Канадада Android негізінде жұмыс жасайтын смартфон-қол сағаттар жасалды

Канадалық Neptune компаниясы қазіргі смартфондар орнын баса алатындай Android 4.0 операциондық жүйесі негізіндегі қол сағаттарын жасап шығарды.

Neptune Pine аталған қол сағаттарына Bluetooth арқылы смартфонмен байланысудың қажеті жоқ. Ол іске қосылу үшін бар болғаны сағатқа SIM-картаны салып алсаңыз болғаны. Ал смартфоныңызды үйде қалдырып кете берсеңіз де болады. Neptune Pine сағаттары Wi-Fi және GSM сымсыз байланыстарын қабылдай алады. Сенсорлы экранмен жабдықталған сағат GPS, USB 2.0 және Bluetooth 4.0 интерфейстеріне де оп-оңай қосылады. Сондай-ақ, қол сағатта радиоқабылдағыш, 3,2 мегапиксельді камера және цифлық компас орнатылған. 

Одан бөлек, Neptune Pine қол сағаттары өз иесінің денсаулық жағдайы туралы да ақпарат жинай алады. Мысалы, қол сағат қолданушыға жүрек қағысы, жүрілген жол және жоғалтқан калория туралы цифрларды көрсетіп бере алады.  

Neptune Pine сағаттары сатылымға 2013 жылдың екінші жартысында шығады деп жоспарланған. Оның бағасы шамамен 395 долларды құрамақ.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: neptunepine.com