Ерекше саңырауқұлақтар #2

Ерекше саңырауқұлақтар #2
Фото: newsera.ru

Орманнан саңырауқұлақ жинауды ертегіден оқып немесе теледидардан көріп жүреміз. Бізге саңырауқұлақтың санаулы түрлері ғана таныс. Алайда әлемде саңырауқұлақтардың өте ерекше түрлері өседі екен. Ендеше, төменге көз жүгіртіңіздер.

Басы

Алып саңырауқұлақ
Суреттегі динозаврдың жұмыртқасына ұқсайтын, Calvatia gigantea  деп аталатын, жеуге жарамды саңырауқұлақ. Calvatia gigantea саңырауқұлағының диаметрі 50 сантиметрге жетеді. Бұл саңырауқұлақтар медицинада да қолданылады. Ол ісікке қарсы жоғары нәтижелі құрал саналады. Алайда бұл саңырауқұлақтар да өте сирек кездеседі. 

Техас жұлдызы
Бұл саңырауқұлақ Chorioactis geaster деп аталады. Ол планетадағы ең сирек саңырауқұлақтардың қатарына жатады. Оны "Техас жұлдызы" деп те атайды. Себебі ол осы штаттың орталығынан табылған. Содан соң Жапонияда бірнеше жерде табылған. Саңырауқұлақтың тұқымдары ішінде тұрған кезінде оның сыртқы келбеті ораулы тұрған жуан шылымға ұқсайды. Саңырауқұлақ тұқымдарын шашқан соң жұлдызға немесе гүлге ұқсай бастайды. Бұл саңырауқұлақ тұқым шашу кезінде ысқырғандай дыбыс шығарады. 

Теңіз саңырауқұлағы
Бұл Aseroe rubra атты саңырауқұлақтары Австралияда кеңінен таралған. Оны алғаш көргенде саңырауқұлаққа ұқсатпайсыз, түрі жабайы гүлге келеді.

Жер жұлдызы
Geastrum rufescens саңырауқұлағы қарапайым жаңбырлы саңырауқұлақтарға ұқсайды. Айырмашылығы жұлдызды төсемінде. Саңырауқұлақ жер астынан шыға бергенде жұлдызды төсемі бірден ашылады. Бұл саңырауқұлақ жеуге жарамсыз.

А. Жапатова