Алматы төрінде Тыныштықбек Әбдікәкімұлының кеші өтті

Алматы төрінде Тыныштықбек Әбдікәкімұлының кеші өтті
Фото: massaget.kz

20 сәуір күні Алматыдағы "Алатау" дәстүрлі өнер театрында, қазақтың аймаңдай ақыны, қасиетті Шыңғыстау тумасы Тыныштықбек Әбдікәкімұлының шығармашылық кеші өтті. 

Шараның өзге кештерден ерекшелігі – бірқатар қазақ ақындары Тыныштықбек ақынның өлеңдерін оқыды. Кештің шымылдығын Секен Тұрысбектің "Ақ жауын" камералық оркестрінің – Ұлы дала" композициясы ашып берді.

Т.Әбдікәкімұлының өмір мен өлеңдегі ағалары, құрбы-құрдас замандастары, ақын бауырлары, атап айтсақ, Жәркен Бөдеш, Исраил Сапарбай, Әбубәкір Қайран, Темірхан Медетбек, Қасымхан Бегманов қатарлы ақындар бастап, Бауыржан Жақып, Мұрат Шаймаран, Жарас Сәрсек, Жанат Жанқош, Дәулеткерей Кәпұлы, Алмас Темірбай, Ақберен Елгезек, Бауыржан Қарағыз, Ерлан Жүніс, Ықылас Ожай, Ырысбек Дәбей, Мерей Қарт сынды ақындар кеш иесінің өлең-жырларынан шашу шашты.

Елена Әбдіхалықова, Еркін Шүкіман, Қадырғали Көбентай, Ершат Қайырхан, Гүлия Сағидоллақызы секілді өнер қайраткерлері Тыныштықбек ақынның сөзіне жазылған әндерді шырқады.

Кеш соңында сөз алған ақынның өзі алғаш өлеңдерін бала кезінен бастап жазғанын тілге тиек ете отырып, алғашқы жыр кешін 15 жасында бергенін, сол кешке студенттер қатысқанын айтып еске алды. Тағы бір айта кетерлігі, ақын одан соң 15 жылдай ұзақ үзілістен соң өлеңге қайта оралғанын жеткізе келіп, соңғы уақытта жазған сиясы кеппеген жырларын оқып, жұрт көңілін серпілтті. Алыс-жақыннан жиналған жұрттың жырға сусағаны сондай – залда ине шаншар орын болмады. Кеш соңы естелік суретке түсумен ұласты.

Суреттер сөйлесін:

Т. Раушанұлы