- Негізгі бет
- Жаратылыстану
- ДНҚ құрамын өзгерткен...
ДНҚ құрамын өзгерткен ғалымдар Нобель сыйлығын иеленді
Ұлыбританиялық Томас Линдаль және америкалық Пол Модрич пен Азиз Санкар (түрік текті америкалық) есімді ғалымдар химия саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары атанды. Олар ДНҚ-дағы генетикалық ақпаратты сақтай отырып, жасушаларды емдеу әдісін ұсынды.
Томас Линдаль ДНҚ құрылымының табиғи жолмен (N+1) қайта қалпына келетін үдерісін бірінші болып анықтаған. Бұл ДНҚ жасушаларын жасанды жолмен қайта қалпына келтіру мүмкін екенін дәйектеді. Ал Азиз Санкар ДНҚ құрамындағы нуклеотидтерді бөліп алу механизмін жасады. Жасушалар бұл механизмді ультракүлгін сәулелердің көмегімен жасушаны қайта қалпына келтіруде қолданады.
Америкалық ғалым Пол Модрич ДНҚ-ның бөліну үдерісі кезінде жол берілетін қателіктерді жөндейтін әдіс ойлап тапты. Бұл әдіс ДНҚ-ның жаңа жасуша құрастыру кезіндегі қателіктерді жөндеу үшін қолданылады.
Дәстүрге орай, Нобель лауреаттары 10 желтоқсан күні салтанатты түрде марапатталады. Физиология немесе медицина, физика, химия және әдебиет, сонымен қатар, экономика салаларындағы Нобель сыйлығын иемденген ғалымдарды құттықтау рәсімі Швецияның Стокгольм қаласында өтеді. Ал бейбітшілікті аңсаған тұлға Норвегия астанасы Осло қаласында марапатталады.
Өткен жылы химия саласы бойынша Нобель сыйлығын америкалық Эрик Бетциг пен Уильям Монер және неміс ғалымы Штефан Хелль иемденген. Олар флуоресцентті микроскоп құрастырғаны үшін ең беделді сыйлықпен марапатталған еді.
Айта кетсек, медицина және физика салалары бойынша Нобель сыйлығының лауреаттары бірнеше күн бұрын белгілі болды. Уильям Кэмпбелл, Сатоши Омура мен Ту Юю есімді бактериолог ғалымдар медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының 2015 жылғы лауреаттары атанса, Артур Б. Макдональд пен Такааки Каита есімді физиктер нейтринді осцилляцияны ашқаны үшін ең беделді сыйлыққа ие болды.
Әрбір Нобель лауреатына 8 миллион швед кроны (953 мың АҚШ доллары) көлемінде сыйақы беріледі.
Ж. Өрісбай