Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің бойтұмары Астанада

Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің бойтұмары Астанада
Фото: vk.com

Астана қаласында 5 шілде сағат 11:00-де «Қолжазбалар мен сирек кітаптар  ұлттық орталығы» мен Павлодар облыстық «Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі» бірлесіп ұйымдастырған Астана қаласының 20 жылдығына орай «Астана – Алаш арманы» атты тақырыптық көрменің салтанатты ашылуы өтеді.

Көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана күнін мерекелеуге орай, Павлодар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен «Ауыспалы көрмелер» жобасын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Көрмеде Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі қорынан тұңғыш рет – Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің бойтұмары, Жүсіпбек Аймауытовтың «Сюзане» кілемі мен өз қолымен жасаған заттары және екі ғалымның бір біріне жазған хаттары, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1933 жылы шыққан толық шығармалар жинағы, Иса Байзақовтың шапаны мен тұтынған заттары, Жаяу Мұсаның қобызы, Е.Беркімбаев әндері ноталарының түпнұсқасы, Шәкен Аймановтың «Алдар көсе» филімінде киген бөрігі және ұлт мәдениеті мен тарихына байланысты көптеген қолжазбалар, өзге де әдебиет және өнер майталмандарының жеке заттары, фото-суреттері, сол секілді музей қорында сақталып отырған араб графикасында, латын ғарпінде шыққан сирек кітаптар көпшілік назарына ұсынылады. 

А. Оралқызы