Билл Гейтс 2017 жылы қандай кітаптар оқыған?

Билл Гейтс 2017 жылы қандай кітаптар оқыған?
Фото: vk.com

Microsoft компаниясының негізін қалаушы, әлемдегі ең бай адамдардың бірі Билл Гейтс 2017 жылы оқыған кітаптардың ішінен өзіне әсер еткен бесеуін атап өтті. Бұл тізімге екі Пулитцер премиясы иегері мен Вьетнам туралы романдар енді.

«Кітап оқу — менің ойымдағы елгезектікті арттырудың бір амалы. Өмірімде қызықты адамдармен көп жолығып, түрлі шараларға жиі баратыныма қарамастан, мен үшін кез-келген тақырыпты зерделеуде кітаптың орнын ештеңе баса алмайды», - дейді Билл Гейтс өзінің Gates Notes блогында.

Билл Гейтс ұсынған бірінші кітап Мэттью Десмондтың «Қоныстан қуылғандар: америкалық қаладағы кедейлік пен байлық» туындысы.

Америкалық социолог бұл туындыда америкалық кедей отбасылары мен баспана жалға берушілер арасындағы қарым-қатынасты сипаттаған. Кірісінің көп бөлігін өмір сүруге жарамсыз баспаналарға төлеу арқылы күн кешіп жатқан отбасылар тағдырынан сыр шертетін кітап биыл Пулитцер премиясын алды.

Билл Гейтсті тәнті еткен тағы бір ғалым — Вацлав Смил. Миллиардер оны өзінің сүйікті авторларының бірі екенін атап өтті. Вацлав Смилдің «Энергия мен цивилизация: тарих» туындысы — адамдардың энергияға деген қажеттілігі адамзат тарихын қалай өзгерткені туралы әңгіме. Гейтс бұл кітаптың қабылдауға тым қиын екенін де ескертті.

Билл Гейтс тізімінде бір емес, бірден екі кітап Вьетнамға арналған. Бірі —  Тхи Буйдың «Біздің қолымыздан келген  ең жақсы дүние». Автор романда өз ата-анасының 1987 жылы Отанын тастап кеткені сөз болады.

Екінші кітап — Виет Тан Нгуеннің «Қайғыға ортақтасушылар» атты дебюттік романы. 2015 жылы жазылған туындыны The New York Times басылымы бестселлерлер қатарына қосты. Ал 2016 жылы Пулитцер премиясын алды. Туынды авторы туралы жюри: «Қос елдің (Вьетнам мен АҚШ) азаматы айтқан эмигранттық оқиға» -деген пікір білдірді.

Билл Гейтс тізімін ағылшын стендап әртісі Эдди Иззардтың «Маған сен: махаббат, өмір мен джаз балапандары туралы мемуарлар» атты автобиографиялық романы аяқтады. Бірақ, Гейтс бұл кітапты оқымас бұрын, Иззард шығармашылығымен танысып шығуға кеңес берді.

А. Оралқызы