Нептун планетасын кім ашты?

Нептун планетасын кім ашты?

Нептун – Күн жүйесіндегі ең алыс сегізінші, диаметрі жағынан төртінші, массасы жағынан үшінші планета. Адамзатқа 1846 жылы ғана бары белгілі болған планетаның ашылу тарихы да әріптестеріне мүлдем ұқсамайды. Себебі, Нептун – Күн жүйесіндегі үздіксіз астрономиялық бақылау нәтижесінде емес, математикалық есептеулер нәтижесінде анықталған жалғыз шар.

Негізінде даңқты италиялық физик-математик, астроном және философ Галилео Гелилейдің салған суреттеріне үңілсек, астроном бір алып шардың Юпитерден әрі орналасқандығын 1612 жылы 28 желтоқсанда дәл тапқандығын байқауға болады. Бірақ, Галилео Нептунды қозғалыссыз тұрған жұлдызға балапты. Сондықтан, ол Нептунды ашқан астроном ретінде саналмады.

Ал, ағылшын астрономы Томас Хасси өзінің астрономиялық бақылауларына сүйене отырып, Уран орбитасында аномалиялық қозғалыстардың барын анықтайды және бұл белгісіз алып планетаның әсерінен деген шешімге тоқталады. Сосын, Хасси Уранның орбитасын зерттеумен айналысқан француз астрономы Алексис Бувармен жолығып, өз гипотезасын түсіндіріп, Буварға Уран орбитасын толық математикалық есептеулер арқылы зерттеу жұмыстарын жүргізуін өтінеді, оған Бувар келіседі. Келіседі, бірақ, Бувар Уран орбитасын әрі қарай зерттеумен мүлдем айналыспайды.

Одан әрі 1843 жылы британиялық математик Джон Адамс Уран орбитасындағы аномалиялық қозғалысты түсіндіру мақсатында гипотезалық сегізінші планетаны математикалық жолмен табуға тарысып көреді. Алайда, ісін соңына дейін жеткізбепті.

1845 жылы француз Урбен Леверье өз бетінше түрлі математикалық жүйелер жасап шығып, Париж обсерваториясына ұсынады. Алайда, ол жерден қолғабыс таппаған Урбен өзінің зерттеулерін Кембридж (Лондон) обсерваториясына жолдап, ондағы астроном Джордж Эйри британиялық біршама астрономдар мен математиктерді жанына жиып сегізінші планетаны тамыз және қыркүйек айлары бойы сәтсіз іздеу жұмыстарын бастайды.

Генрих д`Арре мен Йоганн Галле

Бұл уақыттары Урбен Берлин обсерваториясындағы астрономдарға да өз есептеулерін қарап шығуды ұсынады. Сөйтіп, оның жүйесіне сүйене отырып сол уақыттағы студент Генрих д`Арре мен Йоганн Галле бірлесе отырып телескоп арқылы іздестіру жұмыстарын бастайды және бір сағаттан соң белгісіз объектіні өз көздерімен көреді. Сөйтіп, оның шын мәнісінде Күнді айнала қозғалатыны анықталып, сегізінші планета екендігі анық білінеді.

Сөйтіп, планета табылғаннан кейін француздар, ағылшындар және немістердің арасында қызу пікірталас басталып, Нептунды кімнің ашқандығын айқындау жұмыстары басталып кетеді. Арнайы конференция өткізіліп, британиялық және француз математиктері Джон Адамс мен Урбен Леверьені қосалқы ашушы, ал, неміс Генрих д'Арре мен Йоганн Галлені негізгі ашушы қылу шешіліпті.

Massaget.kz