма, қалай жинады, оны өздері біледі. Айлықтары осы өзіміздің айлығымыздай ғой бәрінің де. 140 сом!

Ал Алматыда ақшаң болмаса ешкім сәлем бермейді екен. Мұны Күләш (әйелін айтып тұр – Б.С.Қ.-Н.) та байқап қалды. Ең болмаса адам қатарына ілігіп, әйелімді қуантайын дедім. “Қой, бұл жүрісім жарамас, ақша жинайын”,– деп ойладым мен. Кассада он мың сом ақшаң болмаса, адам қатарына саналмайды екенсің. Ішпедім. Жемедім. Қолыма түскен ақшаны жинақ кассасына сала бердім, сала бердім.

Бір күні жинақ кітапшасын қолыма алып қарасам, ақшамның басы құралып қалыпты. Тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан бес сом! Он мыңға бес-ақ сом ғана жетпей тұр. Енді бір бес сом болса, мен де Алматыда адам қатарына қосылайын деп тұрмын. Апыр-ай, ә! Ақшаны жинай берсең, он мыңға жеткізуге болады екен ғой!

Ойыма сап етіп Қадыр Мырзалиев түсе кетті. Ол Алматыдағы ақшасы ең көп ақын ғой. Ақшасы көп болған соң жұрттың бәрі оған сәлем береді. Қызметіңе қарамайды жұрт. Талантыңа тем более... Кассадағы ақшаң он мыңнан аспаса, қызметіңді, талантыңды не қылсын!

Қадырдан бір бес сом қарыз сұрайын деп ойладым. Кассадағы тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан бес сомға қосып, он мыңға толтырып қояйын дедім. Кассада он мың сом ақшам болса, мен ханға сәлем берем бе?! Керісінше, жұрт маған сәлем береді ғой.

Тура Қадырға тарттым ғой. Тауып алдым. “Осындай да осындай, қарызға бес сом бере тұр, “Ер адамның мойнында қыл арқан шірімес”, мен де адам қатарына ілігіп кеткелі тұрмын. Сенен бес сом алсам, кассадағы тоғыз мың тоғыз жүз тоқсан бес сомға қосып, он мыңға толтырып қоямын ғой ақшамды” деп жатырмын. Қадыр ақшаның бетіне қарасын ба, он сом берді. Мені адам қатарына қосылып кетсін деп тұр ғой. Он сом аз ақша емес. Кассада он мың сомым болайын деп тұр ғой!

Үйге екі өкпемді қолыма алып, қуанып жеттім. Есіктен ене бере:

– Күләш! Күләш!– деппін.– Біз де адам қатарына қосылып кететін болдық, Күләш!

Әйелім аң-таң.

– Не болып қалды?– дейді түкке де түсінбей.

Қалтамнан он сомды суырып алдым. Қадырдан қарызға сұрап алғанымды айттым.

– Осыны апарып салсам, кассада он мың сомым болады ғой!– деп айтып үлгергенімше, әйелім “А-а-а!” деп шалқасынан құлап түсті. Тура сервантқа соғылыпты. Бір қимайтын әдемі хрусталі бар еді. Жерге құлап түсіп, быт-шыт болды. Соның орнын толтырмақ болып, кассадан ақша алуға мен кеттім.

Сөйтіп әне-міне он мыңға толайын деп тұрған ақшам қайта бұзылды. Бұл ақша дегенің ешқашан жетпейді екен ғой. Менің кассадағы ақшам әлі он мыңға толған жоқ. Жұрт та сәлем бермей өте шығады,– деп аяқтады ол әңгімесін.

Бұл оқиға шын мәнінде болды ма, болмады ма – мен оған бас қатырған емеспін. Бірақ философиялық астары бар сөз еді...

Т. Раушанұлы